ТОПҰлттық рухани жаңғыру

Абай әлеміне саяхат

Абай шығармашылығы қазақ руханиятының темірқазығы іспетті. Бүгінгі ұрпақ хакімнің асыл мұрасын өзінің рухани өміріне өзек етіп келеді. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын ақынның шығармашылық ғұмырнамасының маңызы арта түсті. Соның бір дәлелі – Абай күні. Бұл атаулы күн арнайы қаулымен бекітілгеннен бері де екі жыл аунап артта қалды.

Тұғырлы тұлғаның туған күнінің маңызы артып, «Абай күніне» ауысып ауқымы кеңейді. Атаулы күн ретінде халықтың құлағына сіңіп, жүрегінен орын алды. Бұл күн арнайы мереке болып бекітілгенде руханият өкілдері бөркін аспанға атып қуанды. Абайтанудағы нақтыланбаған ақынның туған күніне қатысты сұраққа нүкте қойылған болатын.

– Күні кеше жарияланған Үкіметтің қаулысында ресми бекіпті. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әділдіктің салтанат құратынына сендік. Тірісінде ақиқатты, әділдікті жақтап, ғылымды ту көтерген, соңына жақұттай жарқыраған қазына қалдырған жанға қатысты дүниелердің ешқайсысына біз немқұрайды қарамауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде қоғамда оның  туған күніне қатысты екіұдай пікірдің болуы, екі түрлі датаның аталуы бізді қынжылтатын. Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Оны кезінде біз жазғанбыз. Әрине, бұл жерде ақынның биографиясына терең бойламағанымды айта кеткен жөн. Мен көбінде оның рухани қазынасын зерттедім. Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым» деген пікірде болған. Мен негізінен Абайдың шығысын  зерттедім. Енді кешігіп болса да, ұлы ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың бекігені  құптарлық іс болды деп ойлаймын. Бұл сөзсіз солай болуы қажет нәрсе, – деген болатын филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов.

Енді, міне, 10 тамыз ел асыға күтетін рухани мерекеге айналып отыр. Қазақ даласының әр өңірі Абай деп өлең оқып, Абай деп ән салуда. Мерекелі күн қарсаңында Өскемен қаласында өтіп жатқан ұлы ақынға арналған рухани іс-шаралардың біразын тамашалап қайттық.

Фотозона. Көрме. Мозаика

Абай күніне арналған мәдени іс-шаралардың бірқатары рухани шаңырақ – Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті. Абай әлемін қызықтап, ақын шығармашылығымен рухани шөл басам деген жұрт кітапханада тоғысыпты. Ұлы тұлғаның рухани ғұмырнамасынан хабары бар ойлы оқырмандардың қарасы көп. Олардың арасында хакімнің қара сөздерін жатқа соғатындар, ақынның өрнекті өлеңдерін нақышына келтіре оқитындар мен абайтану ғылымымен сусындағандар жүр. Өйткені кітапхана алаңында «Абай – даналықтың дара шыңы» атты ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Онда «Абай – кемеңгерліктің биік шыңы» атты интерактивті әдеби экспозиция, «Абай – сіз үшін кім?» атты тақырыптағы видео сауалнама, «Мен бір жұмбақ адаммын…» атты сөзжұмбақ және мозаика құрастыру сайыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шараның «Әнді сүйсең менше сүй» кезеңінде әуесқой әншілерге сахна төрін ұсынды. Бір қуанарлығы, Абай әндерін шырқаған әуесқой әншілердің қатары көп болды. Бұл енді Абай әндерінің «жүректен кіріп, бойды алғандығының» дәлелі деп білдік. Көрермен белсене қатысқан рухани іс-шараның тағы бір бөлімі «Abai world» деп аталыпты. Кезек-кезек оқылған өлеңге тебіренген жұрт ары қарай қарасөзге құлақ түрді. Іс-шараның осы тұсында көрермен жұрт ойдың тереңіне бір түсіп, бір шықты. Ойлана тұрып толғанды.

Мереке көркін қыздырған жұрттың арасынан сатыр-сұтыр тоғызқұмалақ ойнап отырған оқырмандарды жолықтырып қалдық. Осы арада барып Абайдың тоғызқұмалақты сүйіп ойнағаны есімізге түсті. Тіпті хакім ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы Абай облысындағы музейде тұрғанын көргенбіз және ол туралы жазғанбыз. Жас ұрпақтың осылай ақынды әр қырынан танығаны қуантты. Ойын қызығына батқан ойыншылардың төбесінен үңіліп біраз тұрдық. Кезіндегі қойшылардың ойынын қала тұрғындары есептей алмай бас қатырып отыр. Дала математикасы қалай мықты болған десеңші?! Абайдың өз заманында тоғызқұмалақшылар сайысын ұйымдастырып, оны дәріптеуі тегін болмағанын білдік. Мін, бұл – хакімнің тағы бір қыры.

