ТОП

Абайды аралап, Қонаевта қонақ болды

Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен «Наурыз  мерекем, Наурыз  берекем» мерекелік шарасы ерекше сән-салтанатпен өтті.

– Қала тұрғындары Аманжолов университетінде дәстүрлі түрде өтетін Наурыз мейрамын тағатсыздана күтеді. Өйткені бұл мереке оқу орнында ерекше деңгейде өтеді. Наурыз – бір ай бойы атап өтілетін мереке, сондықтан бүгін өңірдің жетекші жоғары оқу орны ақсақалдар мен әжелердің, оқытушылар мен жас ұрпақтың қатысуымен бірлік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деп атап өтті іс-шараға қатысқан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Салтанатты шараның алдында қонақтар университет ішінде жаңадан құрылған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығымен, №8 оқу корпусында орналасқан Ұлттық зертхана, «Инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының қызметімен танысып, ғылыми жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдады.

– Осымен үшінші жыл қатарынан ұлық мерекеміз – әз Наурызды атап өтіп отырған Аманжолов университетінің басты мақсаты –  халықтың береке-бірлігін, ынтымағын көрсету, жастардың білімі мен ғылымын, өнерлерін паш ету. Бұл игі дәстүрді қолдап келген барша қонақтарымызға алғыс білдіреміз! Әз Наурыз әр шаңыраққа құт-береке, қуаныш пен бақыт ала келсін. Армандар орындалып, үміттер ақталсын! Жаңа Қазақстанды құруда дамудың жаңа даңғылына бастаған мемлекетіміз өркен жайып, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Университет студенттері мен қызметкерлері «Наурыз – береке-бірліктің бастауы» атты мерекелік концертте ән-биден шашу шашып, қазақ халқының ұлттық ойындары – қой көтеру, арқан тарту, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақтан сайыстар өткізді. Салмағы 52 келі қойды 80 рет көтерген университет түлегі Құрбанбек Түсіген жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген сол қойды иеленді.

Көпшіліктің назарына көпұлтты еліміздің бірлігі мен келісімін айғақтайтын «Ұлы даланың қолөнері» атты көрме ұсынылды.

Қонақтар ұлы Абай мен Ыбырайдың, Қаныш пен Дінмұхамедтің, Сәрсен мен Қанипаның ауылдарын аралап, қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерде ел дамуында орны бөлек ұлы тұлғалардың ғұмырнамасы мен еңбек жолы туралы ақпараттар алды. Шара барысында «Үздік ауыл» мен «Ерекше ұлттық киім» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Ақ жаулықты аналар мен арулар «Бауырсақ party» байқауында ұлттық ас әзірлеуден сынға түссе, ақсақалдар мен бозбалалар бата беріп жарысты. Ал ақындық өнері бар студенттер айтысқа қатысып, жүлделі болды.

Мерекелік шарада жылдар бойы Аманжолов университетімен етене жұмыс істеп келе жатқан «Үміт» балалар үйінің өнерпаздары да өнер көрсетіп, жиналған жұртшылықты құттықтады.

–  Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Осыдан 31 жыл бұрын Өскемен педагогикалық институты университет ретінде қайта құрылды. Ол Шығыстың ғана емес, бүкіл егемен еліміздің алғашқы университеті, Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы екенін атап өткім келеді. Бұл сіздер үшін, болашақ ұрпақ үшін шешуші қадам болды, – деп құттықтау сөзін арнаған университеттің тұңғыш ректоры Ережеп Мәмбетқазиев биылғы оқу жылында ерекше көзге түскен университет қызметкерлері мен белсенді студенттерді Алғыс хатпен марапаттады.

Бұдан бөлек жатақханалар арасында өткен «Үздік студент үйі» сайысының қорытындысы шығарылды. Мерекелік шара студенттердің би кешімен жалғасты.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Университет ректоры айтып өткендей, білім ордасы жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету және қазіргі заманғы нарықта сұранысқа ие кәсіби мамандарды даярлау үшін барлық жағдайды жасап келеді. Университет республикалық рейтингте еліміздің 130 жоғары оқу орнының ішінде алтыншы орында болса, әлемдік рейтингте «А» санатындағы университеттер тобына жатады.

Биыл университетке түскен үш мыңға жуық талапкердің 900-ден астамы бюджеттік орындарға түскен. Бұл ретте облыс әкімдігінің көмегін атап өткен жөн. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен өңір мектептерінің түлектеріне 400-ге жуық грант бөлінді. Олардың жартысынан көбі өңірде сұранысқа ие мамандықтарды қамтиды.

Айжанат Бақытқызы     

 

 

Осы айдарда

Back to top button