Қоғам

Қабанбай батырдың ескерткіші неге қараусыз қалды?

Қабанбай батырдың ескерткіші неге қараусыз қалды?

Биыл еліміздің барлық өңірлерінде қоғамдық кеңестер құрылып, оның құрамына түрлі сала мамандары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кірді. Бүгінге дейін Семейде кеңестің екі отырысы өтті.
Семей қалалық соғыс және еңбек, Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовтың айтуынша, алдағы кеңес отырысында қаралатын мәселелер қаланы абаттандыруға қатысты болмақ. Себебі, кеңес мүшелерін Жеңіс саябағының биыл көгалдандырылмауы алаңдатып отыр. Гүл егілетін жерлерді шөп басқан. Жаз ортасында су таситын көліктердің шықпауы белгісіз болып тұр. Ал вокзал маңындағы Қабанбай батырдың ескерткіші, аянышты халде.
– Қаланың ішінде сәулеті жағынан талапқа сай емес әрі бұрынғы қалпы бұзылған нәрселер өте көп, – дейді Амантай Доғалақов. – Жерді қалай болса солай алған. Бас жоспарға қарамай, қызыл сызықтан өтіп кеткен. Осының барлығы күрделі мәселелер. Енді міне, қоғамдық кеңесте қарастырып жатырмыз. Жиынымызға үнемі сәулет, қала құрылысы бөлімі мен жер комитетінен де өкілдер келіп қатысып отырады. Қоғамдық кеңес атынан өз пікірімізді айтып жатырмыз. Келешекте жұмыстарын жақсартып, жандандырғандары жөн. Архитектура мен жер туралы заңдарды дұрыс пайдаланулары керектігі жөнінде ескерту жасап отырмыз. Бұдан бөлек Жеңіс саябағына күтім керек. Мұнда жыл сайын 9 мамырға таман қызғалдақ өсіп тұрушы еді, биыл отырғызылмады. Қаладағы орталық теміржол вокзалы алдындағы Қабанбай батыр ескерткіші мүлде қараусыз қалды. Маңайы қоқысқа толып, тұғырының сылағы түсіп қалған. Айналасындағы шөп қурап, шашылып жатыр.
Вокзалға алыс-жақыннан адамдар келіп-кетіп жататынын ескерсек, Қабанбай батыр ескерткішінің жөнделгені, күтімге алынғаны қажет-ақ. Осыған жеке кәсіпкерлердің қолдауы керек сияқты.
Жалпы қоғамдық кеңестің иығына артылған жүк салмақты. Басты мақсаттары әлеуметтік жағдайды жақсартып, экономиканы көтеріп, экологияны қуаттандыруға бағытталып отыр. Сондықтан оның барысында ескерткіш күтімі сияқты мәселелерді бюджетке қаратпай, жеке кәсіпкерлердің демеушілік көмектері арқылы шешсе деген ұсыныстар да айтылды.

Раушан Нұғманбекова

Семей

Осы айдарда

Back to top button