Қоғам

Абай елі Жолдауға үн қосты

Абай елі Жолдауға үн қосты

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Абай ауданында жұмыс сапарымен болып, Елбасы Жолдауын талқылаған жиынға қатысты.

Архатта айтылмаған мәселе қалмады

Аймақ басшысы жұмыс сапарын Архат ауылынан бастады. «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде Кеңес Одағының Батыры Зәкәрия Белібаевқа (1917 – 1982) ескерткіш қойылған екен. Жоба құны – 800 мың теңге. Облыс Әкімі батыр ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткен ауыл клубы салтанатты түрде ашылды. 16 млн. теңге қаржы бөлінген ғимаратқа ауыл әкімдігі, полиция пункті, пошта бөлімшесі және кітапхана орналасқан.
– Бүгін Мамай батырдың елінде, Архат ауылында тамаша мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл – рухани тәрбиенің орталығы. Ауылымызда талаптарға сай әлеуметтік ғимараттың ашылуына қуаныштымыз, – деді ардагер-ұстаз Түгелжан Әзімжанова.
Жаңа ғимаратта Архат ауылы әкімінің халықпен есептік кездесуі болды. Ауыл әкімі Ардақ Өміртаев Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген міндеттерді орындауда алғашқы жыл жемісті болғанын атап өтті. Мысалы, Архат, Орда ауылдарына «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 27 млн. теңге бөлініп, 15 адам мал өсірумен айналыса бастады. 14 шаруа қожалығы мал басын асылдандыруға кірісті. Бүгінде ауылда 4 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 22 мыңнан астам қой, 2 мыңға жуық жылқы бар. Сондай-ақ барлық тұрғын үйлерге жаңа талаптағы есептегіш құралдар, энергия үнемдеуші шамдар орнатылған. Осы арқылы бір жылда тұрғындар 10 400 КВт электр қуатын үнемдеді. Өткен жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің көмегімен хоккей қорабы іске қосылса, демеушілер арқылы ауылдың кіреберісіне арқар мүсіні орнатылып, З.Белібаев атындағы саябақ ашылды.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары басшыларға талап-арыздарын жеткізді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Күмісханов ірі қара малы бағылмайтынын, сондықтан мал ұрлығы орын алатынын, қылмыстың ізін суытпай ашу үшін учаскелік инспекторды көлікпен қамтамасыз ету және шаштараз қызметінің қажеттілігін айтты.
– Осы мәселеде қанша жиын өткізсек те, мал бағуға құлықты азамат шықпай отыр. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы биыл 35 млн. теңге қаражатқа сұраныс жасадық. Шаштараз ашуға ниет білдіргендер болса, қолдауға дайынбыз. Кәсіпті игеруге жұмыспен қамту орталығы көмектеседі, – деді А.Өміртаев.
Ауыл тұрғыны Қайрат Мусин әйелінің дімкәс, балаларының жас екенін, өзінің де денсаулығы жоқтығына қарамастан құрылыс саласында көтерме жұмыстар істейтінін, алайда екі қолға бір күрек үнемі табыла бермейтінін жеткізді.
Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков Архат ауылында әлеуметтік жағдайы төмен екі азаматтың ахуалымен таныс екенін, денсаулық жағдайына байланысты Қайратқа жұмыс тауып беруге уағда ететінін, ал дені сау азаматтар субсидия алу арқылы мал басын өсірумен, шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылдануы керектігін атап өтті.
«Тоқа» шаруа қожалығының .ып, екі жыл ішінде мал басын өсіргендігін, Архат – мал өсіруге қолайлы өңір болғандықтан ауыл жастарын еңбекке шақырды.
Мамай батырдың ұрпақтары батырдың 300 жылдық мерейтойына орай атқарылатын іс-шаралар туралы да сұрады.
