АБАЙДЫ ОРЫС ОҚЫРМАНДАРЫНА ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫРҒАН ТҰЛҒА
Әлихан Бөкейхановқа – 150 жыл
Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымында күн тәртібінен түспей, өнімді зерттеліп келе жатқан саланың бірі. Абайды алғашқы зерттеушілердің аты-жөні мен еңбектері 1988 жылға дейін жабық саналып, абайтанудың ақпан төңкерісіне дейінгі кезеңі кеңес өкіметі тұсында ақтаңдақ күйінде қалып, ғылыми айналымға түспей келді. Тек еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды.
Ақын туралы орыс тіліндегі тұңғыш мақала қай жылы жарық көрді?
Абай шығармаларымен қоса, ақын өмірбаянын да хатқа түсіру жұмысы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бұрын басталғаны туралы М.Әуезовтің: «…революциядан бұрын Абай жөнінде ешнәрсе жазылмады, айтылмады деуге болмайды… Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған… Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әралуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді іске асыруымыз керек», – деген аталы сөзінен өзіне дейін де Абай туралы сөз етушілер болғаны туралы ашық айта алмай, меңзей сөйлегені байқалады. Себебі, 1937 жылы «Халық жауы» боп атылып кеткендердің ішінде баспасөзде Абай жайында үлкенді-кішілі танытқыш сөздер жазып, деректер берген алаш азаматтарының көбінің есімін атауға тыйым салынған еді.
Қазан төңкерісіне дейін Абай өмірі мен шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі пікір білдіріп, деректі мағлұмат берушілер, әрине, ақынның өз шәкірттері екендігінде дау жоқ. Десек те, Абайдың әдеби ортасымен тығыз байланыста болып, ақын шығармалары мен қысқаша өмірбаянын орыс аудиториясына баспасөз бетінде таныту талабын алғаш қолға алып, «Абай (Ибрагим) Кунанбаев (некролог)» атты мақаланы Семейден шығып тұратын «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы орыс тілінде жариялаған Әлихан Бөкейханов екені белгілі. Абай өмірбаяны туралы жазылған Әлихан мақаласының сарынынан автор Абай жайындағы деректі мағлұматтарды біршама естіп-білуімен (1899 жылы әнші Әділхан арқылы) және ақынның немере інісі Кәкітайдан алғандығын анық жазған.
Ә.Бөкейханов ұлы ақынның шығармаларын алғаш 1899 жылы әнші Әділхан деген өнерпаздың орындауында естіп-білгені туралы былай дейді: «В 1899 году в Коканской волости киргизский певец Адылхан предложил нам послушать «Письмо Татьяны» под аккомпонемент его скрипки». Әлихан Абайды 1899 жылдан бұрын да білген. Оны айғақтайтын фактіні М.Әуезов жазушы Сапарғали Бегалинмен Абай еліне дерек жинаумен шыққан бір экспедициясында тапқанын жазады. М.Әуезов тапқан тарихи фактіні 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай «Советский Казахстан» журналында тұңғыш рет жариялаған. Кейін ол дерек М.Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағына енді. М.Әуезов 1897 жылдың жазында тобықты елінің жайлауында халық санағын жүргізуге шыққан Щербиннің экспедициясының құрамында Әлихан Бөкейхановтың болғандығын анықтайды. Абай өмірбаянын 1905 жылы орысша аударып жазған Әлиханды қалай да абайтану тарихында атын қалдыру үшін: «Какие же это обстоятельства и факты? Во первых, выяснилось участие одного из самыхреакционных буржуазных националистов, ставшего впоследствии во главе контрреволюционного правительства алаш-орды, в организации покушения на жизнь Абая летом 1897 года. Этот националист, возглавляя большой отряд по статистической переписи от экспедиции Щербины в 1897 году, в течение лета находился на джайляу рода тобыкты и стал тамыром (другом) заклятого врага Абая, степного феодала Оразбая. В эти же летние дни на том же джайляу, на урочище «Кошбике», было совершено покушение не Абая, организованное именно Оразбаем», – деп Оразбаймен байланыстыра газет бетінде Әлиханды көзқылып «жамандап» алады да, соңынан «Абай жолы» эпопеясына «Әзімхан төре» деп енгізіп жіберген.
