Қоғам

Қаңбақ басқан қу даланы жасыл баққа айналдырды

Қаңбақ басқан қу даланы жасыл баққа айналдырды

2014 жылы Тарбағатай ауданындағы суармалы егістік жерлерді тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысынан 42 отбасы осы ауданға қоныс аударған болатын. Оларға 2040 гектар жер бөлініп беріліп, 12 шаруа қожалығы құрылған. «Мырзашөл» өндірістік кооперативіне біріккен осы 12 шаруа қожалығы қазір қаңбақ басқан қу даланы қарбыз, картоп, күнбағыс, бидай мен жүгері жайқалған жап-жасыл алқапқа айналдырып отыр.

Оңтүстіктен көшіп келіп, өңірді де, ой-пікірді де өзгертті

Қаңбақ басқан қу даланы жасыл баққа айналдырды

Тарбағатай ауданына іссапармен барғанымызда аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев «Мырзашөл» кооперативінің мүшелері биыл да көкөніс пен дәнді, майлы дақылдан мол өнім жинап жатқандығын, Ақсуатқа кіре-берістегі жол бойында өзіміз көрген қауын, қарбыз тиеген Камаздардың сол өнімдерді Семей мен Өскеменге қарай әкетіп бара жатқан осы кооперативтің көліктері екендігін айтты.

– Шымкентте Өскеменнің жанындағы Шығыс ауылы сияқты көпшілігі Өзбекстан жақтан көшіп келген қандастарымыздың отбасынан құралған Асар деген елді мекен бар. Осыдан екі жыл бұрын сол ауылға барып, «Шығыста Тарбағатай деген аудан бар, еңбек етем дегенге жер жетеді, елі де, жері де жайлы…» деп өз ұсынысымды айтқанмын. Әрине, бір Қазақстанның облысы дегені болмаса, құс қанаты талатын 2,5 мың шақырым жердегі климаты да, жер жағдайы да өзгеше өңірге көшіп келуге бастапқыда бәрі қорқақтап, сенімсіздікпен қарады. Бұл жақтағы елдің де олардың осындай жерге көшіп келеді, жұмыс істеп кетеді дегеніне күмәнмен қарағаны рас. Алдымен екі-үш азамат келіп, елмен сөйлесіп, жерді қарап кетті. Көп ұзамай-ақ 40-тан астам отбасы Құмкөл ауылына бірақ көшіп келді. Ол жерден келе сала үй сатып алып, көктемде егістікке шықты бірден, – деп оңтүстіктік жерлестеріміздің еңбекқорлығы туралы әңгіме тиегін ағытқан Ділдәбек Тәжібайұлының бізге айтқаны: бүгінде «Мырзашөлдің» арқасында ауданда көкөністердің бағасы күрт арзандап, осыған дейін облыстық тұрақтандыру қорынан жыл сайын көкөніс алып келген ауданға былтырдан бері бірде-бір көкөніс түрі әкелінбеген екен.
Көп естігеннен бір көрген жақсы, бір бұл аудан емес, бүкіл облыстың жұрты естіп-біліп, айтып жүрген аймаққа жетуге асығып, біз «Мырзашөл» кооперативінің егінжайы орналасқан Құмкөл ауылын бетке алып жүріп кеттік. Көліктің жүрісінен шаңы көкке көтеріліп жатқан селеулі даланың қаншама шақырымы артта қалғаннан кейін көкжиектен көгеріп ұзыннан-ұзаққа созылған байтақ, егінжай алқабы көрінді.

Тарбағатайдың қауын -қарбызы дегенге таңғалып жүр

Қаңбақ басқан қу даланы жасыл баққа айналдырды

Кооператив төрағасы Адина Ұлықбек жиналған көкөніс өнімдерінің, қауын-қарбыздың бір бөлігін қалаға апарып сату үшін жол жүріп кетіпті. Бақша басында жүрген оның ағасы Ағабек жуықта басталып кеткен егін орағынан мол түсім алып жатқандықтарын жеткізді.

