Қоғам

Абай шәкірттерін жарыққа шығарды

Биыл ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абай шәкірттері» жинағының жарық көргеніне 70 жыл. Ғалым Мұхтар Әуезовтің басшылығымен 12 жылдан астам уақыт бойы Абай шәкірттерінің мектебін зерттеп, канондық мәтіндерін сақтап қалды. Жинаққа Абай шәкірттерінің толық өмірбаяны мен шығармалары енген.

Мұхтар Әуезов шәкірті Қайым Мұхамедхановқа ғылымдағы жаңа бағыт бойынша зерттеу жүргізуді сеніп тапсырды, ол – Абай мектебі.

Абай мектебі – бұлар Абайдан оқыған, кеңесін тыңдаған, Абай арқылы орыс, әлем және шығыс мәдениетімен танысқан бір топ ақын-жыраулар, сазгерлер мен ертегішілер, әншілер. Абай шәкірттері ұлы ойшыл, ақынның гуманистік және мәдени-философиялық көзқарасының әсерінде болды. Олар – Ақылбай, Әубәкір, Әріп, Әсет, Баймағамбет, Көкбай, Кәкітай, Мағауия, Мұқа, Турағұл, Уәйіс, Шәкәрім тәрізді ізбасарлары. Қайым Мұхамедханов отыздан аса есімді қалпына келтірді, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жинап, толық өмірбаяндарын жазды. Ол 1930 жылдардың соңында жоғалуға шақ қалған Абай шәкірттерінің хаттарынан үзінділер мен шығармаларын тауып, сақтады. Ол Абайды көзі көрген қариялардың ақын және оның шәкірттері, олардың шығармалары туралы естеліктерін жазып алды. Ең бастысы, ол Абайды көзі көрген қариялардың айтқандары және табылған жазба үзінділер арқылы ғылыми текстологиялық талдау әдісімен әр шығарманың Абайдың қай шәкіртіне тиесілі екендігін дәлелдеді.

                   Соның қатарында Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», «Хисса Жүсіп», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Көкбайдың «Сабалақ», «Кенесары-Наурызбай», Әсеттің «Салиха Сәмен» және «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан-Сара» және тағы басқа да шәкірттері мен алаш ізбасарларының шығармалары мен аудармалары бар.

Қайым  Мұхамедханов Абай ізбасарлары қатарына Алаш арыстарын енгізіп, олардың өмірбаяндарын жазды, шығармаларын нақтылап сақтады, араб және латын қарпінен қазіргі жазуға көшіріп, ғылыми түсініктеме берді және оларды алғаш рет баспаға әзірледі.

Қайым Мұхамедхановтың  1951 жылы 7 сәуірде ҚазССР Ғылым Академиясында «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғауы еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Диссертация қорғалды, бірақ ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамады. Диссертацияны қорғау кезінде басталған айыптаулар абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жылы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Ақыры 1951 жылы 1 желтоқсанда Қ.Мұхамедханов тұтқындалып, соңынан Семей және Алматы қалаларындағы НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады. Ол «Абай мектебі бар», «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп жауап берді. Өйткені жастайынан Алаш арыстарын, халқымыздың белгілі азаматтарын, М.Әуезовті көріп өскен Қайым әке үйінің құндылықтарына адал болды.

1951 жылы академик М.Сильченко Қайым қалпына келтірген осы мәтіндердің арқасында ғана Абай мектебі туралы айтуға болатынын ерекше атап өтті.  Абай мектебі – қазақ әдебиетіндегі бірден-бір мектеп, халықтың мақтанышы.

 

Ш. Нұрғалымқызы,

 А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкері

 

Осы айдарда

Back to top button