Руханият

АБАЙ ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ПІКІР БІЛДІРГЕН ШЕТЕЛ ЖАЗУШЫСЫ КІМ?

      АБАЙ  ТУРАЛЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ ПІКІР БІЛДІРГЕН ШЕТЕЛ ЖАЗУШЫСЫ КІМ?
130 жылдан астам тарихы бар Семейдегі облыстық кітапхана тарихи – мәдени ошақ. Ұлы Абай бұл кітапхананың тұрақты оқырманы болған. Алғашында қоғамдық кітапхана есебінде оқырман қуанышына айналған мәдени ошақ бүгінде дамыған, жетілген ғылыми – мәдени орталық дәрежесін иеленіп отыр.
Кітаптың өркениет тарихында алатын орны баршамызға аян. Базғы ой иелерінің бағамдауына қарағанда кітап дәуір мен дәуірді тоғыстыратын, туыстырып жіберетін сиқырлы күш. Кітап – ақылшы, өткеніңді көз алдыңа әкелетін, болашағыңа қиырдан көз тастауға үйрететін қамқор тәрбиеші. Жақсы кітапты оқу – адам жанының ізгіленуіне, ақыл парасатының мейлінше жан – жақты қалыптасуына көмектеседі. Ұлы Абайдың: «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деуі кездейсоқ айтылған пікір емес. Тағы да Абайдың: «Бір ғылымнан басқаның, бәрі де кесел асқанға», – деуі әр оқырманды ойландырса керек.

Жазушы кітапханасы – зерттеушілер назар аударуға тиісті ең күрделі, әрі маңызды проблемалар санатында. «Қаламгердің жеке кітапханасында қанша кітап болған, қандай бағыттағы басылымдар, қайта – қайта «ақылдасатын» шығармалары, көбірек белгі салған, сұрақтар мен ой сілемдерін қалдырған кітаптары бар ма екен?» деген сауалдар тізіліп өтіп жатады. Кітап жинау да, оны оқу да өнер. Сөз шығармашылық иесіне ауысқан кезде мәселенің маңыздылығы тіпті арта түспек.

Абайдың жеке кітапханасының жиналу тарихы ой жеткізбейді ғой, шіркін?! Алдымен, Семей қаласына келіп жүргенде қоғамдық кітапханадан басталған жол қаладағы некенсаяқ кітап дүкендеріне тірелгендігі хақ. Уақытша оқуға алып кететін кітап, журналдарға қосымша, дүкендерден сатып алған қымбатты қазыналарының болғандығы анық. Ұлы ақын жөнінде естелік қалдырған есті адамдардың деректеріне қарағанда, оның жеке кітапханасы болған.
Тұрағұл Абайұлы: «Таңертеңнен кешке шейін, көбінесе кітабын оқиды да ара – тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды», – деп ерекше мән бере тиянақтайды. Көп оқығандығына, жемісті шығармашылық еңбек жасағандығына дәлел.
Абайдың інілері, балалары оның жеке кітапханасының үнемі толығып отыруына назар аударған. Мысалы, Омбы кадет корпусында, Мәскеуде кавалерийская школада оқыған інісі Халиолла Өскенбаев жыл сайын елге демалысқа келгенде кітаптар ала келуді әдетке айналдырған. Ол туралы Әбіш Жиреншин: «Жазғы демалыста елге келгенде Халиолла астанадан қойын – қонышы толы көптеген кітаптар ала келетін болған. Осы кітаптарды үнемі оқып, Халиолламен іштей сырласып, пікір алысушы немерелес ағайындардың ішіндегі зерегі Абай болған» – деп нақты атап көрсетеді.

«Біздің елді алғаш «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді»

Абай – қазақ халқы ауыз әдебиетінің, шығыстың классикалық поэзиясының, орыс және дүниежүзілік әдебиеттің үлгілерінен мейлінше қана сусындаған. Қазақтың бесік жыры, шешендік толғаулары, мақал – мәтелдері, ертегілері, батырлық, ғашықтық жырларын жастайынан жанына серік еткен. Әрхам Ысқақов жазбасына қарағанда, онымен де шектелмей:
Шәкәрімге: «Сен мұңлы, зарлы, ескілікті әңгімені ұнатасың, сондықтан «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек», солардың басынан өткен қайғылы оқиғаларды жаз» дейді;
Көкбайға: «Сен біреуді дәріптеп, мадақтап, мақтауға ынталысың, сондықтан Абылай хан, Кенесары – Наурызбайлардың жорықтарын жаз» дейді;
Ақылбайға: «Сен суретшісің, елге аты әйгілі Қап (Кавказ) тауын және оны мекендеген қауіп – қатерден қорықпайтын ер черкес халқын суретте» дейді;
Мағауияға: «Сенің аздаған білімің бар, сондықтан бай мен құлдың ортасында өмір бойы үзілмей келе жатқан теңсіздікті, адамды малдан жаман қараушылықтың барлығын көрсет» – деп оқып, зерттеп қана қоймай, шәкірттері мен балаларына аталған сюжеттерге шығарма жазуды тапсырып, оқымыстылықтың, ұстаздықтың өнегесін көрсетеді.
Ақындық өмірбаянының бастауында Низами, Фирдоуси, Сағди, Хожа Хафиз, Науаи, Физули есімдерін еріккеннен ермек етіп тізбектемеген. Шығыс поэзиясының кәусарына кездесіп, шығыстық өрнектердің тұтқынына айналған жас Абай саналылықпен қабылдаған зор ғибрат, мол ләззат өлең жолдарында кестеленген-ді. «Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін, Жәмшіт, Қаһарман сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көрген «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елді «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді, – дейді Тұрағұл. – Орыс кітабындағы Густав әмір сықылды әңгіме кітаптарды оқып елді таныстырды, біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарына әуестеніп кетті».
Семейдегі кітапханада шөліркей оқып, молынан сусындаған, бұрын өзіне бейтаныс орыс, батыс классиктерінің шығармалары. Тесіле оқып, құныға зерделегені Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов, Салтыков-Шедрин, батыс қаламгерлерінен Гете, Шекспир, Шиллер, Гейне, Байрон, Бальзак, тағы басқалары. Оның үстіне батыстың ой адамдары, философтары, білімпаздарының еңбектерін шұғылдана оқиды.

