Қоғам

Абайда асыл тұқымды шаруашылықтар көбейіп келеді

  Абайда асыл тұқымды шаруашылықтар көбейіп келеді

Иә, ұлылар мекені атанған Абай ауданының орны бөлек. Берекесі жарасқан Абай елінде үстіміздегі жылдың он айында қандай оң өзгерістер болды? Өңірдің әлеуметтік- экономикалық даму деңгейі қандай? Өскемендегі облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте бұл туралы журналистерге аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков баяндап берді.

Ауданның экономикалық дамуының негізгі бағыты – мал шаруашылығы екенін, абайлықтардың өз нәпақасын негізінен осы ата кәсіптен тауып отырғандығын аудан басшысы сөзінің басында-ақ ерекше атап айтты. Ағымдағы жылдың 10 айында мал өнімдері: ет, сүт, жұмыртқа өндіру артығымен орындалыпты. Ауданда асыл тұқымды шаруашылық саны артып, оның саны 37-ге жетіпті. Биыл мал тұқымын асылдандыру мақсатында аудандағы 49 шаруа қожалығы 97 бас ет бағытындағы қазақтың ақ бас асыл тұқымды бұқаларын сатып алған.

Облысымызда «Сыбаға», «Жайлау» сынды бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылып жатқан өңірлердің бірі де осы Абай ауданы. Аудан әкімінің айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011 жылы 10, 2012 жылы 13 шаруа қожалығы несие алған. Ал биыл 130 миллионнан астам теңгеге 707 бас ірі қара мал сатылып алыныпты. Жалпы «Сыбаға» бағдарламасы іске асқалы бері 340 млн. 196 мың теңге игерілген. Ал өткен жылы «Жайлау» бағдарламасы бойынша 50 миллион теңгеге аудандағы 20 шаруашылық жиыны 2 мың бас қой сатып алған көрінеді.
Аудандағы асыл тұқымды шаруашылықтар субсидиямен де қамтылып отыр. Қазіргі күні Саржал ауылындағы қымыз өндірушілерге 1 литр үшін 60 теңгеден субсидия беріледі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 23 адам 21 миллионға жуық теңгенің несиесін алыпты.
Бір қуантарлығы, қазіргі күні абайлықтар қой жүнін жуып, өңдейтін ірі жобаны іске асыруда. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Қазіргі күні 60 тоннадай жүн жуылып, әзір тұр. Десе де оны сыртқа сатуда мәселелер де бар. Облыстағы бірқатар өңірлерде аусыл ауруының шығуына байланысты жуылған жүнді Ресейге сату тоқтап тұр. Содан кейін шайырды да кәдеге жаратып ланолин өндіру жобасы да іске асырылмақ.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 4 жоба іске асырылып, «Исламбек», «Қасқабұлақ», «Атамекен», «Қайсар», «Би ата» сынды шаруа қожалықтары инженерлік инфрақұрылымын дамытыпты.
Аудан әкімі брифингте елімізде тұңғыш рет өткен халықаралық «Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесінің маңызын да ерекше атап өтті. Жәрмеңкеде барлығы 404 бас ірі қара, 53 мың қой, 56 бас жылқы саудаланып, құны 1 млрд. теңгеге жуық 115 келісімшартқа қол қойылыпты. Аудан әкімі бұл жәрмеңке алдағы уақытта жалғасын табуы тиіс деп санайды.
Табиғи қуат көздерін пайдалану мақсатында Құндызды ауылында желден жарық алатын арнайы қондырғылар орнатылыпты. Мұндай бастама басқа да ауылдық округтерде жалғасын табуда.
Әкім сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы, біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау барысын да баяндады.
Жыл басынан бері 172 жұмыс орны ашылған. Тұрмысы төмен отбасылар саны небәрі 25 болса, жұмыссыздық деңгейі – 0,7 пайыз.
Аудандағы Қасқабұлақ, Көкбай, Саржал сынды тірек ауылдарында да атқарылған игілікті жұмыстар жетерлік. Мысалы, Саржал ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жалпы құны 778 млн. теңгелік 300 орындық жаңа мектеп ғимараты салынуда. Мұндағы мемлекетке тегін қайтарылған, құрылысы аяқталмаған сауда үйін ауылдық клубқа айналдыру үшін қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталу үстінде екен. Жалпы, ауылдағы клубтардың жабдықтары, музыкалық аппаратуралары, киімдері «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында қайта бүтінделіп жатыр. Аудан әкімі өз сөзінде:
– Біздің негізгі мақсатымыз – аудан дамуында тірек ауылдары мен өзге ауылдардың айырмашылығын болдырмау. Әрине, тірек ауылдары облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Бірақ шамамыз келгенше өзге елдімекендерді де қалдырмай, барлық ауылдардың өркендеуіне қол жеткізу, – деді.
«2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша Қарауыл ауылындағы үш қабатты 27 пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтіпті.
Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков облыс басшысының бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында бүгінгі күнге дейін 146 млн. 750 мың теңгенің 29 жобасы іске асқанын да жеткізді. Белгілі меценат Медғат Құлжановтың демеушілігімен аудан орталығында болашақ ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін жалпы құны 120 млн. теңге тұратын спорт кешені бой көтеруде.
Сонымен қатар, әкім аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының да жай-күйіне тоқталып өтті. Былтырғыдан бері аудандық емхана бірлестігінің дәрігерлері барлық ауылдық округтерге барып, тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізуде. Осының нәтижесінде тұрғындардың ауру-сырқау көрсеткіштері біршама жақсарыпты.
Баяндамадан соң, аудан әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

