Қоғам

Абай саябағы жөнделеді

        Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейде ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай қаланы абаттандыруға байланысты арнайы жиын өткізді. Онда бірқатар ірі жобалар талқыланды.

Мәселен, бүгінде жаяу жүргіншілерге арналған жол аумағы  Орталық саябақ  ауданында орналасқан. Бұл жер де көптен бері жөндеу көрмеген. Облыс әкімі Даниал Ахметов жаяу жүргіншілерге лайықты жағдай жасау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ Абай атындағы әуежайдан  Қарағайлы ауданына дейінгі  көшелерді жөндеу қажеттігі айтылды.

– Біз осы жылдың 20 мамырына дейін Орталық саябақты қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоба ауыспалы маусымда, адамдар қыста да жұмыс істеді. Қазіргі уақытта біраз аяқталмаған жұмыс қалды. Бұған біз 70 млн теңге қарастырдық, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Саябақты қайта  жаңғырту жобасына орай Даниал Ахметов жаяу жүргіншілер көшесінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ  Орталық саябақ маңындағы Мәңгілік ел көшесі қайтадан жөнделуі керек.

–  Мәңгілік елден бері қарай Ибыраев көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер көшесінің жобасын әзірлеуді тапсырамын.  Семейдің көшелері халық кешке қарай серуендеп демалуы  үшін аса қажет. «Набережная» деп аталатын Семейдің Ертіс маңындағы оң жағалауы да абаттандырылады.  Наурыз айының соңында, сәуір айының басында жоба дайын болуы тиіс. Семейді көріктендіріп, сәулетті қалаға айналдыру қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс басшысы Абай саябағын дұрыстап қайта жөндеу жобасын қолдайтынын атап өтті. Ермак Сәлімов бұл жобаның аяқталуы 25 шілдеге дейін жоспарланғанын тілге тиек еткен кезде, облыс басшысы  бұл өте кеш екендігін ескертіп, кем дегенде 1 шілдеге дейін құрылысты аяқтауды тапсырды.

– Жеңіс скверінде тозып кеткен ескерткіштерді, қасбетін жөндеу жоспарланған. Бұл «Солдат» ескерткішіне де, «Мәңгілік отқа» да  қатысты. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында  шағын жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттіміз. Сондай-ақ бүгін біз тұрғын үйлердің қасбеттерін бояу мүмкіндігін таптық. Осы іске алдын ала 80 млн теңге жұмсау жоспарлануда, – деді Ермак Сәлімов.

Сондай-ақ Абай алаңы және саябағына, Қарағайлы ықшам ауданына баратын барлық жолдарға, көшелердің бойына жөндеулер жүреді.  Мысалы, Бозтаев көшесіндегі үйлердің қасбеттерін қайта жаңарту және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Қасбетті жаңарту үшін барлығы 21 үй анықталды.

Сонымен қатар аймақ басшысы Абай атындағы театрды аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Облыс басшысы театрға жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетінін атап өтті. Облыс басшысының сөзіне қарағанда, театрдың қасбетін жаңарту, сондай-ақ оның ішін, әсіресе көрермен залын жаңарту қажет.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button