Қоғам

Абайға апарар қара жол қашан жөнделеді?

Күн тас төбеден ауғанда Семей қаласынан Абай ауданына тартып кеттік. Қасиетті Қарауылға апаратын қасқа жолдың шыға берісіндегі «Абай жолы» деген жазуды оқығанда «расымен де Абайдың табаны тиген киелі топыраққа бара жатыр екенмін-ау» деген тәтті ой келді.

Абайға апарар қара жол қашан жөнделеді?1995 жылы ақын атамыздың 150 жылдық тойына орай тақтайдай болып, жөндеуден өткен асфальт жолмен зымырап келеміз. Астымыздағы еуропалықтардың қолданысынан кейін орыс отандасымыз қызығын көріп, ақыры қарауылдық таксишіге бұйырған «Аudi 80» көлігіне қанат біткендей жүйткиді…

Кенет Күшікбай асуы алыстан мұнарланып көріне бастағанда тақтайдай жолымыз шұрық-тесік, қырық жамау болды да кетті. Бағанадан бері 90 мен 120-ның арасын көрсетіп келе жатқан жылдамдық көрсеткіштің тілі 40 пен 60-тың арасында сызылып, тұрып алды. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, айналасы бір сағаттың ішінде адымымыз ашылмай, діңкеміз құрып, мазамыз кетіп-ақ қалғаны. Кедейдің қара қосындай, жолдың бір бөлігінің кейбір жері жамалған, кейбір жері шұрық-тесік болса, келесі бөлігінде асфальт жабыны деген атымен жоқ. Кәдімгідей борпылдап, миы шығып жатыр.

Такси жүргізушісіне «Мынандай жолмен қайтіп жүрсіздер?» десем, ол сабырлы қалпынан бір айнымай: «Үйреніп алғанбыз, оның үстіне осы бір 60-70 шақырымы ғана бүлінген, қалған жерлері теп-тегіс» деп қояды. Сөзінің шындыққа жуық екеніне Күшікбай асуынан біраз ұзаған соң көзіміз жетті. Жолдың қалған бөлігі анау айтарлықтай бүліне қоймапты.

Гәп мынада екен. Күшікбай асуына жеткенде жол шетінде әрбір жерде «аяқ суытып» тұрған батпандай МАЗ жүк көліктерін көрдік. Бұлар Аягөздегі «Alina D» ЖШС филиалына Күшікбай асуының маңынан «Alinex» құрғақ кұрылыс қоспаларын өңдеуге қажет 0,71, 0,5, 0,315 маркалы мәрмәр ұнтағын таситын көрінеді. 2005 жылы құрылған кәсіпорын жеті жыл бойы әк шығарып келсе, 2009 жылдан бастап асфальт-бетон қоспаларына арналған минералды ұнтақ шығара бастаған.

Хош, сол МАЗ жүк көліктері толтыра әк тиегенде бір осіне 14 тонна салмақ түседі екен. Ал пайдалы қазба орны ашылмақ түгілі, оны игерушілер дүниеге келе қоймаған кезде жобаланған мына жол тек алты тоннаға дейінгі салмақты ғана көтере алады. Бұл жөнінде бізге Қарауылдың тумасы, облыстық мәслихат депутаты Тасболат Битенов айтып берді. «Дерикар» ЖШС-нің директоры Семей – Қарауыл тас жолын жөндеу тендерін ұтып алғандарын айтады. Биыл жолдың 32 шақырымына орташа жөндеу жүргізілмек екен. Осы жолды жөндеу барысында серіктестік облыстық бюджеттен бөлінген 220 млн. 800 мың теңге ақшаны игермек көрінеді. Депутат арнаулы бригада жұмысқа кірісіп те кеткенін еске салды.

«Жолдарды қанша жөндегенмен, ауыр жүк тиеп алып, жолға тас кенеше жабыса жылжыған көліктерден құтылмаса пайда қанша?» деген уәжімізге Т.Битенов былай деп жауап қайырды.

– Ол жөнінде біраз жұмыс жасадық. Оған жол сақшыларының еш шамасы келмейді екен. Ауылдың зиялы ақсақалдары бар, бәріміз жиналып Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментіне хабарласқанбыз. Сонда ақсақалдарымыз шулап, «жолдың бәрін құртты ғой» дегенде, құзырлы орын өкілдері «жалпы қолданысқа ие жолдар» деген статус бар екенін айтқан. Сондықтан олардың әлгі МАЗ-дарды жолдан шығарып тастап, қара жолға салып қоюға құқылары жоқ. Мұның бір ғана амалы: жолдың үстіне көлік салмағын өлшейтін таразы қою қажет. Таразы қойып, айыппұл салған болсақ, олар өздері-ақ қашар еді. Бірақ ондай таразылар өте қымбат тұратын көрінеді.

Бұл жауапқа көңіліміз көншімегесін «жолдың статусын өзгерту жөнінде мәселе көтеруге болмас па еді?» деген сауал қойғанбыз. Ол «оған енді үкіметтік қаулы немесе Парламент заң шығару керек шығар» дегенді айтты.

Не десек те, қара жолдың азабын қарапайым халық тартуда. Бірі діттеген жеріне жете алмай, жол ортада жаяу қалса, бірі жиі шағылатын көлігіне қосымша бөлшек таппай Семейде сандалып жүргені.

Ертең осы өңірге Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығын тойлауға алты алаштың игі жақсыларымен қоса ЮНЕСКО өкілдері де шұбырады. Сонда «Абайдың тойында көрген тақтайдай жолдың ту-талақайын шығарыпты ғой» деген ой олардың бірінің болмаса да, бірінің ойына келері анық. Бұл – бір Абай ауданының ғана емес, барша облыстың абыройы таразыға түсетін мәселе. Біз аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ілдебаевқа осы сауалды қойғанымызда оның бөлім бастығына сілтей салғаны көңілге кірбің түсірді. Содан кейін санамызда «Елді ойламаса да, өзі осы жолмен облыс орталығына қатынамай ма екен?» деген таңданыс қалды. Бұрынғылар «Кемедегінің жаны бір» деуші еді, бүгінгілердің кеме суға батса да, өзінің қара басы аман қалатынына соншалықты сенімділіктеріне қайран қалмасқа шара жоқ…

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button