СұхбатТОП

Абай Құнанбаев: – Мен ақын емеспін

Ақын Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бақ» дейтін даналық сөзі бар. Сондықтан да болар қазақ дүниеге келген бөбегіне ұлылардың есімін беруді дәстүрге айналдырған. Ал ұлылармен аты да тегі де сәйкес келу сирек кездеседі. Дәл осындай ұқсастықты біз алда өткен Абай күні қарсаңында кезіктірген едік. Ол өрт сөндіруші, жас маман Абай Құнанбаев.

– Абай Құнанбаевтың балалық шағы қалай, қайда өтті?

– Атым таудай болғанымен, затым қарапайым ауылдың қара домалақ баласымын. Бұрынғы Тарбағатай ауданы, қазіргі Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылында дүниеге келгенмін. Талай-талай тұғырлы тұлғалар туып өскен, алтын адам табылған аяулы өлке. Сол өлкенің суын ішіп, шаңын жұтып өстік. Есім-сойым ерекше болғанымен балалық шағым сол қарапайым ауылдың балаларымен бірге өтті. Ойнадық, күлдік, жыладық деген сияқты ғой.

– Осындай ерекше есімді тегіңмен үйлестіріп кім қойды?

– Атымды атам қойған екен. Жалпы үлкен кісілер арыдан ойлайды ғой. Сонымен қатар ырымы тағы бар дегендей. Кім баласын жаман болсын деп ойласын. Біреу батырдың, біреу ақынның атын қойып жатады. Менің атам да немересін атына заты сай болсын деген болу керек. Осылай Абай есіміне ие болыппын.

– Ақынның есімін арқалап жүру ауыр емес пе?

– Иә, атқа кір келтірмеу керек деген сөзді кішкентай күнімізден естіп өстік. Одан бөлек Абай атын арқалау оңай емес. Ойын баласы кезінде ескермесем де ес біле келе атыма, затым сай болу керектігін есте сақтадым. Тәртіпті, өнерлі, білімді болуға тырыстым. Сабақты да жақсы оқыдым. Кілең бес емес шығар, төрт деген баға алған кездерім аз болды. Сондықтан да Абай атына кір келтіре қойған жоқпын деп ойлаймын.

– Өнерлі, білімді, тәртіпті болуға тырыстым деп жатырсыз, Абайдың ақындығы бар ма?

– Жоқ, мен ақын емеспін. Шынын айтайын ақын болуға тырысып та көрмеппін. Қай өнер болмасын туа бітті бойыңда сәл болсын ұшқыны болу керек ғой. Менде ақындыққа деген жақындық болмаған сияқты. Десе де өз бойымнан Абай атамыздың болмысын іздеуге тырысам. Менде Абай атамыздың әншілік қасиетіне деген жақындық бар. Мектеп оқып жүргенде ауылдық, аудандық, «Абай оқуларына» қатысып жүлделі орындар иеленіп жүрдім. Сол кезде Абай атамыздың әндерін орындап, өлеңдерін оқып үйрендім. (Осы арада Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем қаламқас» әнін тамылжыта шырқап тастады). Қазіргі таңда да Абай атамыздың әндерін өз деңгейімде айтып келемін. Кейде жұмыс барысында да іштей ыңылдап айтатыным бар. Сол себепті өзімді Абай атама осы қырымнан жақын сияқты сезінем.

– Ақын есімін иеленген соң оның шығармашылығынан, өмірбаянынан толық хабардар шығарсыз. «Абай күнін» тойлауға қатысты ойыңыз қандай?

– Әрине, Абай атамыздың шығармашылығын, ғұмырнамасын білемін және өзімді білуге міндеттімін деп санаймын. Мен ғана емес, Абай атамыздың шығармашылығын бүкіл қазақ білуге міндетті. Енді «Абай күні» ақынға деген құрметті арттырып, атамызды жалпақ жұрттың бұрынғыдан жақсы тануына септігі тиді деп ойлаймын. Осы мереке тойланғаннан бері мені де осылай сұхбатқа, түсірілімге шақыратын болып жүр (күлді). Мысалы, Абай есімді Қазақстанда 18 мыңнан астам адам, қазірігі Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысында 378 азамат  бар екен. Ал Абай Құнанбаев үшеу екенбіз. Мұны мереке қарсаңында өтіп жатқан шарада естіп білдім. Мен үшін қызықты оқиға және біле жүретін ақпарат болды. Сондықтан да бұл күннің, бұл мерекенің маңызы зор деп ойлаймын.

– Есім-сойыңа қатысты қызықты оқиғалар болып тұра ма?

– Иә, әредік болып тұрады. Көптеген адамдармен алғаш рет танысқанда сенбей жатады. Атым Абай, тегім Құнанбай десем көпшілігі қалжыңдап тұр деп қабылдайды. Содан кейін төлөқұжатымды көрсеткенде барып сенеді. Ондай оқиғалар көп болды. Алғаш рет университетке оқуға келгенде де қызық жағдай болған. Мұғалім студенттерді тексеріп отырып: Абай Құнанбаев бар ма? – дегенде бүкіл топтың баласы маған үдірейе қарап қалыпты. Тіпті, сол кезде кейбір мұғалімдердің де сенбегені болған.

