Абаттандыру жұмыстары күзге дейін аяқталуы тиіс

Алдағы қазан айына дейін Өскемендегі Әлия Молдағұлова атындағы көшенің аумағы толық абаттандырылуы тиіс. Кеше қаланың іргесінде орналасқан Күленов кентінде болған облыс әкімі Даниал Ахметов құзырлы органдарға осындай тапсырма берді.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта Ә.Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан 16 көпқабатты тұрғын үйде 3 700-ге жуық адам тұрып жатыр екен. Олардың дені – жастар. Мұны осы ықшам ауданның тұрғыны Асан Алпысов та айтуда.
– Бұл жерде тұрып жатқаныма алты жылдай болды. Үйдің өзіне қатысты бірен-саран мәселе болмаса, қалғаны бәрі жақсы. Тек автобус қатынасы мен үйлердің айналасын абаттандыру жағы ақсап тұр. Мәселен, бұл жаққа автобустар сирек жүреді. Оған қоса, үйлердің айналасында жастарға, балаларға арналған ойын алаңқайлары мен спорттық нысандар жоқтың қасы. Осы мәселелер шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді А.Алпысов.
Молдағұлова көшесінің тұрғындарымен кездесуге келген облыс әкімі Даниал Ахметов осы және басқа да ұсыныстар мен тілектерді мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Бұл жерде осыдан бірер апта бұрын болып, қала басшылығына аталмыш ықшам ауданды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырғанмын. Бүгін міне, қала әкімі Жақсылық Омар бұған қатысты бірнеше жобаны назарымызға ұсынды. Мәселен, көше бойында орналасқан үйлердің жанынан футбол және стрит воркаут алаңдары, екі балалар алаңқайы бой көтермек екен. Бұл – құптарлық бастама. Дегенмен қала басшылығының мұнда 150 түп көшет отырғызу жөніндегі жоспарын дұрыс деп санамаймын. Себебі, 150 түп деген өте аз. Сондықтан алдағы күзде жергілікті тұрғындардың тікелей қатысуымен көшет отырғызу науқанын өткізу керек. Бұл игі іске өзім де арнайы келіп, қол ұшымды тигізуге уәде беремін, – деген облыс әкімі бір айдан кейін бұл жерге тағы бір рет келіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысатынын мәлім етті.
Айта кетейік, алдағы күзге дейін Әлия Молдағұлова көшесі орналасқан 16-шы ықшам ауданда ауқымды абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қала әкімі Жақсылық Омар хабарлағандай, мұнда 123 көше шамы орнатылып, жалпы ұзындығы үш шақырымнан асатын тротуар төселмек. Сонымен қатар әрқайсысының ауданы 400 шаршы метрді құрайтын екі балалар алаңқайы салынуы тиіс. Мұнымен қоса, жастарға арналған стрит воркаут алаңы (500 шаршы метр) да пайда болмақ.
– Бұл жерде автобустардың соңғы аялдамасы орналасқан. Оны да назардан тыс қалдырмаймыз. Аялдамаға апаратын жолды асфальттап, жиектеріне бордюр қоямыз. Аталған жұмыстардың бәрін 15 қыркүйекке дейін бітіруге тырысамыз, – деді қала әкімі.
Өз кезегінде аймақ басшысы жол жөндеу жұмыстарымен шектеліп қалмай, автобус қатынасы мәселесін де қайта қарау керектігін ескертті. Облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта шаһардың іргесінде орналасқан ықшам ауданға жүретін автобустар санын арттыру қажет.
Нұржан Кенжеұлы