Руханият

Абай әлемінен сыр шертеді

Абай атындағы кітапханада «Абай әлемі» кітаптар топтамасының онлайн тұсаукесері өтті. Топтамаға қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 22 кітап енді. Кітаптар оқырмандарды тек Абайдың шығармаларымен ғана таныстырып қоймай, сонымен қатар оның балаларының және ізбасарларының еңбектерімен де таныстырады.

– «Абай әлемі» кітаптар топтамасы, міне, үшінші рет жарық көрді. Биыл біз ұлы ақынның 175 жылдығын тойлаудамыз. Міне, осы кітаптар топтамасы айтулы мерекеге арналған. Кез келген оқырман өздері үшін қызықты және пайдалы еңбектерді таба алады. Бұл еңбек Абай шығармаларының хронологиясы сақталуымен құнды. Абайдың 1909 жылы жарық көрген бірінші кітабы қазақша мағына беретін араб графикасымен жазылған. Кітаптарда сонымен қатар Абай отбасының тарихы, ұлы ойшылдың шығармаларынан шабыт алған балаларының және шәкірттерінің еңбектері суреттелген, – дейді Абай атындағы кітапхананың бөлім жетекшісі Рахиля Адикаева.

Тұсаукесер барысында алдымен оқырмандар Абай Құнанбаевтың 1909 жылы жарық көрген кітабымен таныстырылды. Кітапқа енген алғашқы шығарма 1885 жылмен белгіленген.

Сонымен қатар топтамаға ағылшын тіліндегі Абай өлеңдерінің жинағы кірді. Ағылшын тіліне осыдан бірнеше жыл бұрын аударылған, ал кітап форматында алғаш рет жарық көрді.

Биыл «Абай әлемі» кітаптар топтамасына енген «Құнанбай қажы» басылымы Абайдың отбасы туралы, оның әкесі және балалары туралы баяндайды. Кітап үш бөлімнен тұрады, бірінші бөлімі Абайдың дүниеге келуіне арналған, екіншісі оқырмандарды Құнанбай қажының қызметімен таныстырады, ал үшінші бөлімінде Адольф Янушкевичтің этнографиялық күнделігі берілген. Күнделікте Абайдың өмірін және сол жылдарды суреттейтін естеліктер сақталған. Топтамадағы келесі еңбек – төрт томдық «Абай және ақын шәкірттері». Аталған кітапта Абай шәкірттерінің шығармалары мен еңбектері жинақталған. Кітаптағы ең үлкен дүние – Қайым Мұхамедхановтың зерттеулері. Онда Абайдың таланты, балалары туралы айтылады. Екінші томда Абай шәкірттерінің еңбектері жинақталған.

«Абайтану» бес томнан тұрады. Онда Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеген зерттеушілердің еңбектері көрсетілген. Абай шығармашылығын алғаш зерттеушілер – Алаш қайраткерлері. Олар ұлы ойшылдың өмірін және шығармашылығын зерттеуде үлкен із қалдырды. Көптомдық Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың және басқаларының еңбектерін қамтиды. Олардың барлығы жазылу реттілігі бойынша сақталған. Осында Сәбит Мұқанов жазған Абайдың шежіресі көрсетілген, одан Абайдың өмірі туралы қызықты мәліметтерді білуге болады.

Топтамаға енген келесі кітап – Әбіш Жиреншиннің кітабы. Онда Абай туралы зерттеулер жинақталған. Топтамаға сонымен бірге Кәмен Оразалин, Айткеш Толғанбаев және Тұрсын Жұртбайдың кітаптары кірді. Бұл кітаптар – Абайдың өмірі туралы зерттеулері. Осы кітаптарда да Абайдың мұрасы, оның замандастарына әсер еткен ойшылдың қара сөздері және поэзиясы берілген. Топтамаға сонымен қатар танымал ақын Шәкір Әбеновтің екі томдығы және Борис Щербаковтың «Звездная степь Жидебая» атты орыс және ағылшын тілдеріндегі екі кітабы кірді.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button