Расында, Кенжеғали Мыржықбай десе, ең әуелі Абай әндері еске түседі. Өнерпаздың айтуынша, әнші ұлы ақынның әндерін 1993 жылдан бері үзбей шырқап келеді. Осы уақытқа дейін сегіз концерттік бағдарламамен әлемнің 18 елінде болып, хакімнің сазды әуендерін төрткүл дүниеге паш етіпті.
Өнердегі жолын Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрынан бастап, жастығына қарамастан «Ақан сері – Ақтоқты», «Қыз Жібек», «Жұмбақ қыз» операларында басты рөлде ойнаған оны қазір жұрт концерттік әнші ретінде жақсы біледі. «Операда біреулер бір ізбен барып, сол ізбен қайтып жүргенде қалай қартайғанын өзі де сезбей қалып жатады. Қаншама керемет әншілер операда жүр, бірақ халық біле бермейді. Неге? Өйткені, ән айтып, концертпен шұғылданбайды», – дейді кейіпкеріміз бір сұхбатында.
Бір ізді қайта-қайта шиырлауды жаны сүймейтін, тәуекелге барудан қорықпайтын, өзін үнемі қамшылап, әркез жүйрік аттай бабында жүретін Кенжеғали Мыржықбай 1996 жылы Алатаудан арқаға жұмыс ауыстырады. Әуелі Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, кейін Ақмола мемлекеттік филармониясының директоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы, осындағы мемлекеттік филармонияның директоры қызметтерін атқарды. Ақмолада филармонияда директор болғанда алпыс адамнан тұратын ұлт аспаптар оркестрін құрады, туған жері Шығыста еңбек еткенде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығының ойдағыдай өтуіне үлес қосады. Мерейтойға орай Өскеменде ақындар айтысын өткізуге, сол жылы Семейде ақынның ескерткішінің ашылуына ұйытқы болады. Республика бойынша еш жерде жоқ ән атасы Әміренің ескерткішінің Мәдениет үйінің алдына орнатылатыны да осы кез. Кезінде атағы алысқа жайылған «Қаламқас» халық ансамблінің қайта түлеп, шетелге өнер сапарымен шығуына жол ашады. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп хакім Абай айтпақшы, өнерпаз қандай қызметте жүрсе де, есті әндерімен ел көңілін тербетуді тоқтатқан емес. Кенжеғали Мыржықбайдың ерекшелігі, ешқандай фонограммасыз бір концертте түрлі жанрда екі сағат бойы ән салады. Тек Абайдың ғана емес, халық әндерін, классикалық әуендерді де келістіре шырқайды. Шырқаумен ғана шектелмейді, шабыттанып өлең де оқиды. Кейде концерттерін де өзі жүргізіп отырады. Кейіпкеріміздің тағы бір өзгешілігі, арақ-шарап түгілі, күнделікті тамақтың өзін талғап ішетіндігі. Әнші он жылдан бері кешкі астан түбегейлі бас тартқан екен. Жетпіс жасқа таяп қалса да, он сегіздегі жігіттей сергек жүруінің, екі сағат емін-еркін концерт беруінің бір сыры осында болса керек.
Кенжеғали Мыржықбай 2012 жылдан бері ел астанасындағы Л.Гумилев атындағы Ұлттық университетіндегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігіне жетекшілік етеді. Оқу орнына тарыдай боп кірген студенттер он жыл мұғдарында Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Несіпбек Айтұлы, Көпен Әмірбеков, Сейіт Қасқабасов, Намазалы Омашев секілді таудай тұлғалардың тағылымды әңгімесін тыңдапты. «Кәусар» кезінде Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіндегі өнер жанашыры Бақтажар Мекішевтің «Жеті муза» клубының заңды жалғасы секілді көрінеді.
Біз білетін Кенжеғали Мыржықбай – әні әуезді, келбеті де, адами қасиеті де келісті азамат. Ал мұндай жан қандай құрметке де лайық деп білеміз.
Азамат Қасым,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі