АБАЙ ЕЛІ СЫЙҒА ТАРТҚАН САҚИНА

1990 жылдың жазында сол кездегі Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына құжат тапсырдым. Институттың іші-сырты ығы-жығы адам. Біреуді-біреу біліп болар емес. Қолдарында бума-бума қағаз, арлы-берлі жүгірген жұрт.
Күн күйіп тұр. Институттың бас корпусы Ертістің жағасына таяу орналасқан екен. Сол маңдағы тоғайлардың саясында тұр едім, бойы сырықтай бір жігіт, бұрыннан танитын адамша:
– Ассалаумағалайкүм, Серік аға! – деп бұрылып кеп сәлем берді.
– Бұл кім болды екен? – деп таңырқап қалғанымды байқай қойған бейтаныс азамат:
– Сері аға, сіз мені танымайсыз, есесіне біз сізді екі күннің бірінде теледидардан көріп жүреміз, – деді сыпай жымиып.
Абай ауданының тумасы, Кентау деген азамат екен. Сол жерде жаңа танысым екеуіміз біраз әңгімелестік. Дәл сол жылы Семей педагогикалық институтының көркемсурет факультетін тәмамдап жатқан Кентау інім көп нәрседен хабары бар сауатты, өнерге деген құрметі де ерекше, кісі сыйлай білетін, тамырлы тәрбие көрген жігіт екен.
Сөзінің бір әредігінде: – Сері аға, мен осы маңдағы жер үйлердің бірінде тұрам. Үйге барайық. Үй кең, қалған әңгімені жата-жастана жалғастырсақ қалай қарайсыз? – деді.
Бүгінгі таңда тамылжыған тамаша әндерімен ел жүрегін жаулап жүрген сырлы сазгер Кентау Назарбеков екеуіміздің таныстығымыз осылайша басталған. Әңгімеміздің жарасқаны соншалық, оқуға тапсырып, елге қайтқанша Кентаудың үйінде болдым. Оның жібек мінезді іні-қарындастарымен де, болашақ жары Бибігүлмен де сол жазда, сол үйде танысқан едім.
Жастар үшін жаны күйген азамат
Мына қызықты қараңыз, көп ұзамай Кентау мен Бибігүл шаңырақ көтеретін боп, Семейден біраз адам улап-шулап Қарауылға бардық. Бұл менің телегей теңіздей ақылымен әлемді аузына қаратқан, кемел ойдың кемеңгері Абайдың туған топырағына тұңғыш табан тіреуім болатын.
Той иесінің қалауымен екі жастың беташар рәсімін орындап, той жүргізгенім де есімде. Аулаға шамамен 200 адам еркін сиятындай палатка тігілген екен. Іңірде басталған той таң ағарып атқанға дейін дүркіреп өтіп еді…
Осы тойда көпшілік күтпеген бір оқиға болды. Жар-жар, беташармен басталған жас жұбайлар тойының әбден қызған шағында бір топ ауыл жасына сөз берілді. Қыз-жігіті аралас ортаға шыққан топтың арасында, орысша сөйлегендері де болды. Бұған дастарқан басындағы үлкендер жағы, «Е-е, жарайды, орысша сөйлегенде тұрған не бар, қазір кім орысша сөйлемей жатыр?» деп кешіріммен қараған. Қызықтың көкесі, жастардың орысша-қазақша араластырып айтқан тостарынан кейін басталды.
Жерлестерінің тойына ерекше дайындықпен келсе керек, гитараларын бабына келтіріп алған қарауылдық жастар сол кездері, әсіресе жастар арасында сәнге айналған Владимир Высоцкий мен Виктор Цойдың репертуарындағы және тағы да басқа орысша әндерді айта бастады. Жан-жаққа жамырай шыққан дауыстарымен бір-екі ән айтып қоя салса не керегі бар. Олар өйтпеді. Тіпті үлкендер жағының наразылығы мен ескертуін де құлақтарына ілген жоқ.
