АБАЙ ТОЙЫ БАСТАЛДЫ
Эстафета Семейде жалғасты
Абай жылы басталды. Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік шарамен шымылдығы түрілген айтулы мерейтойдың эстафетасын өңірлер іліп әкетті. Ұлы ақынның кіндік қаны тамған Шығыс өңірі де бұл мән-маңызы терең, тағылымы зор жауапты істі алғашқылардың бірі болып бастап кетті.
Кеше Семейдегі Абай музыкалық-драма театрында керемет кеш өтті. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен өткізілген салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысып, бұл шараның ақын туған қасиетті жерде өтіп жатқаны аса маңызды екендігіне тоқталды.
– Абай тойы – рухани жаңғырудың өзегі. Барлығыңызды осынау қастерлі мерейтоймен құттықтаймыз. Ұлы Абайдың қайраткерлігі, таланты, өз еліне сіңірген еңбегі айрықша. Оның мол мұрасы – болашаққа бастар жол. Бүгін, міне, Семейде кешегі елордада басталған Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын жалғастырып жатырмыз. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен биыл облыстың әр қаласында, әр ауданында ақын тойы жоғары деңгейде аталып өтетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат.
Семей төріндегі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған салтанатты шарада «Астана Опера» театрының әншілері Жұпар Ғабдуллина, Медет Чотабаев, Ерлан Рысқали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Аңсар» вокалдық тобы, облыс әкімінің симфониялық оркестрі, Әміре Қашаубаев атындағы «Бибігүл» ұлт аспаптар оркестрі, өңірдің өнер ұжымдары мен әншілері тыңдарман жұртты әнмен әлдилеп, күймен тербетті.
– Өз дәуірінен озып туған данышпан Абай тарихтың қиын кезеңдерінде халқын өнер-білімге шақырып, ана тілі мен мәдениеті төңірегінде біріктірген сенім жүйесіне тәрбиеледі. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақынның терең ойлары күнделікті ісіміздің негізін құрайтынын бірнеше рет атап өткен еді. Былтыр – Жастар жылы, биыл – міне, Абай тойымен тұспа-тұс келген Еріктілер жылы. Мұның бәрі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Семей қаласының Жастар ресурстық орталығының маманы Думан Кенжеғази.
Иә, Абай – қазаққа ғана емес, бүкіл адамзатқа үлгі болар ұлы тұлға. Оның телегей теңіз парасаты, түпсіз тұңғиық ойлары мен маржандай асыл сөздері келешек ұрпақ үшін бағыттан адастырмас темірқазық екені даусыз. Ал біз сол мол мұрадан барынша молынан еншімізді алып қалуымыз керек.
Ақын рухына тағзым етті
Кеше республикамыздың түкпір-түкпірінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ресми түрде бастау алды. Қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың алыбына айналған ақынның жерлестері ресми шараларды бастамас бұрын, ең алдымен, Өскемендегі Республика алаңындағы Абай ескерткішіне гүл қойып, ақын рухына тәу етті.
Республика алаңындағы ақынның еңселі ескерткішінің жанына жиналған адамның қарасы қалың. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін барлығы Абай жылының ресми басталғанына қуанышты. Иә, «Абай – дара, Абай – дана қазақта» дегендей, шоқтығы биік тұлғаның бізге берер тағылымы да, тәлімі де ешқашан таусылмақ, ешқашан сарқылмақ емес. Ресми шарада Өскемен қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Қалқаман Сарин құттықтау сөз сөйледі.
– Армысыздар, қадірлі жерлестер, құрметті өскемендіктер! Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өту туралы Жарлығы шыққан болатын. Кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ресми түрде бастау алды. Бүгін ақынның жерлестері ретінде біз өзіміздің туған жерімізде, Өскемен қаласында осы дәстүрді жалғастырып, Қазақстан халқына «Құтты болсын» айтып, «Сүйіншісін» сұрап отырмыз. Жалпы, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы айтқандай, биыл облыс бойынша Абай тойына арналған 500-ден аса іс-шара өтеді. Сонымен қатар қала әкімдігінің де жұмыс жоспары бар. Қала көлемінде де 100-ге жуық ірілі-ұсақты, іргелі-күрделі мәдени іс-шаралар Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналады. Сондықтан біз ұлы ақынның жерлестері ретінде мойнымыздағы жауапкершілікті жақсы сезінуіміз керек. Абай атамыздың аманатына адалдық танытып, Абай атамыздың мұрасына мейлінше құрмет пен қызмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да осынау мерейтойды абыроймен атап өтуге баршаңызды шақырамын, –деді Қалқаман Сарин.
Бұдан кейін құттықтау сөз С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, профессор Сләмбек Оразалинге берілді.
