Руханият

Абай төңірегіндегі әңгімеге келгенде ешкімге дес бермейтін

Абай төңірегіндегі әңгімеге келгенде ешкімге дес бермейтін

Алматыдан «Мүфтибек Рахымбай дүниеден өтті», – деген хабар алғанда, үнсіз өксіп отырып қалдым. Өлмейтіндей көргем. Тастан қашағандай еді. Артық қырым еті жоқ. Қаққан қазықтай тіп-тік. Қылыштай ақ мұрты келбетіне жарасып қана қоймай, көне түркі дүниесінен жаңа шыға келгендей кейіп беретін ерекше тұрпатты адам еді.
Ал ішкі дүниесі… Абай атам айтқандай «махаббат ғадауатпен майдандасқан». Титтей фальшты көтермейтін, шытырлаған. Аппақ кіршіксіз, сөйлесе, қара тілдің шешені, көтеріліп кетсе, бет қаратпайтын дауыл. Елінің арғы-бергі тарихы мен тағдырының ішінен өріліп шыққандай адам еді. Әсіресе, ұлы Абай төңірегіндегі әңгімеге келгенде ешкімге дес бермейтін. Шендессе, Семей өңірінде тірі данышпан атанған Бекен Исабаев қана шендесе алатын сұңғыла. Анау 32-ші жылғы алапат аштықтан сәби кезінде аман шыққан жансебіл, аузынан от шашқан жеті басты айдаһар атом зобалаңына кездейсоқ күймей қалған жанкешті. Сол сұмдықтардың бәрін жүрегінен өткізіп сараптаған кемеңгер, қысқасы «редкий экземпляр» еді. Жас алшақтығымызға қарамай қасып емес, көсіп айтатын қалжыңымыз болды. Мені көргенде, «Е, найманның қыртөшкесі, келдің бе?!» дейтін. Мен де қасарысып, «Уа, арғынның тасшайнары, ассалоумағалайкем!» деп, шаужайынан алып жатушы едім.
Ес білгенде әкем Жырғал сақал-шашы аппақ кісі еді. Әкемнің бесінші қатынынан туған тоқалдың баласы болсам да, ыңғай шалдардың арасында ер жеттім. Соның арқасында көшелі сөз бен көне тарих, өлең-жырға кенеліп өстім. Мен ер жетіп, ат жалын тартып мінген кезде сол шалдардың барлығы дүниеден өтіп кетті де, аяқастынан жетім болып қалдым. Өңшең бір шаруақор, пысықай, Мүфтибек ағамыздың тілімен айтқанда «қыртөшке» шалдар қалды да, оларды мен менсінбедім, мені олар менсінбеді. Осындай жетімек күй кешіп жүргенде кездескен – Мүфтибек Дегдар еді!
Жоғарыда мен білген мінезіне қарамастан Мүфтибек ағамыз, тіпті, олардың бар ұрпағы «біз Мүрсейіт ұрпағы едік» деп өздерін дәріптеген емес. Алғаш Мүрсейіт атын өз басым Қайым ұстаздың аузынан естідім. Лекцияда Абайдың текстологиясы төңірегіндегі әңгімеде «Мүрсейітті білуші ме ең?» деді. Ауылдан келген тірәктіріс мен қайдан білейін?! Бақырайып бетіне қарадым. Көсіліп жөнеледі. «Әуелі Ғабитхан молда мен Кішкене молда, 1882–1895 жылдар арасында Абай өлеңдерін алғаш көшірушілер, қысқасы ақынның «хатшысы» болғандар. Ал 1896 жылдан бастап Мүрсейіт бастатқан бала оқытатын молдалар Дайырбай, Самарбай, Ыбырай, Қасен, Махмұт» деп тағы кімдерді шұбыртып айта жөнелетін. Сөйтсек, Мүрсейіттің шөбересі Зүбайда Мүфтибекова деген көзі бақырайған қыз бізден бір курс жоғары оқиды екен.