Ән әсеріне беріліп алған жастарға рахметімізді айтып, әке-көкелеп жүріп әзер қойдырдық. Сөздің шыны керек, қанша той басқарып жүрсем де мұндай «көріністі» көрмеппін. Өз басым гитара көтеріп ортаға шыққан жастар «Абай аталарының ел ішіне көп таралған «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» секілді әсем әндерін бірінен соң бірін әуелете шырқайтын шығар» деп күткен едім. Олай болмады.
Менің түсінігімде, былайғы жұрт адамзаттың ақыны атанған Абай елінен, оның салт-дәстүрінен ғибрат алып, өзге өңірлерге өнеге боларлық ерекше көрініске таңғалып қайтса керек еді. Нағыз «Апам да аң-таң, мен де аң-таңның» кері болды да шықты.
Микрофонды алғасын: – Ардақты ағайын! Ұлы Абайдың еліне, тұңғыш келіп тұр едім. Орысша ән айтатын өнерлі жастары бар – бұл елдің болашағы зор екен. Ақын бабамыз: «Мен жастардан қорқамын» дегенде, осы жастарды меңзеп кетпесе нағылсын? Енді жүрген жерімде айта жүретін болдым… – деген сарындағы ішкі таңданыс аралас наразылығымды екі-үш шумақ өлеңмен айтып салдым. Үндемей-ақ, қоя салсам да болар еді. Бірақ ішіме сыймай кетті. Оның үстіне «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр» деп, тағы да сол Абай жарықтық айтқандай, бұл өлең деген дүние бұрқ-сарқ етіп кеп қалғанда, «Осыны айтсам ба, айтпасам ба? деп ойланып тұруға мұрша бермей кететіні де бар.
Даурығып отырған жұрт сілтідей тына қалды. Үлкендер жағы: «Апыр-ай, ә! Мынау өзі, бір ыңғайсыз жағдай болды-ау. Жастарымыз жерге қаратты ғой» десіп қозғалақтап, әлгі көрініске жастар емес, өздері кінәлі адамдай боп, қарадай қипақтап қалды…
Мұндай сәтте, уақыт та бір орнында тоқтап қалғандай болады екен…
…Тым-тырыс бола қалған тыныштықты: «Қадірлі жерлестер!» деп саңқ ете қалған дауыс бұзды. Жалт қарасам, ұзынынан ұзақ қойылған сол қанаттағы столдың орта тұсынан жас шамасы отыздың о жақ, бұ жағындағы, еңгезердей, мұртты азамат ортаға шығып келе жатыр екен.
Жұрт тағы да өзара дабырласып кетті. Оң қапталда отырған әлдекім: – Ендігі қалғанын мынау бүлдіріп жүрмесін, – деп қалды.
Сөз сұраған азамат бұл сөзді құлағы шалып қалған екен:
– Уайымдамаңыз Әбеке! Мен мынау Керекуден, атақты Иса мен Жаяу Мұсаның елінен келген ақын, Серік бауырымнан жастарымыздың әбестігі үшін кешірім сұрайын деп шықтым, – деді қолындағы микрофонды сығымдай ұстап.
Сөйтті де, әлгіндегі жастардың қылығына біраз қынжылысын білдіре келе:
– Секе, бауырым! – деді бүкіл денесімен маған бұрылып.
– Абай атамыздың ауылына тұңғыш қадам басып тұрғанда мынадай келеңсіздіктің куәсі боп жатыр екенсіз. Осы елдің азаматы ретінде жастарымыздың бұл әбестігіне ел атынан кешірім сұрап, қазақы жолмен сізге ат-шапан айып төлегелі шықтым, – деді де оң қолының ортаңғы саусағына киіп тұрған бас бармақтай алтын сақинасын шешіп ап, қарсылық танытқаныма қарамастан қолыма тақты.
