Қоғам

Қабанбай ауылы көркейіп келеді

Қабанбай ауылы көркейіп келеді

Үржар ауданында үш тірек ауылы бар. Оның екеуі бұрынғы аудан орталықтары болған Таскескен мен Мақаншы ауылдары болса, үшіншісі – Қабанбай ауылы.

Ауыл көшелері жарықтандырылды

Бұл – ауданда ең шеткері жатқан елді мекендердің бірі. Десе де, тірек ауылы бағдарламасына енгелі Қабанбай ауылының ажары кіріп, жылдан жылға көркейіп келеді.
– Ауылымыз аталған бағдарлама аясында айтарлықтай дамып келеді. Айталық, бір жылдан астам уақыт ішінде 13 көшеге тас төселді. Мұның жалпы ұзындығы 27 шақырымнан асады. Ауылдың орталық көшелері қатарындағы Қонаев және Қабанбай батыр көшелері Алакөл жағалауына дейін жарықтандырылды. Қазіргі кезде самаладай жарқырап тұр. Шамдар орнатылған көшенің ұзындығы – 9 шақырым. Сонымен қатар өткен жылы 5 көшеге жарықтандыру жүргізілді. Былтыр ауыл азаматтарының қаражатына жоспарланған 9 жоба толығымен жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрғындарға қажетті сән салоны, дүкендер ашылды, – дейді Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қалихан Нұрымбаев.
Тірек ауыл бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың ең үлкені – Қабанбай ауылындағы орта мектептің жаңа ғимараты. Мектеп құрылысының жалпы алаңы 3360 шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын мектеп 320 орынға арналған. Мердігері – «ESK» жол-құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны – 650 млн. теңге. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі кезде мектеп құрылысына бөлінген қаржының 95 пайызы игерілді. Ал ескі мектеп ғимараты 180 орындық балабақшаға айналмақ.
Сонымен бірге, кеңестік жылдары салынған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші жанынан Ардагерлер аллеясы ашылып, ауыл әкімшілігі ғимаратының маңайын көріктендіру жұмыстары жүргізілген екен. Субұрқақ та жұмыс істеп тұр.
Бүгінде ауылдағы Қонаев көшесінің бойында техникалық жөндеу стансасы салынуда. Ал Қабанбай көшесі бойында ірі сауда орталығының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ауыл орталығына күнделікті қажетті заттар үшін келетін тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ықшамаудандарға жекелеген шағын дүкендер салынып жатыр. Мәселен, М.Оспанов көшесінде осындай дүкеннің қабырғасы қалануда. Осылайша, ауылда сауда-саттық, супермаркеттер желісі дамып келеді. Бүгінде барлығы 28 сауда нысаны, 3 базар бар. Баға саясаты тұрақты, тұрғындардың көңілінен шығады.

Фермерлерге тиісті қолдау жетіспейді
Мал шаруашылығы жолға қойылып келеді. Қабанбайлық фермерлердің көпшілігі «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен шұғылданады. Айдын Байынтоғысов жетекшілік ететін «Ардақ» шаруа қожалығы бүгінде 30 бастан астам ірі қара өсіріп отыр. «Назерке» шаруа қожалығы қой өсірумен шұғылданады. Бүгінде аталған қожалықта мыңнан астам қой бар. Солтанхан Әріпхановтың «Солтан» шаруа қожалығы да мал басын көбейтіп келеді.
Әрине, қалалы жерден қашық орналасқандықтан, ірі қараға қолайлы ірі кешен салатын жағдайға жеткен фермер жоқтың қасы. Кеңестік кезеңде Қабанбай ауылы мен Жалаңашкөл арасындағы 60 шақырымдық жолдың бойында 70 мың қой, 5 мың ірі қара, 2 мың жылқы қыстамаға кіретін. Ауыл фермерлері сол кездегі қоралар мен қашарларды бүгінге дейін сақтап қалғанының өзін олжа тұтады.
Қазір ауылда 4,3 мың халық тұрады. 27 мың ұсақ мал, 5 700 ірі қара, 2 мыңнан астам жылқы бар. Фермерлер шаруашылықты кеңейту бағыттарын іздестіруде. Алайда, әзірге нәтижесіз болып отыр. Мәселен, Алматы облысының «Тоқжайлау» ЖШС-мен келісімшартқа отырған кәсіпкер жобасы несие қаражаты шешілмеген соң іске аспай қалды. Ол 2 мың бас меринос қойы мен 50 бас «Алатау» асыл тұқымды ірі қара малын алмақ болған-ды. Тиісті орындардың барлығына хат жолданса да, несие мәселесі шешілмеді.
Десе де, асыл тұқымды бұқалар мен қошқарлар сатып алып, төрт түлігін бірте-бірте асылдандырып жатқан шаруашылықтар кездеседі.