– Бұл орайда бастамашыл топпен жұмыс істеп жатырмыз. Батырға ескерткіш қою мәселесіне байланысты Алматыдан жерлес мүсіншіні шақырдық. Ол өз шығындарынан бөлек 32 млн. теңге қаражат қажет деді. Мұндай қаржыны аудан бюджеті көтере алмайды. Сондықтан қор құрылып, жылу жиналып жатыр. Әзірге бір кәсіпкер 1 млн. теңге аударды. Ал аудан тарапы алдағы күзде Мамай батырдың мерейтойын атап өтеді, – деді аудан әкімі.
Архаттық шаруа қожалықтары соңғы жылдары бруцеллезден әбден зардап шекті. Өткен жылы 140 бас мал бруцеллезге шалдыққан. Аудан басшысы бұл індет үшін ветеринарлық инспекторлар еңбекақысының 20 пайызы қысқартылғанын, ауру сырттан әкелінген малмен бірге келгенін, 2012 жылы ауырған малдың төлін жасырып қалу себебінен 2013 жылы тағы қайталанғанын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Сайлау Айдарханұлы малды қолдан ұрықтандыру мәселесін көтерді.
– Қолдан ұрықтандыру 100 пайыз кепілдік береді. Сондықтан биыл жасанды ұрықтандыру пунктін Қарауыл мен Архат ауылдарында құрамыз. Бірақ тұрғындар оны әрі қарай тиімді пайдалану қажет, – деді Т.Мүсәпірбеков.
Ардагер-ұстаз Түгелжан Әзімжанова ауылдан клубқа есімі берілген, Жеңіске 12 күн қалғанда Берлин түбінде қаза тапқан ержүрек қыз Баян Байғожина, Серікқазы Бекбосынов сынды батырлар шыққанын, Зәкәрия Белібаевқа Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласынан көше беру туралы ұсынысын білдірді. Себебі, батырдың соңында ұрпақ қалмаған екен.
Қайыржан Жолымбай есімді тұрғын Архат ауылына амбулатория салынса да полигон зардаптары жергілікті жұртқа оңай тимей отырғанын, қалаға мал апарып өткізуде қиындықтар кездесетінін айтты.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мұндай кездесулердің нәтижесі мол болатынын айта отырып, еңбек етудің маңыздылығын жеткізді.
– Кейінгі кезде мемлекет тарапынан ауылдарға көп көңіл бөлінуде. Архат ауылына 62 млн. теңге субсидия бөлінді. Бұл 1200 халқы бар ауылға аз қаржы емес. Бірақ қаржыны тиімді пайдалану керек. Мал басын өсіруден өзге кәсіпкерлік көздерін ашу керек. Мәселен, Саржал ауылының қымызы көптеген қалаға тарайды. Қарауылда тері-жүн шикізатын қабылдайтын орын бар. Цехқа мемлекет тарапынан да көмек берілді. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды ұйымдастыру қажет. Ал Семей қаласында әр ауданның сауда алаңын ашуға тапсырма берілді. Сол орындар арқылы өнімді алыпсатарсыз сатуға мүмкіндік беріледі, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, бруцеллез мәселесі бақылауда болатынын, десе де қолда бар малды дұрыстап бағу қажеттігін, бұл жастардың жұмыспен қамтылуына да сеп болатынын атап өтті. Биыл учаскелік полиция көлікпен қамтамасыз етіледі. Медициналық тегін қызмет көрсетілетін салалар сараптаудан өтіп, ауыл тұрғындарына нақты кеңес беріледі. Полигон зардаптарын жеңілдету орайында Семейде оңалту орталығы құрылысы салынады.
– Архатта демеушілер көмегімен 6 млн. теңгеге жұмыс атқарылыпты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ең негізгі мәселе, адамның рухы сынбауы керек. Бұл орайда Түгелжан Әзімжанованың атқарған еңбегі ұшан-теңіз деп білемін. Ол Баян атындағы клубтың жұмысын 15 жыл бойы тегін жүргізіп, талай адамның жүрегіне от жақты, нәр берді. Ауыл жастары әжемізден үлгі алуы тиіс, – деді өңір басшысы.

