Қоғам

Абайдың 170 жылдық мерейтойы қалай өтеді?

Абайдың 170 жылдық мерейтойы қалай өтеді?

Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойының Семей қаласында қалай өтіп, қалай тойланатыны белгілі болды деп хабарлайды облыстық ақпараттық орталығы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың сұхбатына сілтеме жасап. Мерейтойға қатысушылардың әрқайсысы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы классиктің өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік алмақ.

Жалпы, данышпан ақын, ұлы ойшыл әрі ағартушының рухани мұрасының қазақстандық қоғамды жаңғыртып, жаңартудағы рөлі өте зор. Осыған орай, 6-тамызда Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Абай және әлемдік өркениет» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарлануда. Оған өз еліміздің ғана емес, жақын және алыс шетелден әдебиетшілер мен лингвистер, ақын шығармаларын өзге тілге аударушылар мен мәдениеттанушылар, тарихшылар мен педагогтар қатыспақ. Ал «Абай» атты деректі фильмнің тұсаукесерінде осы уақытқа дейін әдеби ортада айтылмаған ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көп дүниенің беті ашылмақ. Бұл деректі фильмді жерлесіміз, «Дарын» және «Серпер» сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезек түсіріпті. Фильмді түсіруге қаржы мемлекеттік тілді дамыту қорынан бөлінген.
Сондай-ақ, Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрында «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты шара өтіп, меймандар А.Құнанбаев шығармалары желісі негізінде қойылған театрландырылған көрініс пен концерттің куәсі болмақ.
Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған мерекелік шерулердің жалғасы келесі күні ақынның туған жері – Абай ауданында жалғасын табады. Мұнда да қонақтар Абай ауданын аралап, этнауылды, мұражай үйін, «Абай-Шәкерім» мемориалды кешенін, «Еңлік-Кебек» үңгірін тамашалайды. Сонымен қатар, аудан орталығы Қарауылда Мамай батырға ескерткіш ашылып, қазақ күресі бойынша Қазақстан чемпионаты, Жорға жарыс, аламан бәйге, «Абай тойының бас балуаны» атты шаралар өткізілмек.
Қарауылдағы аудандық мәдениет үйінде өтетін «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты ұлттық ақындар айтысы да Ұлы Абайдың 170 жылдығын тойлаудағы үлкен шаралардың бірі. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 12 үздік ақын қатыспақ. Олардың арасында Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазин, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева және тағы басқалар бар.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, биылғы жылы мерейтойды тойлаудың ауқымы ғана кеңейген жоқ, өткізу форматы да өзгеріпті. Тойдың негізгі мақсаты – ақын жайында көп біліп, өмірі мен шығармашылығының белгісіз қырларын зерттеуге, танып-білуге мән беру.
– Абай тек қана біздің өңірдің ғана ірі тұлғасы емес, ол – адамзаттың Абайы. Оның мұрасын зерттеумен ондаған жылдар бойы әлемнің ғалымдары мен әдебиеттанушылары, лингвистері айналысып келеді. Еліміздің мәдени әрі тарихы орталығы Семейге әртүрлі саланың, әртүрлі ұлттың өкілдері жиналмақ. Олардың барлығының мақсаты бір арнаға тоғыспақ. Ол – ақынның ұлылығын терең тану. Алаштың рухани астанасына келген әр адам өзінің білім қорын толықтырып, мәдениет пен тарихтың бірегей ескерткіштерімен таныспақ. Әсіресе, олар үшін Бөрілі-Жидебай сапары өте пайдалы болмақ, – дейді Жақсылық Омар.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button