Қоғам

Абай атындағы театр жөнделеді

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында Бөрілі ауылын абаттандырып, жолын жөндеуге 48,7 миллион теңге бөлінбек. Бұдан бөлек Семейдегі ақын атындағы театр ғимаратына да 198,8 млн. теңгеге ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілмек.

Бұл жөнінде кезектен тыс шақырылған облыстық мәслихаттың  сессиясында белгілі болды.

«2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 13 желтоқсандағы №35/389-VI шешіміне енгізілген өзгерістерді баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманованың айтуынша, бұлармен бірге Абай ауданының Қасқабұлақ ауылдық округінің аумағында орналасқан Ақшоқыда жатқан Құнанбай Өскенбайұлына арналған мұражай құрылысы да басталмақ. Бұған қазынадан 276,7 млн. теңге бағытталып отыр.

Сессия барысында аймақ басшысының ұсынысымен депутаттар өңірдегі көпбалалы екі анаға Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы да шешім қабылдады. Мұндай марапатқа зайсандық кәсіпкер, «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәулеш Абылғожина мен семейлік Ольга Кандыба лайық деп танылды.

Аймақ басшысы депутаттарды өз округтеріндегі сайлаушыларға коронавирусқа қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.

– Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты Үкімет дер кезінде тиісті шешім қабылдап, алдын алу жұмыстарын күшейтті. Облыстағы емханалар мен білім ошақтарында тиісті алдын алу шаралары атқарылып жатыр. Көпшіліктің қатысуымен болатын түрлі іс-шаралар шектелді. Алдын алу мақсатында істеліп жатқан амалдарға халық түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Сол себепті жалған үрейге бой алдырып, бекер байбалам салып, жаппай азық-түлік сатып алуға негіз жоқ. Өзім де супермаркеттерді аралап, қарап шықтым. Депутаттар да өз округтеріндегі тұрғындарға осындай түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс, – деді Даниал Ахметов.

Сессияда облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюктің баяндауымен өзге де мәселелер қаралып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button