Бұл жолғы ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі де қызықты. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей… Көрмеге көптеген кітаптар қойылыпты. Солардың арасынан киіз кітап ерекше көзге түсті. Кәдімгі киізден жасалған кітап, шамамен, 10 бет болу керек. Ашып, оқып көрдік. Іші Абай шығармашылығымен өрнектеліпті. Кітап формасымен және өзгешелігімен оқырманды өзіне тартып тұр. Ал оның қасында тоқыма кітап тағы тұр. Кәдімгі қолдан тоқылған кітап. Төрт беттен тұратын тоқыма кітаптың ішіне Абайдың төрт мезгіл туралы өлеңдері үш тілде өрнектеліпті. Кітаптың жанама бетінде әр мезгілдің мозаикасы орналасқан. Табиғат көріністерін арлы-берлі көшіріп орналастыруға болатындай етіп жасаған. Баланың логикасын, танымын, көзқарасын, ой-санасын оятуға арналыпты. Бұл кітап сонысымен оқырманды қызықтырмақ. Міне, балаға кітап оқытудың осындай жаңа тәсілдерін көрмеден кезіктірдік. Абай күнін тойлауға келген жұрт кезек-кезек киіз кітапты тамашалап жатты. Ал кітапхана ішіндегі үлкен залда фотозона орналасып, экранға хакім Абайдың фотосы қойылған. Үстел үстінде шамдар мен кітаптар. Осылайша, оқырманның Абай әлеміне жан-жағынан жақындай түсуіне мүмкіндік жасапты.

Бала Абай бейнесі

Мазмұны ортақ болғанымен, форматы өзгеше іс-шаралар Өскеменнің рухани шаңырақтарының барлығында өтті. Соның бірі – Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Бала Абайдан – дана Абайға дейін» деген тақырыппен ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға келген жұрт алдымен Абай әлемінен жан-жақты мағлұмат беретін  «Әдеби дастархан» атты  кітап көрмесін тамашалады. Осыдан кейін оқырман қауым VR  киіз үйдегі  заманауи  техника  арқылы  М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы бала Абай туралы  мәтін желісі негізінде бейнекөрініс – локация  жасау жолдарымен танысып көрді. Ары қарай кітапхананың кішкентай оқырмандары «Абай жолы» романындағы ақынның балалық шағы туралы оқып, мәтін желісі бойынша  мультстудияда «Бала Абай» атты фильм жасауды үйреніп, заманауи технология тетігін меңгерді. Білімі мен білігін арттыра отырып мүмкіндіктерін сынап көрді. Жаңа форматтағы іс-шараға жастар қызыға қатысты. Ал ары қарай рухани мерекеге келген қонақтар VR киіз үйде отырып ақынның  Жидебайдағы  мұражай-үйіне қашықтан онлайн саяхат жасады.

Кезең-кезеңімен өткен іс-шараны көпшілік қызыға тамашалап, белсене қатысты. Мәдени іс-шараның келесі бөлімі  «Құлақтан кіріп, бойды алар…» деп аталыпты. Кітапхана қонақтары күмбірлі күй, әуезді ән тыңдады. Зерделі оқырман «Зерек зерде» байқауына қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Абай әлеміне қатысты білімдерін сынға салды. Сондай-ақ кітапхананың барлық бөлімдерінде мольбертте ұсынылған Абай шығармаларынан үзінділерді және ақын туралы шетел зиялыларының ой-пікірлерімен танысты. Ал «Жаһанға мәшһүр ұлы Абай» атты мольберттегі  фотокөрмеде  оқырман қауым әлем елдерінде Абайға арналып қойылған 20-дан аса  ескерткішті тамашалады.

Мәдени іс-шара барысында ақынның табиғат туралы  өлеңдеріне негізделген «Абай өлеңдері – көркемсуретте»  атты байқаудың да қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Абай күніне арнайы келген оқырмандар да сыйлықтан құр қалмады.

Осылайша, оқырман қауым дана Абай әлеміне саяхат жасап, бала Абай бейнесімен танысып қайтты. Абайдың рухани мұрасы қазақ руханиятының қайнар бұлағы, ажырамас кең арнасы іспетті. Сондықтан да Абай күні қазақ руханиятының күні есебінде тойланды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button