Данышпанды дүние жүзіне танытқан – Джордж Кеннан

Қолайлы сәтті пайдаланып бір деректі ұсынғым келеді. Иә, ол дерек бізге бұрыннан таныс. Қайталаудың қажет еместігін ескертіп, қарсы пікір айтуға хұқылысыз. Американ жазушысы, саяхатшысы, журналисі, данышпан, Абайдың түйдей құрдасы Джордж Кеннанды (1845-1924) Семей қаласындағы саяси тұтқындармен әңгімелескенде шаһардағы көпшілік кітапханада құнды кітаптардың жинақталғаны және онда тұрғылықты халық арасынан шыққан зиялы оқырманның бар екендігі таң қалдырады.
Д.Кеннанның өзіне сөз берейік: «Г-н Леонтьев передал мне историю Семипалатинской библиотеки и выразил мнение, что она не только большое благо для ссыльных, но и возбуждает интеллектуальные интересы в городе. «Даже киргизы пользуются ею», – сказал он:
– Я знаю одного старика киргиза Ибрагима Конобая [ұғыңыз: Абай Құнанбаев – А.Е.], который ходит в библиотеку и читает даже таких авторов, как Дрэпер и Милль.
– Ну, Вы шутите! – воскликнул веселый студент.
– Нисколько, – холодно отвечал Леонтьев. – Сначала он и меня удивил, попросив у меня объяснения, что такое индукция и дедукция; но потом я узнал, что он усердно изучает английскую философию и читает в русском переводе, конечно, этих авторов».

Д.Кеннан еңбегімен танысқаннан соң, ең алдымен, жасамақ алғашқы ой – түйініміз, бұл – Абай туралы айтылған бірінші пікір, абайтанудың қарлығашындай лебіз. Және ежіктей түссек, Д.Кеннан еңбектері арқылы 1890 жылы Абай күллі әлемге танылған десек, ешкім қызғана қоймас.

Д.Кеннанның Семейде жер аударылғандармен кездесуі, Абай жөнінде әңгіменің өрбуі 1885 жылдың аяғы немесе 1886 жылдың алғашқы айлары. Д.Кеннан кітабы орыс тіліне аударылғанда «Сибирь и система ссылки», «Сибирь!», «Сибирь и ссылка» атауларымен шыққан. Алғаш Парижде (1890), онан соң Санкт–Петербургте (1906) баспа көрген. Соңғы басылымда «перепечатывается с берлинского издания» деген ескертпе бар. 1896 жылғыда ақын есімін толық келтірсе, 1906 жылғы кітапта «Ученый киргиз» [«Оқымысты қазақ» – А.Е.] деп жоғары баға берілген. Журналдық нұсқалары да жетіп, артылады. Бір сөзбен айтқанда, уақытында молынан таралған басылым екендігі, қазақ тіліне аударылса қазақ оқырманы қуанышқа кенелері сөзсіз.
Абайтанушы ғалымдардың еңбектеріне зер салсақ, Семей қаласы кітапханасының оқырманы Абай «Современник», «Русский вестник», «Вестник Европы», «Исторический вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Новости», «Новое время» журналдарын үнемі назарында ұстаған. Ресейде шыққан бұл баспасөз үлгілері барша әлемнің тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, ұлттық ұстанымдары жөнінде жан-жақты хабардар еткен баға жетпес құнды жәдігерлер еді. Болашақ ақынның озық ой жүйесінің қалыптасуына пайдалы ықпалын тигізгендігі сөзсіз.
Алғашқы оқырмандарының қатарында данышпан Абай тұрған қасиетті қара шаңырақ – Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының мерейлі істері жалғаса беретіндігі анық.

Арап Еспенбетов,
Шәкәрім мемлекеттік университеті, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Осы айдарда

Back to top button