– Абай ауданы – Абай, Мұхтар, Шәкерім сынды үш алыпты дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Ауданда туризмді дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Ауданда туризмді дамытудың арнайы бағдарламасы бар. Десе де бір ескерерлігі, туризм деген бір күнде табыс әкелетін сала емес. Бұл саладағы табыс пен жетістіктің бәрі уақытпен келеді. Ендеше шыдамсыздық танытудың әсте қажеті жоқ. Туризмді дамытуда жетіспейтін дүниелер де жетерлік. Кәсіпкерлеріміздің қаражаты да болмай жататынын жасырмаймыз. Десе де келесі жылы арнайы бір туристік фирма құруды ойлап отырмыз. Жазда Бөріліге, Жидебайға, Қоңыр әулиеге келетіндердің қарасы көп. Сол туристердің барлығы да қасиетті жерге бару үшін сыртта жүрген біреулерді жалдайды. Келесі жылдан бастап біз бұл шаруаны өзіміздің азаматтарға жүктесек деп отырмыз.

– Сіздің Абай ауданының әкімі болғаныңызға екі жарым жылдай уақыт болыпты. Осы мерзім ішінде Абай ауданы, оның халқы туралы көңіліңізге не түйдіңіз?

– Абай ауданы – қасиетті жер. Сөз ұғатын, сөзге ерекше мән беретін ел де осында. Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін еңбекқор. Адал іске әділ бағасын береді. Жалпы, Абай, Шәкерім, Мұхтарды дәріптеу – абайлықтардың ғана емес, исі қазақ баласының міндеті, парызы деп білемін.

– «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауданда қандай шаруалар тындырылып жатыр?

– Облыс басшысының бастамасымен іске асырылған бұл акцияға биыл 5 жыл толды. Аудан көлемінде талай жұмыстар атқарылды. Десе де біз осы туған жерінің түлеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді марапаттап, көтере де білуіміз қажет деп ойлаймын. Кеудесін ашып, көкірегін оятсақ қана, олар келесі істі қолға алуға ынталы болады. Мысалы, меценат Медғат Құлжановтың 120 миллионға спорт кешенін салып жатқанын жоғарыда айттым. Бір адамның өз қалтасынан осынша қаржы шығаруы, әрине, оңай емес. Сондықтан да оларға «бер» деп бұйырмай, тең дәрежелі серіктес ретінде тілін тапсақ қана, іс алға жылжиды.