«Қаламқастың» өнерпаздары тәнті етті

Бердібек САПАРБАЕВ Қарауыл ауылында Елбасы Жолдауына үн қосқан салтанатты жиынға қатысты. Мәдениет үйінде өткен іс-шара «Қаламқас» ансамблінің өнерпаздары дайындаған тамаша мерекелік ән-шашумен көмкерілді.
Аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы Абай елі үшін бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа үндеген Елбасы Жолдауы алдағы істердің темірқазығы екенін жеткізді.
– Соңғы жылдары әлеуметтік-рухани салада атқарылған оң істер баршылық. Ауданымыз рейтинг бойынша өткен жылды облыс көлемінде үшінші орынмен аяқтады. Мал басы жылма-жыл өз төлі және асылдандыру мақсатында сатып алу есебінен өсіп келеді. Қазір ауданда 510 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Бір қуанарлығы, асыл тұқымды малдың үлесі 20 пайызға жетті. Болашақта мал өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын барынша жетілдіруге күш саламыз. Бүгінде жүн-тері өнімін өңдеу бағытындағы алғышарттар қолға алынды, – деді мәслихат хатшысы.
Т.Аманғазының айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 2013 жылы 245 адамға 344 млн. теңгенің несиесі берілді. Олар бүгінде өз кәсіптерін кеңейтіп келеді.
Ардагер-ұстаз Нағима Шаңбаева «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Елбасы Жолдауы абайлықтарды ғана емес, күллі елді біріктіруші құжат екендігін жеткізді.
– Биылғы Жолдауды үйде отырып тыңдадым. Көңілге өте қонымды. Ата-бабамыздың аңсаған арманы – мәңгілік ел болу еді. Осы ұлы мұратты мақсат еткенімізге қуаныштымыз. Бұл – өте ауқымды мәселе. Жұрт болып жұмылсақ қана жүзеге асырамыз. Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген жыры бүгінгі күннің райына дөп келеді. Жастар ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмей, уақыттарын еңбек етуге арнауы керек. Еңбек мұратқа жеткізеді. Ұлылар идеясымен сусындаған абайлықтар да осы ұлы мұратқа ат салысады деп сенемін, – деді Н.Шаңбаева.
Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, белгілі ақын Төлеген Жанғалиев:
– Жақсылықты көре тұрып көрмесек, келешектің бар екеніне сенбесек, Тәңірдің алтын сыйы – Тәуелсіздікті кім сақтайды, кім қорғайды?! Ауданымыздың халқы – Абай мен Шәкерімдей ғұламалардың ұрпағы. Сондықтан жайдақ ойламай, мәңгілік ел болудың маңызын терең түсінуіміз керек, – деді.
2013 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауданға 21 жас маман келді. Оның ішінде 12 маманға көтерме жәрдемақы, 5 маманға несие арқылы тұрғын үй берілген екен. Соның бірі – Абай атындағы кешенді мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзана Айбекқызы. Жас ұстаздың жігерлі сөзі, жарқын дауысы аудан жастарын асқаралы биіктерді бағындыруға шақырды.
Аталған жиында облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Жылқы жылында қабылданған Жолдаудың тарихи-саяси мәні бар екенін, себебі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстан-2050» Стратегиясы арқылы Мәңгілік ел болу идеясын көтергенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Тек бірлік қажет. «Бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» сөзінің түп қазығы – бірлік. Елімізде халықтың алаңсыз еңбек етуіне барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Былтыр Абай ауданы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 600 млн. теңге қосымша қаржы алды. Бұл – осыдан 4 жыл бұрынғы бюджеттен 3 есе жоғары. Біз болашақ ұрпаққа жақсы мемлекет қалдыруымыз, ұлтымыздың басқа ұлттар алдындағы абырой-беделін жоғары ұстауымыз керек, – деді облыс Әкімі.
Облыс басшысы сондай-ақ, аудандық аурухана қызметімен танысты. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратта емдеу мекемесімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға арналған әлеуметтік орталық орналасқан.

Қарауылда спорт кешені салынды

Аурухана бір күнде 120 адамға қызмет көрсете алады. Облысқа бөлінген 2 заманауи рентген аппаратының бірі осы аурухана балансына берілген. Маммография кабинеті де жарақтандырылған. Десе де, бас дәрігердің айтуынша, УЗД және окулистикалық құрылғылардың тозығы жеткен.
Қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік қызмет орталығында спорт залы, компьютер сыныбы, психологиялық көмек кабинеті, қолөнер шеберханасы, еңбек және қарттар бөлмесі орналасқан.
Өңір басшысы «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде бой көтерген спорт кешенінің құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 120 млн. теңге. Облыс басшысы кешеннің бокс, күрес, жаттығу және тағы басқа жеке спорттық секцияларға арналған залдарды аралап көрді. Спортшыларға арналған жуыну, киіну бөлмелері және монша да бар. Алдағы уақытта көгалдандыру-көріктендіру жұмыстары жүргізілмек.
Кешеннің ашылуы наурыз айына жоспарланып отыр.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button