Абай облысында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
Абай облысындағы орман әлі өртеніп жатыр.
Өрт сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Маңайдағы елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Didar ақпарат ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тілсіз жаумен күреске ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылып отыр.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.
ТЖМ ақпараты бойынша, пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау жүргізілді. Оның нәтижелеріне сүйенсек, өрттің Қаштақ орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралған жоқ.
“Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет су төгілді, жалпы көлемі 1 500-ден астам тоннаны құрайды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет су төгілді, жалпы көлемі 4 мыңға жуық тоннаны құрайды”, – деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай департаменті жедел желіні іске қосқанын еске саламыз. Осы уақытқа дейін жедел желіге 150 қоңырау түсіпті. Жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.