– 2008 жылы Саржал ауылына жедел жәрдем көлігі берілген болатын. Бірақ тұрғындардың айтуынша, осы көлік жиі сынып қалып, қандай да бір қиындықтар тудыратын көрінеді. Осы мәселе қалай шешімін табады?

– Бұл мәселені естуім бар. Барғаннан кейін тағы да анығын білейін. Рас болса, облыстық денсаулық басқармасы арқылы жаңа көлікке қол жеткізуге болады деп ойлаймын.

– Осыдан бес жыл бұрын Жидебайға келген туристерге қызмет көрсететін кешен салынып, оған сол кездегі Абай мұражайының директоры қарсылық танытып, сүріліп тасталсын деп еді. Сол орталықтың тағдыры не болды?

– Қыруар қаржыға салынған кешен бұзылмауы тиіс. Десе де оны қонақүй ретінде емес, алдағы уақытта ғылыми орталық ретінде пайдалансақ болады.

– Абай ауданындағы киелі орындардың бірі – Қоңыр әулиенің басы. Осы қасиетті жерді таза ұстау кімнің міндеті?

– Жыл сайын көктем шыққанда және күзге таяу Семейдегі «Жасыл ел» штабы Қоңыр әулиенің басын қоқыстан тазартады. Соның басында отырған адамдарға да біз тазалық сақтауды үнемі есіне салып отырамыз.

– Жаңа өз баяндамаңызда ауданда жүн жуатын кәсіпорынның ашылғанын, ондағы өнімді шетелге шығаруда белгілі қиындықтар туып отырғаны туралы айттыңыз. Дайын жүнді шетелге шығармай, неге өзіміз шұлық немесе басқа да халыққа керекті дүние өндіретін зауыт ашпаймыз? Оған мүмкіндіктеріңіз жете ме?

– «Әттең, тонның келтесі-ай» дегендей, оның бәрі де қаражатқа байланысты шешілетін дүние ғой. Көршілес Шұбартауда киіз шығаратын цех бар. Олар бізге «дайын жүндеріңізді бізге уақытша пайдалануға бере тұрсаңыздар, кейін қайтарып береміз» деген ұсыныспен шыққан болатын. Бірақ, қазір бір нәрсеңді біреуге тегін бере салатын заман емес қой. Бұл – нарықтың заманы. Несиені қалай жабамын деп отырғанда, қаншама жүнді біреуге қалай ұстатып жібересің. Ертең ол қайта ма, қайтпай ма? Көңілде күмән да көп. Сондықтан да біз жуылған дайын жүнді шұбартаулықтарға беруге қорқақтап отырмыз. Егер қаражатын беретін болса, келісуге болады. Қазіргі күні көптеген аудандардың шаруашылықтары бізге өздерінің жүндерін өткізіп жатыр.

Ауданның даму көрсеткіштері

Абай ауданы облыстағы аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық рейтингіне сәйкес биылғы 9 айлық көрсеткіштері бойынша 3 орында, ал, 10 ай қорытындысы бойынша 2 орында тұр.
Аудан бойынша 316661 бас қой мен ешкі (100,1%), 43454 бас ірі қара (104,0%), 22863 бас жылқы (103,8%), 139 бас түйе (105,3%) бар.

Негізгі капиталға инвестиция көлемі осы мерзімге 1012,1 млн. теңгені құрап, 121,8 пайызға орындалды.
Жергілікті бюджет кірісінің жоспары 2011 жылы 107,0 пайызға, 2012 жылы 101,8 пайызға артық орындалса, 2013 жылы 100 пайызға орындалады.

Аудан көлемінде халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші – 76,7 пайыз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button