Ата ойын жалғап енді өз балаңа Абайдың баласының атын қою ойда жоқ па?

– Осы күнге дейін дәл ондай ой болмапты. Алла қаласа баламыздың атын ата-анамыз қоятын шығар. Ол кісілер кім деп қойса да қарысылық болмайды. Өйткені үлкен кісілер бәрін біледі ғой. Әке-шешем мұғалім болған кісілер, өзім педагогтардың отбасында тәрбиеленіп өстім. Сондықтан да үлкеннің нұсқауымен жүруді, үлкенді сыйлауды, үлкеннің тілін алуды бойға сіңіргенбіз. Балаға көтере алатын, арқалап жүре алатын ат қойған дұрыс шығар деп ойлаймын. Сондықтан бұл әлі белгісіз дүние.

Абай өрт сөндіруші

– Өткен ғасырдың Абайы елдің мұңын өлеңмен өрнектеп, қара сөзге кестелеп кетті. Бүгінгінің Абайы не істеп жүр?

– Абай дәл қазіргі уақытта өрт сөндіруші қызметін атқарады. Өскемен қаласының №6 өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеймін. Белгіленген кесте бойынша, қатал тәртіп негізінде жұмыс істейміз. Жұмыс ауыр, жауапкершілік жоғары. Таңертең жұмысқа аттанарда бұл күніңнің қалай аяқталары белгісіз болып тұрады. Тіпті, бізге шақыру түсіп жедел аттанғанда алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Сен оның қауіпті немесе қауіпсіз екенін сұрап жатпайсың, қалайда өртті сөндіруің керек. Әрине, басшының нұсқаулығына бағынуға міндеттісің. Әр күнің осылай өрбиді. Ал жаман хабардан тыныш күндері үнемі оқу-жыттығу болып тұрады. Өзімізге қажетті дүниелерді қалай қолдану, биіктікке қалай шығып-түсу сияқты жаттығуларды жиі-жиі орындап тұрамыз.

– Неге өрт сөндіруші болып кеттің?

– Бұл менің басымнан өткен оқыс оқиғадан кейінгі пайда болған арманым еді. Ауылда монша жағып жатып өзім өртке оранған едім. Белден төмен аяғымды өрт шалды. Сол кезде емделіп жатып адамдарды өрттен құтқару керекпін деген арман-мақсат алға қойған едім. Сол бір бала күнгі жағдайдан кейін осы жұмысқа келгенмін.

– Жұмыс барысында қауіпті жағдайлар көп болып тұра ма?

– Жұмысың оқыс оқиға, қызыл жалын өрт болғандықтан бәрі қауіпті жағдайға жатады. Мысалы, кейде көк түтінде бір-біріңді таппай қаласың. Кейде төбелер опырылып ішке құлап кететін кездер болады. Ондайда бір-бірімізді дереу құтқарып аламыз. Өрт сөндірудің де өзіндік тәртібі бар. Алдымен адамдарды, жан-жануарларды құтқаруға тырысуың керек. Жұмыс барысында кез келген жағдайға тап болуың мүмкін. Сондықтан психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болуың керек. Өліп жатқан кісінің мәйітіне тап болған кезім де болды. Бәрібір де ет жүректі адам болғандықтан, денең дір ете түседі екен. Осындай жағдайда сескеніп қалмауға тырысу керек. Сол үшін психологиялық тұрғыдан дайындық керек.

– Өз замандастарыңа қандай ақыл-кеңс айтар едің?

 – Атың кім болса да, затыңның дұрыс болғаны жөн. Әрбір ата-анаңа балам осындай болса екен деп ырымдап ат қояды, біз де соған сай болсақ дейміз. Замандастарыма да, бізден кейінгі іні-қарындастарға да аттарыңа заттарыңды сай ұстаңдар дер едім. Ең бастысы, білім мен білік. Сондықтан да шығармашыл ортаға барып, кітапханаға барып өзін рухани бай ұстаған адам еш нәрседен кем болмас. Замандастарыма білімді болайық деп кеңес берер едім.

– Абайдың алдағы жоспары қандай?

– Мен қазір жоғары білім алып жатырмын. Алла қаласа спорт мұғалімі болып шығамын. Одан ары қарай сол мамандық бойынша жұмыс істеу туралы жоспарым бар. Шәкірт тәрбиелесем деген арман бар. Мен өзім бала күннен спортқа жақын болдым. Спорттың көптеген түрімен айналыстым. Спортпен айналысқан адамның дені сау, денесі ширақ болады. Сондықтан да өз ортама осы мамандығым бойынша пайдамды тигізсем деген арманым, жоспарым бар.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button