Қоғам

Абаттандыруға бағытталған 60 жоба

Жарма ауданында әлеуметтік нысандарды жөндеуге, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыруға бағытталған 60 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жалпы құны үш миллиард 679 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жобалар, сонымен қатар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар. Түптеп келгенде, бұл шаруаның бәрі ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай өзгерістер енгізуі де тиіс.

Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраевтың хабарлауынша, өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 жобаны іске асыруға 656 миллион теңге бөлінген. Соның арқасында ауданда 174 жаңа жұмыс орны құрылыпты.

Белгілі болғандай, бүгінге дейін 23 жоба жүзеге асырылып қойған, тағы екі жоба бойынша жұмыстар аяқталуға жақын екен. Оның ішінде елді мекендердегі көше жолдарын қалпына келтіру жұмыстары да бар. Мысалы, Қалбатау ауылының үш көшесіне (Ақтамберді жырау, Тәңірбергенұлы, Ысқақов) және Шар қаласындағы Қабанбай көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, Қалбатау ауылының екі көшесіне (Келденова, Боранбай би), Шар қаласының Амангелді көшесіне және Әуезов ауылының Геологиялық көшесіне жарық тартылған.

Қалбатау ауылында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ойын алаңы салынып, Шуақ ауылында балақайлардың ойын алаңы бой көтерген.

– Ауданымызда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны бір миллиард 295 миллион теңгенің бес жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Әуезов ауылында 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Биыл бұл мақсатқа 645 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Бақыршық орта мектебі мен Абай мектеп-гимназиясын күрделі жөндеуге 486 миллион теңге бөлінді, жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. 163 миллион теңгенің орташа жөндеу жұмыстары Қалбатау ауылы мен Әуезов ауылының жолдарын қамтыды, – деген аудан әкімінің орынбасары жыл соңына дейін Жармадағы 48 елді мекен таза ауызсумен қамтылатынын да мәлім етті.

Тарқатып айтсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауданның Аршалы, Кіші Қарасу және Қапай батыр ауылдарында жалпы сомасы 835 миллион теңгенің су құбырлары салынуда екен. Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 31 шақырымды құрамақ.

Аудандық әкімдіктен хабарлағандай, Қапай батыр мен Аршалы ауылдарындағы құрылысты биыл аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар облыстық және аудандық бюджеттердің есебінен Қапанбұлақ, Кеңтарлау, Қоңырбиік және Балықтыкөл ауылдарында блоктық-модульдік станциялар орнатылуда. Жыл соңына дейін 50 елді мекеннің 48-і таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, жалпы көрсеткіш 96 пайызға жетпек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button