Әлихан 1900 жылы Семей қаласында Абайдың немере інісі Кәкітайды алғаш көреді. Әлихан Кәкітайды көргендігін: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күздігүні көрдім», – дейді. Әлихан Кәкітайды 1900 жылы күзінде Семейде көргенінде: «Онда заман тыныш, тұңғиық», – деп жазған еді.
1901 жылдан бастап қазақ даласында діни нанымдарға қысым жасалған. Молдаларды қызметінен алып: «Сендерде, қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынды», – деген сөздерді айтқан Көкшетау қаласында сегіз болыс елдің би-болыстары мен игі жақсылары бас қосқан төтенше съездегі уезд бастығының сөзін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы № 64 қордағы 300 беттік құжаттар куәландырады. Көкшетау қаласы уезд бастығының осы сөзінен кейін ел ішінде толқу басталып, үкімет жарлықтарына қарсы әрекеттер ұйымдастырылған. Қазақтың діни наным-сеніміне тіл тигізген уезд бастығы емес, оның артында империялық мақсат жатқанын қазақ зиялылары жақсы біліп, қарсы әрекетке көшкен. Мысалы, Қосшығұловтың осы мәселе туралы Абайға жазған хатын айтуға болады. Осы хат тәркіленген.
Абай ауылына 1903 жылы патша жандармеясы тінту жасағандығы туралы да мұрағаттық құжаттар табылғаны белгілі.
Ахмет Байтұрсыновтың: «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті», – деуіне қарағанда патша жандармеясы ақын үйіне тінту жүргізгенде Абай өлеңдері жазылған дәптерді де тәркілеген. Сол Абай өлеңдерінің қолжазба асыл түпнұсқасымен Ахмет Байтұрсынов танысады. Ахмет: «Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқысы да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларын да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік артық», – деп «Қазақ» газетінің 1913 жылғы екі санында (40,43) ақын өлеңдеріне жоғары баға береді. Абай өлеңдерінің қуаты жөнінде ондай баға беру тек қана «ой шеберлігі мол жазушы, әрі сыншы, әрі білімді» адамның ғана қолынан келеді.
Бөкейханов Һәкімді көрді ме?
1903 жылы Петерборда басылып шыққан «Россия. Полное географическое описание нашего отечество» деген кітаптың 18-томындағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған беттерінде Абай шығармашылығы туралы: «Наконец, как представителя нового течения в Киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева («Кономбая» деп басылған – К.М.) – автора многих стихотворении изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору пренадлежат хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворении Лермонтова (который окозался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских оленши (певцов) можно слышать, например, «Письма Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив», – деп Абайды қазақ поэзиясының жаңа өкілі, көшбасшы ретінде көзі тірісінде-ақ танып, қуанышты сезіммен алғаш ғылыми пікір білдіріп, жоғары бағалаған. Осы пікірдің авторы туралы Қайым Мұхамедханов: «Пікір білдіруші – Әлихан Бөкейханов», – деп жазады. Ал Тұрсынбек Кәкішев: «Тарау авторы, яғни, А.Н.Седельников… Абайдың көзі тірісінде тұңғыш рет ғылыми мәнді қорытынды жасаған болатын», – деп пікірдің авторы А.Н.Седельников деген қорытындыға келеді де: – Әрине, Абайдың өнерпаздығын, әдебиетке әкелген жаңалығын дәл бағдарлаған уақытта Ә.Бөкейхановтың ауызекі кеңесі болған да шығар. Өйткені 2-бөлімді бірге жазысқан авторлардың бір-бірімен ақылдаспауы мүмкін емес», – деп А.Н.Седельниковке Ә.