Абайдың 45 өлеңіне ән шығарған сазгер
Абай атындағы кітапханада абайтанушы, халық композиторы, қолөнер шебері Арғынбек Ахметжановтың 80 жасқа толған мерейтойына орай «Рухани жол: Абай. Ән-мұра» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Шараға қаланың зиялы қауым өкілдері, шығармашылығына тәнті оқырмандар, студент жастар, оқу орындарының кітапханашылары, мерейгердің туған-туыстары қатысты.
Қаламгердің бұл кітабы ұлттық дәстүр, ел шежіресі, абайтану, адамгершілік мұраттары сияқты тараулардан тұрады. Арғынбек аға – 65 ән-романстың авторы, оның 45-і Абайдың, екеуі Шәкерімнің өлеңдеріне шығарылған.
-Ағамыз осы уақытқа дейін 100-ден аса домбыра жасап, «Әл-Фар-а» атты жаңа аспап құрастырып, ұлттық аспаптар қатарын толықтырды, – деді тұсаукесерде сөз сөйлеген кітапхана қызметкері Светлана Орынғазықызы, әдебиетте де, қолөнерде де оза шауып, көш басында жүрген мерейтой иесінің бұл кітабының ғылыми-танымдық маңызы зор.
Тұсаукесерде «Ұлылар аманатын арқалаған» атты кітап көрмесі жасақталды. Онда сазгердің ұстаздарының, әр жылдардағы әріптестерінің, өнердегі достарының фотолары, Абай мен Шәкерімнің ән, дастан мұралары, автордың ән романстары, ол жөнінде мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар, шебердің қолынан шыққан музыкалық аспаптары қойылды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.