«Абай Арена» сәулетімен тәнті етеді

Семейге іссапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Қарағайлы шағын ауданына аялдап, «Абай Арена» спорттық-мәдени кешенінің құрылысын бағамдады. Аймақ басшысы бұл нысанды келер жылдан қалдырмай тапсыру қажет екенін нақтылап айтты.
Бүгінде бірегей кешеннің металды құрылымдары толықтай тұрғызылып, сыртқы беті арнайы материалдармен қапталуда. Тағы бір айтарлығы, нысанға жылу тартылып, қазірдің өзінде ішкі температурасы қалыпты деңгейге келтірілген. Негізгі ерекшелігі, әмбебап құрылымда бірнеше спорттық жарысты өткізуге мүмкіндік жасалмақ. 50 және 25 метрлік жүзу бассейіндерін бетондау аяқталды. Бұған қоса, теннис әрі волейбол сынды ойындарға арналған залдарды салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары үш блокта қарқын алған.
– Келешекте осы «Абай Аренаны» көру үшін мыңдаған адамдар келетін болады. Бұл кешен Шығыстың сәулеттік жауһарына айналары сөзсіз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда технологиялық жағынан күрделі қондырғы орнатылған. Осындай алып кешенді күтіп-ұстау оңай шаруа емес. Сондықтан қазір бұл жұмыспен айналысатын компанияны іздестіріп жатырмыз. Сол үшін өз талаптарымызды дайындау үстіндеміз. Осы жерге бір ай бұрын келген едім. Бұл аралықта кешеннің келбеті лезде өзгерген. Көңілімнен шығып отыр. Үлкен жұмыс істелінді. Бір жылдан кейін нысан іске қосылатынына сенімдімін. Мұнда Қазақстаннан бөлек, көршілес Ресейден де халық келетініне күмән келтірмеймін, – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы, шаһардағы №1 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Мұнда келудегі мақсаты – «Алтай» волейбол клубының жастар резервімен танысу. Осы орайда спортшыларды жапондық Саэ Ишида дайындап жатқанын айта кетейік. Күншығыс елі өкілінің жаттығу тәсілі аймақ басшысының көңілінен шықты. Өйткені, шетелдік маман физикалық дайындыққа алты сағаттан артық уақытты арнайды екен.
– Жапондық маманның біздің бапкерлерден айырмашылығы неде? Мынаны қараңыз, жаттығудың алғашқы бөлігі 3 сағаттан тұрады. Екінші кезеңі де тағы 3 сағаттан құралады. Еш жерде дәл мұндай мамандар жоқтың қасы. Ал сәттіліктің негізі осында жатыр. Тек еңбекқорлықтың арқасында жеңіске жетуге болады. Сол үшін барлық жаттықтырушыларды бүгін арнайы шақыртып, шетелдік шебердің әдісіне қанығуға мүмкіндік бердім, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Даниал Ахметов жедел медициналық жәрдем ауруханасына соғып, гибридті ота залын дайындау бойынша жұмыстарын пысықтады. Бұл өңірдегі баламасы жоқ операция бөлімі болады деп жоспарлануда. Оның көмегімен жедел коронарлы синдром, яғни инсультті алдын-алуға, сондай-ақ кардиохирургиялық күрделі оталар жүргізіледі. Ол үшін озық медициналық қондырғылар орнатылмақ. Осыған байланысты ауруханада құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып келеді. Жаңа ота залы мекеменің астыңғы қабатында орналасады. Медициналық орталық замануи ангеограф құрылғысымен жарақталатын болады.
Жақсылық Мұратқали
Семей.