Абай-Шәкәрім кесенесі толығымен жаңартылады
Биыл еліміз халқымыздың біртуар перзенті, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғаны белгілі. Мерейтой қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысанды ел игілігіне беру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Абай ауданының орталығындағы 300 орындық мектеп пен су құбырларының құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Жолдарды жөндеу де назардан тыс қалмаған. Осы ретте аймақ басшысы Даниал Ахметов іссапармен Абай ауданында болып, ақын мерейтойына дайындық барысын пысықтады.
Туристік іс-шаралар Сырт Қасқабұлақтан бастау алады
Аймақ басшысы сапар барысындаұлы ақын дүниеге келген СыртҚасқабұлақтағы стела құрылысының, абаттандыру шараларыныңжай-жапсарын бағамдады. Бұл жерде жұмыстардың басым бөлігі аяқталған, алдағы міндет – бұлақтың маңайын қалпына келтіру.
–Осы бұлақ Абайдың өмірлік жолының басталуын бейнелейді. Бұл – ерекше қасиетті жер. Туризммен байланысты барлық шаралар осы жерден басталуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Сырт Қасқабұлақ мекенін абаттандыру жұмыстарының сметасы былтыр әзірленіп, өткен жылы 50 миллион теңге игерілген, қоршау, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, 40 миллион теңге қаражатқа Сырт Қасқабұлаққа баратын жол жөнделіп жатыр.
Мұнан соң облыс әкімі ойшылдың әкесі, оның әулеті, ұрпақтары жерленген Ақшоқыға барып, сондағы Құнанбай мұражайының құрылысымен танысты. Құнанбай әулетінің қорымы қазір жаңартылуда.Оны қоршау, абаттандыру, көгалдандыруға 27 миллион теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар аяқталды.
Ал жаңа мұражай тарихи тұрғыдан өте маңызды нысан болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарында Құнанбай Өскенбайұлының тарихи бейнесін ашу, ұрпаққа насихаттау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Қазір құны 276 миллион теңге болатын музей үйінің іргетасы қаланып, құрылыс одан әрі жалғасуда. Облыс әкімінің айтуынша, мұндағыбасты міндет – ұлы ақынның әкесіне құрмет көрсету,ұрпақтар сабақтастығы мен қазақ халқына тән дәстүрлі құндылықтарды сақтау.
СыртҚасқабұлақтағы жұмыстар бір, ал Ақошқыдағы екі айдан соң толық аяқталады.
Атап өтерлігі, бұл екі тарихи орын да бұрын теңгерімде болмаған, өткен жылы осы орындар аудандағы мәдениет үйінің қарамағына алынды.
Ақын мұрасы жан-жақты насихатталады
Облыс әкімі Жидебайдағы «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кешеніндегі ауқымды қайта құру жұмыстарының барысын бағамдады. Алдағы уақытта аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің басты мәдени нысандарының бірі адамдардың демалып, рухани баюына арналған жайлы орынға айналады. Облыс әкімі бұл кесенеде ауқымды қайта құру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
– Біздің міндетіміз нысанның тарихи әрі мәдени құндылығын сақтай отырып, бұл жерді түбегейлі өзгерту, жаңарту болып тұр. Жұмыс ел дамуындағы жаңа кезеңге және бүгінгі заман талаптарына сәйкес жүруде. Қазір мұнда керемет жарақтандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылып жатыр, нәтижесінде кешен басқаша келбетте болады. Мұнда барлығы келуші адамдарға қолайлы болуы керек, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Облыс әкімінің айтуынша, кешенді аралай отырып, туристер Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығымен жақынырақ танысып қана қоймай, өлкенің тарихына, қазақ халқының ұлы мәдениетіне қатысты пайдалы ақпарат алулары қажет.
– Ел Президенті тапсырмасына сай Абайдың 175 жылдығын тойлауда дәстүрімізге құрмет көрсете отырып, прагматизмді сақтауға тиіспіз. Ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту – басты міндет, ортақ парызымыз. Негізгі мақсат ат шаптырып, ас ішу емес, жоспарланған іс-шаралар арқылы Абайдың құнды мұрасын жан-жақты насихаттау, елдімекендерді, тарихи орындарды заманға сай абаттандыру, жолдарды жөндеп, келушілерге жайлы жағдай жасау. Осылайша, біз жергілікті əлеуметтік мəселелерді де шешеміз, – деді Даниал Ахметов.
Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жарақталады
Бұдан кейін облыс әкімі Қараулдағы 300 орындық орта мектептің құрылысын көрді. Мердігер – «Азия» фирмасы» ЖШС жұмыстарға былтыр желтоқсан айында кіріскен болатын. Жалпы құны бір миллиард теңгеден асатын құрылыстың қарқыны қатты, нысан жоспар бойынша белгіленген тамыз айынан ерте аяқталуы тиіс.Екі қабатты еңселі мектеп жанына шағын архитектуралық формалар орнату да қарастырылған.