Отырған жұрт, иығынан бір ауыр жүк түскендей, ду қол шапалақтап жіберді. Төрде отырған ақсақалдардың бірі:
– Бәрекелді, Секентай! Өркенің өссін! Төмен қарап қалған жүзімізді жерден көтердің-ау! – деп еді, өзге жұрт та дабырласып, әлгі азаматтың атына біраз қолпаш сөздерін айтып жатты…
Таң алдында тыншымды алған Тыныштық
Таң ағарып атқанда, той да тарқады. Үлкен үйдің іргесіне, бұрыннан тұрса керек, демалуға арнап бір төсек қойылған екен. Байқауымша, сәскеге дейін күннің көзі түсе қоймайтын жер. Әлгі жерге төсек салғызып жатып қалғам…
«Күндіз жолдан кеп, кеш бойы той жүргізіп» дегендей, шаршаңқырап қалсам керек, қатып ұйықтап қаппын. Қанша ұйықтағаным белгісіз, бір кезде аяқ жағымнан әлдекім түрткендей болды. Алғашында мән бермегем, оның үстіне қатты ұйқыдан көзім де ашылар емес, ұйқылы-ояумын. Бірақ түскі қонақтың қамымен ошақ басында, аулада әрлі-берлі жүргендердің дауысын естіп жатырмын.
Осы кезде балтырымның тұсынан тағы да түрткендей болды да: – Әй, жігітім! Керекуден келген ақын сенсің бе? – деді бір қарлығыңқы дауыс.
Жайлап бір көзімді ашып қарасам, төсегімнің төменгі тұсында төбесі көк тірегендей ұзын бойлы, бір бейтаныс адам төніп тұр. Шамасы, шөп науқанында жүрсе керек, қара қайыстай боп, күнге әбден күйген екен.
Орнымнан түрегеп, амандасып, танысып жатырмыз.
«Тым болмаса бірер сағат тынығып алайын» деп жата қалғанымда, күтпеген жерден кеп тыншымды алған кім болды екен?» десем, сол елдің Тыныштықбек деген ақыны екен.
Сөз ләмінен ұққаным, «Түндегі тойда мен, пәленше деген жігіттің қызыңқырап қалғанын пайдаланып, қолындағы алтын сақинасын алып қойыппын-мыс». Бұл соны қуа кепті…
Мен болсам, аң-таңмын. Осы кезде қасымызға Кентау да келе қалды. Әңгіме барысында әлдекімдердің ойдан шығарған бұл «аңыз-әңгімесінің» мүлдем басқаша сипатта, күллі жұрттың көз алдында болғандығы анықталып, сол жерде «жоқ іздеуші» өзінің орынсыз таққан айыбын қайтып алды. Осылайша Кентау інімнің тойында Тыныш ағаммен қол алысып, табысып кеткен едік.
Содан бері де зымырағаннан-зымырап 31 жыл уақыт өтіпті. Сол күнгі тыншымды алған бейтаныс жан, бұл күндері еліміздің мақтанышына айналған Тыныштықбек Әбдікәкімов деген қазақтың қабырғалы ақындарының бірегейі. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Қарауылдан бастау алған сол таныстығымыз осы күнге дейін өз сабақтастығын үзген жоқ…
…Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қарауылда болғанымда, жастар үшін кешірім сұрап, қолындағы сақинасын шешіп берген, сол бір мәрт мінезді азаматтың қызы Құралай деген бала арнайы жолығып, тойда болған оқиғаны өз аузыммен айтып беруімді өтінген еді…
Секең Абай елінің адал сүт емген азаматтарының бірі болған екен. Өткен шақпен сөйлеу себебім, өмірінің 35 жылын туған жерінің мәдениетіне арнаған, аудан өнерінің өркендеп, өсуіне елеулі еңбек сіңірген, «Қаламқас» ән-би ансамблінің саз жетекшісі болып қызмет атқарған Серікбол Аманбаев осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр сырқаттан қайтыс болған көрінеді.
Қазір біреу үшін ұялып, біреудің әбестігі үшін кешірім сұрап қана қоймай, ат-шапан айып төлейтін мәрт мінезді азаматты жолықтыру, әй қайдам, неғайбыл-ау…
Осы бір шағын жазбам арқылы «Ел өнерін өрге сүйрей жүріп, сол елінің атына кір келтірмеуді басты мақсаты ете білген үлкен жүректі азаматтың аруағына тағзым етсем» деген едім.
Жатқан жерің жарық болсын, жаны жайсаң азамат!
Серік ҚҰСАНБАЕВ