Қоғам

Қабанбайдың ескерткіші қараусыз қалыпты

Қабанбайдың ескерткіші қараусыз қалыпты


Редакцияның тынымсыз телефоны тағы да безілдей жөнелді. Арғы жақтан құсалы қарияның қарлығыңқы дауысы естілді. Өзін Рымбек Төребекұлы деп таныстырған ақсақал Глубокое ауданы Алтай кентінде тұрады екен. Әңгімесі мынау.

– Өткен сенбі күні Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылына барып жаназаға қатыстым. Уақыт ертерек болған соң, Қабанбай батыр ескерткішінің алдына барып басқаларды елді күттім, – деп бастады сөзін ақсақал. – Барсам шашылған бөтелке, сынған әйнек, қаптаған қоқыс. Осы ескерткіш ашылғанда ел болып қуанған едік, елдің рухы көтерілетін болды деп. Сөйтсем қарыстай жер үшін қасық қанын арнаған хан батырға сұмдық «сый» жасап жатыр екенсіңдер, қарағым, – деп тіл найзасын түйреп-түйреп алды.

– Қазір тойдың қызып тұрған кезі. Серунге шығып желіккен жастардың жасаған қылығы ғой, – деп міңгірлей жауап беріп телефон тұтқасын қойдық та, өз көзімізбен көру үшін ескерткіш басына барып қайттық.

Иә, ақсақал артық айтпапты. Ескерткіш маңы ел көргісіз. Шашылған қоқыс, босаған бөтелке, шағылған шынылар аяғыңды аңдып басуға мәжбүрлейді. Кафель жықпылдарынан таласа шыққан шөп өмірі ұстара көрмеген сақал-мұрттай сапсиып тұр. Жерге төселген төсеніштердің «шаршай» бастағаны әр жерден табаныңа белгі береді. Бұл ескерткішті сүртіп, тазалау үшін ала жаздай адам баласы келмеген бе деп ойлайсың. Себебі, батыр алдында тұрған алты бірдей гүл себеті үңірейіп бос тұр. Тіпті, гүл екпек түгілі топырақ та салынбапты. Ең өкініштісі, ескерткіш аумағын жарықтандырып тұрған шырақтар ұрлана бастаған. Ток сымдарын қиған әлгілер үш бірдей жарық көзін жоқ қылған. Ал ескерткіштің артын айналған ағайын басқа да былықтардың куәгері болады. Жолаушылардың демалысына арналған ескерткіш қасындағы самалдықтың сырт жағы «түлеп» жатыр.

Қабанбайдың ескерткіші қараусыз қалыпты
Қабанбайдың ескерткіші қараусыз қалыпты

Еңсе көтергеніне аз ғана жыл болған, ашылғанда алты алаш болып тойлаған қасиетті баба ескерткіші қараусыз қалып бара жатқаны ма деген үрейлі ой бізді осы өңірдің тазалығына жауапты «Өскемен Тәртіп» мемлекеттік мекемесіне алып барды. Ақсақалдың ренішін айттық, көргенімізді жеткіздік. «Біз жұмасына бір рет тазалап отырамыз» дегеннен әріге бармаған мекеме қағаз жүзінде сауал жолдамасақ жауап бермейтінін айтып жолға салды.
Сонда деймін-ау күндіз-түні басынан кісі арылмайтын, алыс сапарға аттанған ағайын бір тоқтамай өтпейтін үлкен мәдени орынды аптасына бір барып тазалаймыз дегені қалай?

Айтпақшы, аталған мекемеге 29 тамыз күні қағаз жүзінде жолдаған сауалымызға әлі жауап жоқ.

Қан төгісте қазақтың қамы үшін қасқая шапқан қайран баһадүрдің ескерткіші тәуелсіздік таңында қараусыз қалып, қадірін қашырады деп кім ойлаған?! Біздің ше бұл Рымбек ақсақалды ғана емес, тәмам қазақты ойландыратын мәселе.

Мұратхан Кенжехан

Осы айдарда

Back to top button