Атап өтерлігі, Қарауылдағы Абай мектеп-лицейі 476 оқушыға арналса да, онда 869 бала оқып жатыр. Ал Қарауыл гимназиясында (137 балаға арналған) 326 бала білім алуда. Сондықтан былтыр күзде өңір ақсақалдары ауылға тағы бір мектеп керек деген тілектерін аймақ басшысына жеткізген болатын.
– Мұндағы құрылыстың барысы, жұмыс сапасы көңілімнен шығып отыр. Бұл мектепте 17 сынып болады, ішінде роботты техника, ІТ-сыныптары, өзге де пәндік кабинеттер бар. Олар ең заманауи құрал-жабдықтармен жарақталады. Мектеп еліміздегі ең үздік деңгейдегі оқу орны болмақ.Құрылысы мерзімінен бұрын, шілде айында толығымен бітуі керек, – деді нысанды көрген Даниал Ахметов.
Сондай-ақ аймақ басшысы ауыл іргесінде салынып жатқан Абай атындағы саябақтың құрылысын тексерді. Мердігер ұйым – «ОблШығысЖол» ЖШС жұмысты кестеге сай атқаруда. Құрылыс алдағы шілде айында тәмамдалады. Ерекше паркте мерейтойлық іс-шаралар кезінде үш сахна және киіз үйлер қалашығы орын тебуі тиіс. Ал жалпы аталмыш жер Қарауылдың және көрші елдімекендердің жастары мен балалары бос уақыттарын өткізетін жан-жақты демалыс орны болмақ.
Абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр
Негізгі мерейтойлық шаралар аудан орталығы – Қарауылда өтетіні анық. Осы орайда қазір Шыңғыстау жұрты үлкен тойға қызу дайындық,қарбалас үстінде.Нысандардың барлығын дерлік тамыз айында өтетінхакімнің негізгі тойынадейін аяқтау көзделіп отыр.
Облыс әкімі аудан орталығында болып, Абай атындағы көшенің абаттандырылу барысын көрді. Елдімекеннің орталығындағы басты көшелердің біріне асфальт төселуде. Осы жерде облыс әкіміне аудан аумағындағы жол жөндеу және абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандару шаралары таныстырылды. Бүгінге дейін қашықтығы бір шақырым болатын Қ.Мұхамедқанов көшесін орташа жөндеу жұмыстары аяқталып отыр.Қазіргі кезде ауылдағы ұзындығы екі шақырым болатын Әйгерім, сондай-ақ жартышақырымдық Мамай мен Ұлжан көшелерінде орташа деңгейдегі, ал бір жарым километрге созылып жатқан Бекбосынов көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыс әкімі қазіргі кезде асфальт төселіп жатқан Мамай көшесіндегі жұмыстарды көріп, оның екі жағына жаяу жүргіншілер жолын салып, сапаны басты назарда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар аудан орталығында демеушілер қаржысы есебінен мешіт пен қатымхананың құрылысы жүруде. Қарауылда үлкен әріптермен ұлы ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» нақыл сөзі жазылып, олар түнгі уақытта жарық шашып тұратын болады. Қарауылтөбенің басына еліміздің көкбайрағы тігіліп, ірікөлемді әріптермен «Абай – 175» жазуы орнатылады. Бұдан бөлек, ауылға биіктігі 8 метрлік, үстіңгі жағында сағаты бар домбыра пішініндегі монумент те қойылмақ. Сондай-ақ Әйгерім мен Бекбосынов көшелерінің қиылысқан тұсына, яғни құрылысы жүріп жатқан мектеп ғимаратының жанынан воркаут алаңшасы салынады. Көшелердегі шам бағандарына орнатылған декоративті-жарықтық элементтер де түрленеді, олар «Абай – 175» логотипімен және ұлттық ою-өрнекпен безендірілмек. Көркемдеу жұмыстарының қатарында Семей – Қарауыл тас жолының бойындағы Жидебай бұрылысында тұрған стела жаңаланады. «Жидебай» сөзі латын қаріптерімен жазылмақшы. Мұнымен қоса, Қарауыл ауылына кіреберістегі арка да жаңартылады.
Мұнан соң аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан орталығындағы су сорғы стансасының құрылысымен және ауызсу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарымен жіті танысып шықты. Бұл істерді «ВостокСтройГрупп» ЖШС атқаруда. Кестеге сәйкес жоба биылғы қазан айында толық аяқталатын болады.Аталмыш жұмыстарға мемлекет қазынасынан бір жарым миллиард теңгедей қаражат қарастырылған. Су құбыры тартылатын учаскелердің ұзындығы 55 шақырымды құрайды, оның алты шақырымдай бөлігі мерейтой өткен соң төселеді.
Ержан Әбіш
Суреттерді түсірген Тілеубек Шаяхмет