Абаттандыруға кәсіпкерлер кедергі келтіріп отыр
Әлемде теңдесі жоқ, шипалы Алакөлдің жағасы жыл өткен сайын көркейіп, туристер демалысы үшін жан-жақты жағдайлар жасалып, абаттандырылып келеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің нақты тапсырмасымен көлге баратын күре жолдар жөнделіп, көлік қатынасы ретке келтіріліп, демалушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жағалауға арбат, саябақ, субұрқақ салынып, санитарлық тазалық, қауіпсіздік мәселелеріне жіті көңіл бөліне бастады. Жаңадан құрылған «Алакөл тазалық» мекемесі демалыс базаларына коммуналдық қызмет көрсетіп, жағалаудың тазалығына жауап беріп келеді.
Жуырда демалыс аумағында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Tourist info» орталығы ашылды. Бұл жерге келушілер демалыс базалары, олардың көрсететін қызметтері, бос орындар туралы толық ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алады.
Жалпы, Алакөл аумағын абаттандыру, туристерге жайлы жағдай туғызу мақсатында облыстық қазынадан 2016, 2017, 2018 жылдарға 4 миллиард 363 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 2016 жылы 588 миллион теңгенің, 2017 жылы 1 миллиард 264 миллион теңгенің жұмыстары атқарылды. Құны 157 миллион теңгені құрайтын саябақ пайдалануға берілді. Қаражаттың бір бөлігі Жалаңашкөл стансасынан Мақаншы ауылына дейінгі, Қарабұлақ ауылынан көлдің жағасында орналасқан Қабанбай ауылына дейінгі жолдарды жөндеуге бағытталған. Былтыр көл жағалауындағы абаттандыру жұмыстарына 600 миллион теңге жұмсалса, биыл осы шаруаны ары қарай жалғастыруға 1 миллиард 388 миллион теңге қарастырылып отыр. Арбаттағы үш мың шаршы метрлік алаңға төсеме төселіп, 1040 метр жиектас, 40 текше метр тірек қабырға орнатылды.
Алдағы уақытта төсеметастар мен жиектастарды орнату, ағашпен қаптау, темірден тірек қабырғалар және төсеніш төсеу, 900 кіші архитектуралық мүсін, жүзу алаңының белгілерін және жасанды бұғаз орнату жоспарланған. Жұмыстар күн жылына салысымен қарқын алған.
– Бұрын мына жақ шаң-тозаң болып жататын. Қазір жағалауда бәрі жөнге келтіріліп жатыр. Жағалау жарықтандырылуда, алдағы уақытта мұнда Wi-fi желісі, өрт сөндіру депосы болады. Ұшақ қатынасы ретке келтірілмек. Туристер теміржол көлігімен де қатынай алуы үшін жол салынуда. Оның бәрі Алакөлді дамыту, туризмді өркендету үшін жасалып жатқан игі шаралар, – дейді жергілікті кәсіпкер Ардақ Құжыбаева.
Бүгінде жағалау бойын абаттандыру іс-шаралары да қызу жүргізілуде. Алайда игі өзгерістерге кедергі болып тұрған жайттар да жоқ емес. Айталық, жекелеген кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарына наразылықтарын танытып отыр. Мәселен, жағалаудағы ірі демалыс кешендірінің бірі саналатын – «Әйгерім» демалыс базасының иелері жағалаудағы меншікті жер телімін мемлекет қарамағына қайтаруға келісімін бермей отыр. Іс сотта қаралуда. Телімнің ауданы 0,84 гектарды, яғни 8 400 шаршы метрді құрайды.
– Қазіргі заң бойынша жағалауға 500 метрге дейінгі аумақта объект салуға болмайды. Жағалауда жер тілімдері бар өзге екі кәсіпкермен ешқандай мәселе туындаған жоқ. Тағы бір телім №2086 әскери бөліміне қарасты болатын. Мемлекеттік орган болғандықтан ол телімге байланысты да проблема болған емес, – деді бізге берген түсініктемесінде аудан әкімінің орынбасары Әлия Сарбаева.
Қазіргі уақытта Алакөл жағалауы тағы 400 метрге дейін абаттандырылуы тиіс. Мемлекет қаражатына жекеменшік иеліктегі учаскеге абаттандыру жұмысын жүргізуге болмайды. Сондықтан оларды алдымен мемлекетке қайтару керек. Мемлекетке сұрап отырған аумақ бос жатыр әрі заң талабына сай бүгінде ол жерге қандай да бір жылжымайтын мүлік салуға рұқсат берілмейді. Демалыс үй иелері аудан әкімінің жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі қаулысын сотқа берген. Енді екі жақ облыстық сот шешімін күтуде.
– Жұмыс осы аумаққа келгенде тоқтап тұр. Дәл осы 0,84 гектар жерге дейін жоспарлы іс аяқталып қалды. Облыстық сот шешімін күтеміз. Бірақ Алалкөлдің басқа аумағында жұмыс барысы қызу, жоспарлы істі маусымның 10-на дейін толық аяқтаймыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы, жер телімдерін пайдалану кемшіліктері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде айтсақ, мақсатты қолданылмай отырған жалпы көлемі 67,7 гектарды құрайтын 100 жер телімі зерттелген. Жалпы көлемі 9,32 гектар 14 жер телімі нақты мекенжайлары болмауына байланысты иесіз мүлік ретінде есепке қойылды. Көлемі 26,3 гектар болатын 28 жер телімі нұсқаулық мерзімнің өтуіне сәйкес, көлемі 4,6 гектар болатын төрт жер телімі сот арқылы қайтарылыпты.
Соңғы жылдары Алакөлге зор көңіл бөлініп жатқаны рас. Алайда, бұған дейін жағалау басындағы көлеңкелі бизнеске билік те көз жұма қарап келген. Енді жағдай басқаша болмақ. Жалпы, осы аумақта демалушыларға қызмет көрсететін 229 кәсіпкерлік нысан бар. Олардың 147-і – демалыс үйі. Биыл бұл қатарға тағы 11 база қосылмақ. Десек те, аталмыш демалыс аймағынан түсетін салықтың көлемі ауыз толтырып айтарлық емес. Өткен жылы түскен салық көлемі тиісті 330 миллион теңгенің орнына 17 миллион теңгені құраған деп хабарлайды облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы.
Ержан Әбіш