Мен Мүфтибек ағамды сол студент кезімізде алғаш көрген едім. Мүфтибектің қызы Зүбайдамен бір бөлмеде тұратын Бәтимаш Нұрғалиева, Мәкен Ахметжанова деген қыздармен араласа бастаған кезім еді. Жазғы сессияның уақыты. Семей жарықтықтың қысы қақаған суық, жазы қайнаған ыстық болады. Әлгі сұлулардың группасы емтихан тапсырып жатқан. Мен де қылқиып қастарынан шықпаймын. Қасымыздан қараторы, етжеңділеу дембелше, егделеу адам неше қайтара арлы-берлі өтіп, біреуді іздеп жүргендей көрінді. Үстінде сол кездің модасы – ақ нейлон көйлегі бар. Ыстық күнде скафандр дерсің. Басын ұстарамен тақырлап қырғызған екен, шып-шып терлеп тұр. «Дәу де болсаң қыр қазағысың. Әкелген қойыңды беруге бір мұғалімді іздеп жүрген шығарсың?!» деген қияс ойды қиянға жіберіп мен тұрмын. Сұлулар болса емтиханға кіретіндіктен конспектілерінен бас алмай тұқиып қалған. Зүкен (Зүбайда) «Менің ағама қатты ұқсайтын кісі екен» деп күбірледі де, емтиханға кіріп кетті. Бұл емтихан әлгі сұлулардың соңғы курсының сессиясы болса керек. Емтиханнан шығып, әркім өзіне тиесілі бағасын алған соң, көңілді кейіпте, «қыздардан бір дұрыс шай ішетін болдым» деген оймен жатақхананың алдына келсек, әлгі «тақиялы періште» сол жерде тұр екен… Қысқасы, әке мен баланың шұрқырасуы. Зүбайда бағанағы оқу корпусындағы оқиғаны да айтып жатты… «Әкесін танымаған дәп әкеңнің аузын!..» деп әкесі көскитіп-ақ жібергені. Мүфтибек деген осы екен. Әкем Жырғал боқтықтың неше атасын білуші еді. Өзім де әскерден біраз боқтық үйреніп келген кемел кезім болатын. Мүфтибек ағамызға қатты риза болып, бірден құлап түстім.
Осы ағамыздың кісікиік қызы қазақ күресін ғылыми жүйеге түсірген бүгінгі белгілі ғалым Елемес Әлімхановпен тұрмыс құрды. Бұлар алғашында Мақаншының Көкталында тұрды да, Мүфтибек ағамызбен сол аймақта қайта кездестік. Сол кезде менің қатарластарым преферансқа жаңа-жаңа ауызданып жүрген кезіміз. Мүфтибек ағамыз бұл ойынның мәстірі екен. Ең кереметі, бұл ойында адамның мінезі жарқырап көрінеді. Қу да, зымиян да, жомарт та, мәрт те, керек болса алаяқ та, аз уақыттың ішінде осында танылады. Таныдық, ұстараның жүзіндей өткір, өтің жарылса да турасын айтатын, осы мінезімен айналасын ықтырып отыратын кереметтің өзі екен. Ал енді білгірлігі, әсіресе, Абай төңірегінде – телегей теңіз. Таңды таңға ұрып, қанша әңгіме шертістік.

