Абай атындағы мәдениет үйі ашылды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Глубокое кентінде Абай Құнанбайұлы атындағы Мәдениет үйі ашылды. Жаңа ғимараттың барлық санитарлық талаптарға сай өткізілген ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.
Бұл мәдениет ошағы ел егемендігін алғалы аталған ауданның орталығында бой көтерген алғашқы жаңа нысан екенін айта кеткен орынды. Сол себепті де жергілікті тұрғындар үшін бұл қуаныштың орны бөлек.
Заман талабына сай салынған мәдениет ошағында 300 орындық көрермен залы, сонымен қатар «Мультимедиялық журналистика», «Өзімді және техниканы танимын», «Пирография» техникасы сияқты сабақтар өткізуге арналған шеберханалар бар. Балаларға арналған үйірмелерде «Амигуруми» әдісі арқылы тоқуды, «Пэчворк» техникасымен бұйымдар жасауды, «Граттаж» техникасын қолдану арқылы дәстүрлі садақ атуды, сурет салуды үйретеді.
Салтанатты шараға ауданның құрметті азаматтары, қоғам өкілдері, «Терезе» ЖШС мердігерлік ұйымының басшылары да қатысты.
– Сіздерді еліміздің келе жатқан ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Соңғы 30 жыл ішінде еліміз іргесі бекем, қадамы нық, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналды. Жаңа Мәдениет үйі біздің болашақ жетістіктеріміздің символына айналсын. Балаларымыз бен немерелеріміз үшін осындай тамаша нысанды салғанымызға қуаныштымын, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Мәдениет үйінің ерекшелігі, мұнда заманауи жабдықталған кинотеатр да жұмыс істейді. Ғимараттың алдына жаңа сквер мен Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов ақсақалдармен бірге ескерткішті салтанатты түрде ашып, ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
«Didar» ақпарат