Бөкейханов кеңес берген болуы мүмкін деге пікірдің ұшын шығарғаны байқалады. Осы орайда Ахмет Байтұрсыновтың: «Абайдың қандай адам болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз…Тәржіме халін жазушы Әлихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда Абай Спенсер, Льюис, Дрепер деген Европаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған», – деген жазба дерегіндегі «Көргендердің айтуынан білеміз» дегендегі Абайды көргендердің біреуі Әлихан екенін сол мақаланың тағы бір жеріндегі: «Әлихан Бөкейхановтың айтуынан» деген жолдар айғақтайтындай. Атағы арқа еліне кең тараған Абайды Әлихан 1898 жылы Щербиннің экспедициясында болған қызмет барысында көрген де болуы мүмкін. 1903 жылы Омбыдағы Ахметтің қолына түскен Абай өлеңдері жазылған қолжазба дәптерді Әлихан да оқып шыққан сияқты сезіледі. Себебі, сол жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын кітаптың 18-томындағы қазақтар туралы тараудың авторы А.Н.Сидельников арқылы Абайға тамаша баға беріп: «Наконец, как представителя нового течения в Киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева («Кономбая» деп басылған – К.М.) – автора многих стихотворении изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы)…», – деп кітапқа енгізіп жіберіп отырған Әлихан Бөкейханов екені дұрысқа келетін тәрізді. Әлихан 1905 жылы қазақшадан орысшаға аударып, көшіріп жазған мақаласына: «Еще не было киргизского поэта, так возвысившего духовного творчество народа, как Абай. Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна, лето, осень и зима) сделали бы честь знаменитым поэтам Европы», – деп өз жанынан табиғаттың төрт мезгілі туралы қосқан сөздерінен-ақ 1903 жылғы пікірдің шын авторы Әлихан екендігіне көзіміз жете түседі.
Абай өзіне берілген мұндай бағаны оқымады, білмеді деп тағы айта алмаймыз. Ол туралы Қайым Мұхамедханов: «Бұл кітап Абайдың өз қолына тиген және Көкбай, тағы басқа Абай шәкірттері де жақсы таныс еді. Сондықтан олардың Әлиханға деген қадір-құрметі зор болған», – деп жазады. Абай қазақ үшін басын қауіп пен қатерге тігіп, мемлекеттік саяси-әлеуметтік істермен жүрген оқыған азаматтарды білген. Абай: «Жаңа жылдың басшысы – ол, мен – ескінің арты едім», – дегенде Әлихан сияқты қазақтың мемлекеттік еркіндігін іске асырар жаңа төлдерін меңзеп айтқанын аңғаруға болады. Абай сондай жастардан үлкен үміт күткен. Солардың басында жүргендердің бірі Әлихан екенінен хабары бар Абай:
Тоқ пен татуды сыйламай,
Аштарға берген ас артық.
Үйінде босқа бұлдамай,
Қатерге түскен бас артық – деп қазақтың мүддесін ойлап, басын қатерге тігіп жүрген Әлиханның ұлы ісін жоғарыдағы нақыл-насихат сөзімен басқа жастарға үлгі еткен. Орайы келгенде айта кету керек, жоғарыдағы төрт жол Абай афоризмі қазіргі Абайдың академиялық екі томдық толық шығармалар жинағында жоқ. Енбей қалып кеткен.
Ахмет Байтұрсыновтың қолынан Абай сөздері жазылған қолжазба дәптерді 1904 жылы Міржақып Дулатов та көрген. Міржақып Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына байланысты «Абай» деген мақаласында: «Абай сөзі өзінің тірі күнінде басылмау себебін өлген соң да балалары неге тез бастырмағанын білмейміз. Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді, һәм бастырушыға, ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», – деп. Ахмет Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол маусымның 23-де опат болды», – деп ақынның өмірі мен шығармаларының тағдыры туралы дерек келтіреді.
Әлімбай Найзабаев,
педагогика ғылымдарының магистрі.
(Жалғасы бар)