Биыл кооператив 150 гектар жерге күздік бидай еккен. Түсім гектарынан 25-30 центнерден айналуда. Бұл жерге нәр беріп тұрған Қарғыба өзені су қоймасынан келетін екі тоғанның бірі – Дәулетбай су каналы. Суармалы алқап осы тоғанның суымен суарылуда.

Тарбағатай ауданында алғашқылардың бірі болып күнбағыс еккен осы оңтүстіктен көшіп келген диқандар. Биыл бұл майлы дақыл 350 гектарға егілген, қалпақтары дәнге толып, тұтасып тұрған күнбағыстарға қарап мол өнім алынатыны болжанып отыр. Күнбағыс жинауға бір айдан соң кіріскелі отырған мырзашөлдіктер қазіргі күні қауын, қарбыз, сәбіз жинап жатыр.

Қаңбақ басқан қу даланы жасыл баққа айналдырды

Жалпы кооператив биыл 95 гектарға картоп, 40 гектарға мақсары, 40 гектарға жүгері, 20 гектарға көкөніс, 40 гектарға бұршақ, 75 гектарға бақша дақылдарын егіп, 1000 гектарға жуық егіс алқабын игерген.

– Шымкент жақтан Тарбағатайдың жері қуаң келетінін білесіздер, ауа райы жағдайы да өзгеше. Соған қарамастан алғашқы жылдан бастап бақшаны да, егінді де жайқалтып, мол өнім жинапсыздар.

– Жерде соншалықты өзгешелік жоқ, бәрі-бір жер, ата- бабамыздан қалған қазақтың жері. Күннің қызуында ғана айырмашылық бар. Күн нұры аз болғандықтан, көкөністеріміз кеш піседі мұнда. Еңбек етіп, жұмыс істеген адамға қай жер болмасын өзінің жемісін береді. Еңбегіне қарай өнбегі деген. Кооператив бірнеше ағайындылардың, туған-туыстың басын қосып отыр, олар жаз бойы осы танаптарда картоп түптеп, арамшөп жұлып, су жіберіп, тынымсыз еңбек етті. Анау жатқан күнбағыс алқабы, мынау көкөніс, бақшалық, егінжай – бәрі де сол еңбектің нәтижесінде бапталып, өсіп, өнгендер, -дейді кооператив мүшесі, Құмкөлге көшіп келген төрт ағайынды Ұлықбек әулетінің бір азаматы Ағабек Ұлықбек.

Мырзашөлдіктердің егіні тыңға алғаш түрен салған былтырғы жылы да бітік өсіп, көңіл тоғайтыпты. Сол өнімдерді сатудан түскен қаржыға және мемлекет тарапынан жеңілдікпен беріліп жатқан несиеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 31 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Беларус тракторларының әртүрлі маркасынан төрт бірлік, «КРН» маркалы отағыштан екеу, бірнеше қосалқы техникалар сатып алып, шаруашылықты ең алдымен тиімді күш, көлікпен қамтамасыз еткен. Көктемгі егіске қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын, жанар-жағармай сатып алу үшін «Егінжай» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 15 млн. теңге, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 20 млн. теңге несие алып, мерзімінде қайтарып жатыр.

Бір кооперативке бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ағайын-туыстың ұйымшыл азаматтары шаруашылықты дамытудың тиімді, қолайлы жолдарын да қарастырып, биыл ұжымдағы Жұман ата әулетінің ұлдары «Жұман ата» шаруа қожалығын құрыпты. Бекжан Жұманов жетекшілік етіп отырған бұл шаруашылық та бақшада қауын-қарбызын өсіріп, күнбағыс егіп, картобын жинап алып жатыр. Күн райы бұзылмай тұрған кезде астық пен көкөністерді жинап алып, майлы дақылдарды орып алуға қам жасауда.