– Абай жылы құтты болсын! Қазақ үні – Абай үні! Қазақ елі – Абай елі! Абай – халқымыздың бойтұмары! Құрметті өскемендіктер, Абай жылы қазір ғана басталған жоқ, бізде 2019 жылы да Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты көптеген шаралар өткен болатын. Сол шаралардың ең маңыздысы, мазмұндысы – Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен басталған эстафета болатын. Мен сіздерге осы эстафетаны әрі қарай жалғастыруды ұсынамын, – деген профессор Сләмбек Оразалин Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» атты өлеңін алаңда жиналған қауымға мәнерлеп оқып берді.
Осыдан кейін жиналған қауым Абайдың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тәу етті. Алаңдағы жұрт ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қосыла шырқады. Бұл күні облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Қ.Қайсенов көшесіндегі ғимаратында «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеудің бастауы» атты дөңгелек-үстел өтті. Іс-шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар сирек кітаптар бөлімі ұйымдастырған көшпелі көрме мен «Абай» атты слайд-шоуды тамашалады. Дөңгелек үстел отырысына С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жанындағы «Алтай археологиясы және мәдени мұра» музейінің директоры Ж.Қалимолдина, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері А.Қасымов, Б.Райысова, Т.Мағзұмов, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың музыка кафедрасының оқытушысы А.Жұмақанова және басқалар қатысып, Абай жылын тойлау, ақын мұрасын насихаттау туралы ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан Өнер музейінің Үлкен залында Абайдың 175 жылдығына орай «Ғасырларды тоғыстырған даналық» атты Қазақстанның танымал қылқалам шеберлері мен өңіріміздің белді суретшілерінің Абай тақырыбынан сыр шертетін туындылары көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Абдрашит Сыдыхановтың «Абай жолы. Абай анасының киіз үйі», Талғат Татиевтің «Таумүсін», Тілеуғазы Жұбанышевтың «Үй тас. Еңлік-Кебек», Ғалым Қаржасовтың «Жұмбақ адам», Есенғали Садырбаевтың «Төбеттермен аңшылық», Юрий Бакулиннің «Абайдың портреті», Ғұмар Макаровтың «Еңлік-Кебек үңгір тасы», Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті», Анар Дәулетбектің «Шәкәрім», «Қобыз» және өлкеміздің танымал суретшілері Николай Аштеманың «Абай. Отан туралы арман», Ержан Тұрғанбаевтың «Абай. Шыңғыстау жайлауы», Гүлнар Бекбердинованың «Абай және Семейге оқуға келген балалары», Қайырхан Мәдидің «Бала Абай», «Күз» сынды шығармалары көпшілік назарына ұсынылды.
Осы күні Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұжымы Қ.Жұмабековтің «Замана, неткен тар едің…» атты екі актілі драмасын қала тұрғындары мен қонақтарына тегін сахналады.
Шығыста ұлы тойдың шымылдығы түрілді
Шығыстағы Абай тойы Пушкин атындағы облыстық кітапханадан басталды. Биылғы жылдың еншісіне бұйырған ең кәделі тойдың рухани ордадағы шымылдықашар шарасына облыстық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Мұхтарханов, Ресейдің Өскемен қаласындағы бас консулы Михаил Королев, белгілі абайтанушы, қаламгер Қалибек Алтыбаев бастаған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен студент, оқушылар қатысты.
– Абайдың келер ұрпаққа арнаған терең мағыналы ой-тұжырымдары бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған. Ақын өлеңдерінің әр шумағы адам өмірінің, құндылықтарының мәнін ашып, үнемі дамуға, жетілуге, өзінің рухани әлемін байытуға жетелейді. Абайдағы тұтастық формуласы өміріміздің кез келген саласында ұранымыз болмақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да атап өтті, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.
Ал ресейлік консул адамзаттың Абайына өз мемлекетінде көрсетіліп жатқан құрметке тоқталды. 2006 жылы орнатылған ескерткішті сөзіне мысал қылса, ақылман Абай туралы екі мыңнан астам сөзжұмбақ құрастырған зайсандық қаламгер Қалибек ақсақал ғұлама ұрпақтарының соңғы өмірі Зайсан жерінде өткенін, олармен дәмдес-тұздас болғанын айтты.
Аталмыш кітапхана ұлы ақынның дүбірлі тойына орай әлемнің 29 тіліне аударылған «Абай жолы» романын «Біздің Абай» сайтына жүктепті. Сондай-ақ Абайдың бұдан 110 жыл бұрын шыққан алғашқы кітабын араб қарпінен қалай оқуға болатыны туралы әдіс-амалдарын үйретеді. Дүбірлі тойдың өңірдегі шымылдығын ашқан кітапхана енді ұлы тойды оқырмандарымен бірге жалғастыру үшін бірнеше айтулы шара өткізуді көздеп отыр. Олардың ішінде Қалибек Алтыбаевтың жетекшілігімен өтетін «Мен бір жұмбақ адаммын…» сөзжұмбақ сайысы, «Абай жүрегімде» атты ашық микрофон алаңы сынды зердеңі һәм өнерді сынға салатын сайыстар күтіп тұр оқырман қауымды.
Мейрамтай Иманғали,
Раушан Нұғманбекова,
Мұратхан Кенжеханұлы