Алакөлді ластанудан қорғап отыр

Соңғы жылдары «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша ауылда 20-ға жуық адам несие алды. Өткен жылдың бірінші траншы бойынша Оспанбек Қалипанов, Айбек Абылқасымов, Құралай Қожаева есімді ауыл азаматтары жалпы сомасы 9 млн. теңге несие алып, Алакөл жағасындағы демалыс үйлерінің қызметін жандандыруға кірісті. Олар несие қаражатына демалушыларға қолайлы қызмет көрсету үшін салқындатқыш техникалар, заманауи жиһаздар сатып алған екен. Сондай-ақ, өз қаржылары арқылы да демалыс кешендерін дамыту үстінде.
«Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Исағали Ғұмаралинов есімді азамат ауыл мешітін жөндеуден өткізсе, Б.Майлин атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер шағын футбол алаңын салып беруге ниет етіп отыр. Ауылға кіре беріс күре жолда «Қабанбай қақпасы» салынды. Үйлерді, аулаларды, көшелерді көріктендіруге тұрғындар шама-шарқы жеткенше үлес қосып жатыр.
Қабанбай ауылының «көзірі» – Алакөл. Жаз маусымында мейманы көп ауыл тұрғындары қосымша нәпақасын көлден айырады. Бірі алмасын, бірі жүгерісін, бірі тоқашын саудаласа, қайықтарды, жылқыларды, демалыс үйлерін жалға беретін кәсіпкерлер де баршылық.
Дегенмен, демалушылардың соңында шашып кеткен қоқыс-қалдықтарын жинап, тазалау – ауыл жұртының мойнында. Тамақтың қалдығы, малдың қиы өртеліп, залалсызданғанымен, химиялық қалдықтар, оның ішінде полиэтилен пакеттері, ыдыстары, пеналар мен ертінділерді жою қарапайым тұрғындардың қолынан келмейді.
– Тіпті, СЭС мекемелеріне жазған хатымызға жауап келмей, із-түзсіз жоғалады. Ал өзіміздің қолымыздан келер қайран жоқ. Көл жағасының ластануын бақылауға алуға өкілеттілігіміз де, мүмкіндігіміз де жоқ. Осы мәселені реттейтін құзіреті бар мемлекеттік мекеме қажет. Сексенінші жылдары Кеңес Одағының Батыры Павел Попович Алакөлдің емдік қасиеті туралы тамсана әңгімелеген. Қазір Алакөлдің ерекшелігін дүние жүзі біледі. Сондықтан ел-жұрт болып, Алакөлді сақтап қалуымыз, туризмді дамытуымыз керек, – дейді ауыл азаматтары.
Осыған дейін Қабанбай ауылдық ауруханасы 20 орындық болатын. Оған күндізгі стационар қосылып, 35 орынға көбейді.
Суармалы жерлер болғанымен, көрші Қытай мемлекетінен келетін өзендердің арнасы жазда тартылып қалады. Қабанбайлық диқандар үшін үлкен қолбайлау болып отырған мәселелердің бірі – осы. Әйтсе де, оған мойитын олар емес.
– Ауылда бос жүрген адам таппайсыз. Азаматтарымыз Алакөлдің жағасындағы демалыс орындарында, құрылыстарда, мал шаруашылығында, сауда-саттық, қызмет көрсету салаларында тер төгіп, еңбек етеді. Қысқы жемшөп әзірлеу жоспарын 105 пайызға орындадық. Бұл – жұмыла істеген жұмысымыздың арқасы, – деді ауыл әкімі Қалихан Қазтайұлы.

Дидар Нұрланұлы

Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button