Қоғам

Абай ауданының спортшылары сенсация жасады

Абай ауданының спортшылары сенсация жасады


Әне-міне дегенше облыс әкімінің жүлдесі cарапқа салынған ХХІ халықтық спорт ойындары да мәресіне жетті. Төрт күнге созылып, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған биылғы дода несімен есте қалды? Бұл спартакиаданы бұған дейінгі жарыстардан ерекшелейтін жайттар болды ма? Жалпы, аталған ойындар спортсүйер қауымның көңілінен шыға алды ма?

Ауа райы өзгертулер енгізді

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мамандарының пікірінше, жарыс ойдағыдай өтті. Доданың деңгейі мен мәні артып, қатысушылар саны да анағұрлым ұлғайған. Басқарма басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, спартакиадаға облысымыздың барлық аудан-қаласынан 2 700-ден астам спортшы қатысқан. Тағы бір айта кетерлік жайт, биылғы жарыстың бағдарламасына 22 спорт түрі енген-ді. Бұл аталған спартакиадада бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш. Осы орайда, жарысты ұйымдастырушылар халықтық ойындардың мәртебесін арттыру мақсатында биыл жастар арасында танымалдыққа ие воркаут деп аталатын спорт түрін де енгізгенін айта кеткен жөн. Жалпы, осы жылғы ойындар аясындағы спорттық бәсекелердің қай-қайсысын алсаң да, тартысқа толы болды. Мұны жексенбі күні Өскемендегі ипподромда өткен спартакиаданың жабылу салтанатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов та айтты.

– Биылғы жарыста ешкім күтпеген нәтижелер тіркелді. Сол себептен, ойындар өте тартысты әрі қызықты өтті деп есептейміз. Мәселен, аудандар арасындағы жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан Абай елінің спортшылары көрінді. Бұған дейінгі додаларда үздік үштікке ілікпей жүретін абайлықтар биыл барлығымызды таңдандырды. Бұл басы ғана, алдағы спартакиадалар бұдан да қызық өтеді деп ойлаймыз, – деген басқарма басшысы келесі спорттық ойындарды Семей қаласы өткізетінін жеткізді. Қазір аталмыш шаһарда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша салынып жатқан бірқатар заманауи спорттық нысан екі жылдан кейін спартакиада сайыстарын қабылдауға сақадай сай болмақ.

Асқар Можанов, сонымен қатар келесі жылғы «Сәулетай» облыстық балалар спартакиадасы да ұйымдастырылуы жағынан бұған дейінгі жарыстарға қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде болатынына сендірді.

Абай ауданының спортшылары сенсация жасады

Дегенмен, биылғы жарыстың әттеген-ай дейтін тұстары да болғанын айтпасқа лажымыз жоқ. Мәселен, спартакиада барысында кей сайыстардың өту уақыты мен орны өзгеріп, соның салдарынан бұдан бейхабар жанкүйерлердің біраз сандалуына тура келді. Денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы мұны ауа райының қолайсыздығымен түсіндірді.

Шемонайхалықтар төл спортымызды
жақсы меңгеріпті

Десек те, арасындағы бірді-екілісі болмаса, спорттық сайыстардың өзіне тағар мін жоқ, түгелдей дерлігі аса тартысты жағдайда өтті. Мәселен, футбол турнирінің финалында баяғы қарсыластар Өскемен мен Семейдің командалары кездесті. Айта кетейік, осымен 21-ші рет ұйымдастырылып отырған ойындардың басым көпшілігінде футбол жарысының шешуші кездесуінде осы екі ұжым кездесетін. Биыл да солай болды. Облыс орталығындағы «Восток» стадионында өткен осы жолғы финалдық матч семейлік аяқдопшылардың пайдасына аяқталды. Есеп – 2:1.

Ал қаладағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған волейбол жарысының жеңімпаздары болып Глубокое ауданы мен Өскемен қаласының командалары танылды. Атап айтқанда, ерлер сайысында тарбағатайлық ұжымды 3:0 (партиялардағы есеп 25:14, 25:19, 25:18) есебімен ұтқан глубокоелықтар топ жарса, Өскеменнің волейболшылары қыздар бәсекесінің финалында тағы сол Тарбағатай ауданының командасынан басым түсті. Есеп – 3:0 (25:17, 25:16, 25:23).

Жалпы, биылғы спорттық ойындар барысында облыс орталығының саңлақтары нағыз бабында екенін дәлелдей білді. Өскемендік спортшылар жеңіл атлетика, президенттік көпсайыс, қазақ күресі, гір спорты, үстел теннисі, шахмат пен теңге алудан өткен сайыстарда тұғыр биігінен көрінді. Жоғарыда айтылған жаңа спорт түрі воркаут жарысында Шемонайха ауданының командасы үздік шықса, асық атуда тарбағатайлық спортшыларға тең келер ешкім болмады. Қол күресі мен аударыспақ бәсекелерінде Ұлан ауданының өкілдері алдына жан салмаса, дойбы турнирінде семейліктер көш бастады. Осы ретте, қазақтың төл спорты саналатын тоғызқұмалақ сайысында басқа емес, Шемонайха ауданы командасының топ жаруы, расымен де, күтпеген нәтиже болды.

