Білім

Абай өлеңдерін латын әліпбиімен жазды

Абай өлеңдерін латын әліпбиімен жазды


Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «латын әліпбиі – рухани жаңғыру негізі» көрмесі ашылды.

Көрмеге Ұлы Абайдың музей қорынан алынған бірқатар шығармалары және басқа да кітаптар, қолжазбалар қойылды. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы шығармаларының 1933, 1936, 1939 жинақтары. Әсіресе, М.Әуезов шығарған 1933 жылғы толық шығармалар жинағының ақын мұрасын зерттеудегі орны ерекше. Сол сияқты Абай туралы естеліктер, Абай туралы мақалалар жарияланған 1940 жылғы «Екпінді», «Лениншіл жас» газеттерінің түпнұсқалары, Ш.Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының көшірмесі, «Сексен өтірік», «Қарлығаш», «Жарық» сынды балалар әдебиетінің нұсқалары, Алаш зиялылары еңбектерінің түпнұсқалары және т.б. сирек кездесетін құнды жәдігерлермен де келушілер осы көрмеден таныса алады.

Көрмені Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева ашты. Тілдерді дамыту орталығының директоры З.Исабаева мен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Абай» институтының директоры А.Смағұлова сөз сөйлеп, әскери іспен өнерді қатар алып жүрген әнші, сазгер Тынышгүл Ақайқызы авторлық әндерін орындады. «Абай» өнер мектебінің шәкірттері хакім Абайдың өлеңдерін оқып, оны тақтаға латын әріптерімен жазып көрсетті. Жиын соңында келушілер жаңадан ашылған көрмені тамашалады.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button