Қаңбақ басқан даланы жайқалған жасыл баққа айналдырған «Мырзашөл» өндірістік кооперативі диқандарының өздері туралы ғана емес құмкөлдіктер, жаңа қоныстары – Құмкөл ауылы жайында айтқандары да аз болған жоқ. Құмкөл ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Көнекбаев қай кезде де шаруашылықтың мәселесін шешуге бар күшін салып, ауылдың жаңа тұрғындарына бар жағынан қолдау көрсетіп келеді. Техниканың тілін білетін құмкөлдік бесаспап шеберлер Темеш пен Ризабек шаруашылықтың сынған, бұзылған техникасын күн демей, түн демей жөндеп беріп, азаматтық, жігіттік жолдарынан жығылмауда. «Мырзашөл» ӨК ұжымының атынан Ағабек оларға деген алғысын жеткізді.

Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мерей Қайырбековтің айтуынша, бүгінде Мырзашөлдің қауын-қарбызы мен көкөністері аудандағы жексенбілік жәрмеңкелерде апта сайын саудаланып жатыр, бұл өнімдердің бағасы өзге қала, аудандардағыдан әлдеқайда арзан. Базарға келген аудан тұрғындары әдетте өзге жақтан тасымалданатын өнімдердің өз жерінде өсіп жатқанына таңданыстарын жасырмай, ризашылықтарын білдіруде. Сөйтіп, бұрын мұншама мол қауын, қарбыз таңсық болып келген Тарбағатай ауданының халқы былтырдан бері мырзашөлдік жергілікті, табиғи, арзан өнімге қол жеткізіп отыр.

…Жол-жөнекей қарбыз, қауын тиелген көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп жататын жол полициясы қызметкерлері де Тарбағатайдан келе жатқан қарбыздарға таңданып, «Тарбағатайға бұрын қарбыз бара жататын еді, келе жатқаны қалай?» деп әзіл-шыны аралас таңданатын көрінеді.

Жүзін күн қаққан диқандар бақша шетіндегі қосқа кіріп біраз дамылдап алған соң, қайтадан танапқа кетті. Әңгімесін кооперативтің бүгінгі шаруасынан келешегіне қарай ойыстырған Ағабек келер жылдан бастап ауданға қара өрік, алма бағы көшеттерін әкеліп отырғызып, үлкен жеміс бағын салғалы жатқандығынан хабардар етті. Кезінде, өткен ғасырдың басында аталары Сырдарияның жоғарғы бойының сол жағын алып жатқан құмды Мырзашөл өңірін игеруге қатысып, суару, суландыру жүйесі арқылы құм төбелдерін егінжай алқабына, жасыл баққа айналдырған Ұлықбек әулетінің балалары Тарбағатай өңірін де көк желекке бөлеп, қауын мен қарбыз, көкөніс, бидай алқабын арттыра отырып, бірнеше гектарға алма бағын өсірмек ойда. Ұрпақтары Тарбағатайға келіп құрған кооперативтерінің атын сол аталарының игерген алқабының атымен, әйгілі ақ алтын мен қарбыздың отаны – Мырзашөлдің атымен атапты.
Құмкөл ауылы маңындағы Шұңқыроба теліміне жоңышқа, мал азығындық шөптерді молынан еге отырып, келесі жылдары мырзашөлдіктер мал бордақылау алаңын ашуды да жоспарлап қойыпты. Бүгінгі күні экономиканы, шаруашылықты әртараптандырмай, әр бағытта дамытпай, табыс табу, кәсіпті тиімді жүргізу мүмкін емес. Бір шаруа жүрмей жатса, екінші кәсіп тынысыңды ашып, есебіңді түгендеуге көмектеседі. «Мырзашөл» ӨК осылайша егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар алып жүріп, шаруашылықтарын өркендете бермек.
Табыс түспейді, дұрыс өнбейді, түк өспейді деген ой-пікірлерді өзгертіп, еңбектерімен тамам жұртты таңғалдырып отырған «Мырзашөл» кооперативі диқандарының болашаққа жоспарлап отырған бұл қадамдары да баянды боларына сенеміз.

Жанаргүл Мұқатай

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button