Қоғам

Абай облысының мәслихаты жасақталды

Ержан Әбіш

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 16-шы сессиясына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов осы жиынның тарихи мәні зор екенін атап өтті. Бұл сессияда жақында құрылатын Абай облысының өз мәслихаты қалыптасып, бюджеттік, әлеуметтік және бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова облыстық бюджетке қандай өзгерістер енетінін баяндады. Атап айтсақ, экономикалық, әлеуметтік-мәдени жобаларға қаржы бөлінбек. Қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығына, құрылыс саласына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа және автожолдарды жөндеуге, сондай-ақ басқа да бағыттарға жұмсалады.

Айталық, Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын Бұқтырма көпірін салуға, Семейдегі автокөпірді жөндеуге және қазандықтар мен жылу құбырларын реконструкциялауға, Өскеменнің Сол жағалау ауданында инженерлік инфрақұрылымды тартуға ақша бөлініп отыр.

Әлеуметтік салада жұмыспен қамтуға, мүгедектердің құқығын сақтап, тұрмысын жақсартуға көңіл бөлінбек. Денсаулық сақтау жүйесінде вакцина мен дәрі-дәрмек сатып алу, ауруханаларды жарақтандыру, дәрігерлердің жалақысын арттыру бойынша қаражат қаралып отыр. Сондай-ақ білім саласындағы маңызды мәселелерді шешуге назар аударылады. Өңір депутаттары бюджеттің осы жұмсалу бағыттарына толық қолдау танытты.

Сессияда Қарағайлы шипажайында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша мұқтаж азаматтарды санаторлық-курорттық емдеу мәселесі де қаралды. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусина ақпарат ұсынды.

Бұдан соң депутаттар облыс мәслихатын қайта құру және Абай облыстық мәслихатының 8 маусымға жоспарланған алдағы сессиясын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. 22 депутат Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының, ал 16 депутат Абай облысы мәслихатының құрамына енді.

Аймақ басшысы экономикадағы жағдайды баяндап, жаңа Абай облысы үшін мықты экономикалық негіз құрылғанын айтты.

– 2015 жылдан бастап Абай облысына енетін аудан-қалаларда өндіріс көлемі бес есеге өсті, 2015 жылы 184 миллиард теңге болатын, қазір бұл көрсеткіш – 898 миллиард теңге. Ауыл шаруашылығы өнімі 2,4 есе өсті. 2015 жылы 179 миллиард теңге болса, бүгінде – 428 миллиард теңге. Жеті жылда құрылатын Абай облысының қалалары мен аудандарына 2,1 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді Даниал Ахметов.

Жалпы, облысқа барлығы 4 триллион теңге инвестиция салынғанын ескерсек, жартысы жаңадан құрылатын аймаққа тиесілі.

2017 жылы болашақ Абай облысының аумағында мыс кенін өңдеу саласындағы әлемдегі ең ірі кәсіпорын – Ақтоғай комбинаты салынды. Оған барлығы 760 миллиард теңге инвестицияланды. Сондай-ақ Бақыршық комбинатына 134 миллиард теңге құйылды. Семейде қуаты 300 мың тоннадан асатын өсімдік майын өңдейтін зауыт салынды.

– Әрбір өңір тұрғынына атқарған жұмысы үшін алғыс айтамын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған маңызды міндеттерін тиімді әрі сауатты атқарып келеміз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшылығының пікірінше, алда жаңа мақсат-міндеттер тұр, оларды іске асыру үшін ішкі тұрақтылықты сақтап, аянбай еңбектену керек.

Осы айдарда

Back to top button