Автокөлік Аягөзге кетті

Алайда, нағыз қызық атшабарда болды десек қателеспеспіз. Екі жылда бір келетін дүбірлі додаға әр аудан өзінің ең үмітті қылқұйрықтары мен апайтөс-тастақым азаматтарын әкеліпті. Әсіресе қазақтың қанын қыздыратын көкпар ойыны тартысты өтті. Тымақтарын жымыра киген қызу қанды азаматтар өз ауданының намысын бермеу жолында барын салып бақты. Бір қызығы, талай жылдан бері тақымынан серке бермеген кей аудандар биыл жаңа есімдерге жол берді. Сонымен бірінші орынды Өскемен қаласы мен Көкпектінің көкжал намыс жігіттері әкетті. Төрешілер оларды ақтық айқасқа шығармастан, осылай шешім шығаруды жөн санапты. Ал үшінші орын тарбағатайлық азаматтардың тақымында.

Қызқуар сайысы бойынша көп сөйлеудің қажеті аз, өйткені облыс тұрмақ, республикада қарсылас шыдатпай жүрген өскемендік Еркеназ бен Ринаттың жұбына бұл бәсекеде ешкім тек келмеді.

Үш шақырымнан сәл ғана асатын ұшқыр бәйгеде Дәулет Шайырғазиновтың тақымындағы «Ұшқыр» есімді көкпектілік желтабан жеке-дара келді. Қалған екі орын Шемонайханың қос жүйірігінің еншісіне жазылды. Қазақ дейтін халықтың сыр-сипаты мен сал-серілігін әспеттейтін жорға жарысында Руфат Сапашов мінген зыряндық жануар үш айналым бойы алдына қара салмай, қалғандардан оқ бойы озып келді. Нағыз су төгілмес ақпа жорға десті жұрт. Одан кейін мәре сызығын Абай мен Өскеменнің жорғалары кесті.

Жарыстың қызығын, елдің ықыласын арттыратын тағы бір жарыс – он бес шақырымдық топ бәйге. Бұл сында үржарлық Мерхат Сапарғалиев ауыздықтаған жүйрік көрермен көзайымына айналып, мәреден бірінші өтті. Екінші және үшінші орындар Семей мен Аягөздің еншісіне жазылды.

Абай ауданының спортшылары сенсация жасады

Ал елдің көптен күткен аламан бәйге аса бір қызықты жағдайда өтті. Дәл түс әлетінде өткендіктен бе, әлде бастапқы жылдамдық соншалықты қатты болды ма, 25 шақырымды құрайтын он айналымды тек төрт ат қана бағындырды. Қалған сәйгүліктердің дені жарысты жол ортадан аяқтап жатты. Сонымен аздап дауға ұласқан бәйгенің екінші, үшінші орындарына тиесілі жүлделерді Жарма мен Тарбағатайдың атбегілері бөлісті. Ал аламан бәйгеге тігілген бас жүлде – автокөлікті аягөздік Елжан Ерболұлы тақымдаған «Көгершін» атты сәйгүлік талассыз әкетті. Алтыншы айналымнан бастап алдыға шыққан жануар екінші келген атты бір айналым артқа тастап келді. Жеңімпазға автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев тапсырды.

Көш басында Өскемен мен Тарбағатай

Ал енді биылғы жарыстың қорытындысына келер болсақ, қалалар арасындағы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға Өскемен қаласының құрамасы (375 ұпай) ие болса, семейлік саңлақтар екінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Семейліктер жарыс жеңімпаздарынан 36 ұпайға қалып қойды. Шаһарлар арасындағы бәсекенің үздік үштігін Риддер спортшылары түйіндеді. Кеншілер қаласының қоржынында – 159 ұпай.

Ал аудандар арасындағы жарыста Тарбағатай спортшыларына тең келер ешкім болмады. Спорттық ойындар қорытындысы бойынша 320 ұпай жинаған тарбағатайлықтар екінші орын алған Ұлан ауданының құрамасынан (257 ұпай) едәуір ұзап кетті. Ал үшінші орынға, жоғарыда айтылғандай, Абай ауданының саңлақтары ие болды. Ұлылар елінің үздік үштіктен көрінуін, шынымен де, сенсацияға балауға болады. Олардың еншісінде – 248,5 ұпай.
Естеріңізге салайық, екі жылда бір рет өтетін халықтық спорт ойындары төрт кезеңнен тұрады. Оның біріншісінде спортшылар ауылдық округтер арасында үздікті анықтаса, одан кейін аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда күш сынайды. Биылғы доданың жеңімпаздары да алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында өтетін ел Президентінің жүлдесі сарапқа салынатын халықтық спорт ойындарының республикалық кезеңіне жолдама алып отыр.

Нұржан Кенжеұлы,
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button