РуханиятТОП

«Абай әлемі» оқырманға жол тартты

Шығыстағы сөз өнерін өрге сүйреп келе жатқан сүбелі жобалардың бірі – «Абай әлемі». Бес жыл бұрын қолдау тапқан бұл жоба арқылы 60 мыңға жуық кітап жарық көріпті. Бұл өлке руханиятына қосылып жатқан үлкен үлес екені баршаға аян. Биыл да бұл жоба аясында бірнеше автордың кітабы жарық көріп, тұсауы кесілді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Пушкин атындағы облыстық кітапхана оқырмандарына жаңа кітаппен сый жасады. Кітапхананың ұйымдастыруымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасы» жаңа шығарылымының тұсаукесері өтіп, жаңа кітаптар оқырманға жол тартты.

– Бұл Шығыстың руханиятына үлкен үлес қосқан жоба болды. «Абай әлемі» кітаптар топтамасы» әдеби жобасы облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Жоба өлкеміздің өткені мен бүгіні жайлы қалам тербейтін жерлес қаламгерлердің шығармаларын басып шығаруға арналған. 2018-2022 жылдар аралығында барлығы 59 389 данамен 82 кітап жарық көрді. Олар – 54 автордың жеке кітаптары, алты жинақ, «Әнші Әміре» кітабы, өлке зерттеушілерінің еңбектері, абайтанушылардың 5 томдығы, Абай шәкірттері мұрасының 4 томдығы. Жоба алдағы уақытта жалғасын табады деп үміттенеміз, – деді жобаны бірлесе жүзеге асырушы Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Бұл кітаптар сериясының алғашқы жылында оқырман қауым Абай мен Шәкәрімнің даналығын сезініп, Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясының орыс тіліндегі жаңа аудармасымен танысқан болатын. Сондай-ақ топтамаға Федор Достоевскийдің Семей қаласында өмір сүрген жылдары жазған еңбектері мен  ұлттық театр өнерінің алғашқы қарлығашы Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған басылым да енген.

Ал 2019 жылы елге танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бақытжан Раисовалардың шығармаларымен қатар, «Жастар жылы» аясында басты назар жастардың шығармашылығына аударылды. Өңірімізге белгілі талантты жас ақындардың шығармалары жеке кітап және жинақ болып қалың оқырманға жол тартты. Сондай-ақ кейінгі 100 жылда алғаш рет орыс географиялық қоғамы мүшелерінің жариялаған жұмыстарының жеке жинақтары да жарық көрді.

Сонымен қатар 2020 жылы бүкіл кітап топтамасы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Сонау 1909 жылы Петербор қаласында Бороганскийдің баспаханасында араб қарпінде жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабы қайта басылып шықты, жаңа басылымда араб қарпіндегі шығарма кириллицадағы мәтінмен бірге басылды. Сондай-ақ ұлы ақын шәкірттерінің әдеби мұрасы, абайтанушы ғалымдардың, Абай шығармашылығын зерттеушілердің еңбектері де оқырманға жол тартты.

Келесі 2021 жылы Шығыс өңірінен шыққан есімі барша елімізге танымал Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов, Сапарғали Бегалин, Сәуле Досжан, Мүсілім Құмарбеков және басқа да авторлардың шығармалары жарық көрді. Бұл да өңір әдебиетінің қоржынын толтыра түскен олжа болды.

Биыл Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы сынды үлкен атаумен есте қалмақ. Сондықтан осы жылғы кітаптар топтамасы заңғар жазушының «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» және «Көксерек» повестері, сонымен бірге оқырмандардың қолына түсе бермеген Әуезовтің жолсапар жазбаларынан бастау алады. Сондай-ақ бұл жобаны Әзілхан Нұршайықов, Талаптан Ахметжан, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Әлібек Қаңтарбаев, Айман Шәріпханова, Ғабдулғазиз Есенбаев, Тоқтар Мағзұмов тәрізді танымал жерлес жазушылардың үздік прозалық туындыларымен қатар, ақындар Қалқаман Сарин, Геннадий Пуссеп және Гүлнар Салықбайдың таңдамалы жыр кітаптары толықтырды.

Шығыс өңірінің рухани мұрасын кеңінен насихаттайтын әдеби жоба келесі жылы да жалғаспақ. Талаптарға сай татымды туындылар болса, жоба авторларды қолдауға әзір. Сондықтан жоба аясында сүбелі де сүйекті туындылардың жарық көруіне атсалысайық.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button