ҚОДАР-ҚАМҚА ОҚИҒАСЫ ХАКІМ ТУҒАННАН БҰРЫН БОЛҒАН

Қайымның шәкірті ретінде өзімді абайтанушымын деп кеудеммен жер соғатын мен кісіме кездеспей жүр екенмін. Құнанбай заманындағы «Қодар–Қамқа» оқиғалары бар шындығымен мен үшін осы кісінің аузынан ақтарылды. Тарихи шындық пен көркем шындық деген мәселеге осы ағама неше қайтара сұрақ қоя, қазып отырып, өз көкірегіммен жеттім десем болады. Тарихи шындық сол, оқиға – Абай туғаннан бұрын болған. Көркем шындық сол – ұлы Мұхтар өзінің «Абай жолы» эпопеясында жас Абайдың образын аша түсу үшін социалистік реализм әдісіне сәйкес, әкеге баланы қарсы қоя отырып, оның Семейден қайтқан он үш жасының тұсына алып келді. Осы Мүкеңнің арқасында көзім жеткен, өзім жеткен бір шындық сол еді. Абайдың ерекше өлеңі – бір «Сегізаяқтың» төңірегіндегі Абай-Шәкерім шиеленісін (қақтығысын десе де болады), Әріп пен Әсетке айтылған сындар, жан досы деген Ерболдың опасыздығын тереңдетіп, таратып, тарқата айтушы еді Мүфтибек. Бірақ мен ұтылғам жоқ, ақырында ұтып шықтым. Менің ғылымдық таным дүниеме Абай төңірегінің, тобықты ішінің ел әңгімелері, тіпті Жұман қырт, Шәукімбай, Қиясбай әңгімелеріне дейін құйылып түсті. Дәулескер әңгімешілік, шешен тіл, кейбір уақытта сол кейіпкерлердің өзі болып сөйлеп кететін ділмарлық (артистизм), осының бәрі қайран ағамыздың бойынан табылушы еді. Алдымен Қайым, Қинаят, содан соң осы Мүфтибек ағамыз, кейіннен тағдыр кездестірген Бекен Исабаев пен Төкен Ибрагимов мені Құнанбай заманынан бері қалың тобықтының ішінде өсіп шыққандай етті.
Мен жазушы да, ақын да, тіпті әнші де бола алмадым. Менің бақытым – осылардың маған кездескені. Осыларды түсінгенім. Осылар арқылы ұлтымның тағдырын сезінгенім. Қасіреті мен шерін жүрегіме жиғаным, түйгенім деп ойлаймын.
Біз – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын өмірде болған ретінде, қаз-қалпында қабылдаған ұрпақпыз. Ал енді Абай төңірегіндегі аса ардақты есімдер – Мүрсейіт те, тіпті, Әуез қожа да романда айтылмайды. «Бұл қалай?» деушілер де жоқ емес. Ол бүгінде мәлім. Мұхтардың жаулары, жар астында бұғып отырған құдайсыз өкіметтің жандайшаптары «Бұл дегенің қожа-молдаларды дәріптеу!» – деп, ту көтеріп шығатындары анық еді. Мұқаң оған да жол бермеген ғой.
Айтпақшы, Мүфтибек ағамыздың менің өнеріме баға бергенін айта кеткенім артық болмас деймін. 1997 жылы Алматыда Үржар ауданының күндері өтті. Бұл тәуелсіздікпен бірге нарық келіп, ауыл тақырға тарс етіп отырып, қала дүрк көтеріле бастаған кез болатын. Ауданның білім бөлімінің тізгінін ұстап тұрған кезім еді. Әсіресе, өнер шіркіннің құрқұлаққа ұшырап тұрған уақыты болатын. Мұғалім деген халық – «Елің кім, жерің қайсы?!» дегенде ту көтеріп шығатын солар. Мен де барымды салдым. Сондағы неше күнгі өнеріміздің бәрінде Мүфтибек ағам жүрді. Ән де салдым, өлең де оқыдым, оркестрмен тойбастар да айттым. Мүфтибек ағамның барлығының соңынан берген бағасы – қасқайып тұрып: «Туһ, ит екенсің ғой!» дегені. Иә, одан басқа марапат күткен де жоқ едім. Өнер төңірегінде көп жылдар жүріп, өзім-өз болып, расында да, шын көңілінен айтылған ең жоғарғы бағам осы еді!
Біз бүгінде Мүфтибек, Әлімхан әулетімен құдай қосқан құдамыз. Менің тетелес ағам Серікбосынның кенже ұлы Дарын Мүфтибек пен Әлімханның немересі Нәркесті алып отыр, осылай, ағайын.
Ұлы Абай айтқан: «Дүние үлкен көл, Заман соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер, Кезегімен өлінер, Баяғыдай көрінер» деген осы болса керек.

Құсмілия Нұрқасым
Семей.

Осы айдарда

Back to top button