Қағаздың бір келісін 20 теңгеден алады

Өскеменде «Макулатураны – контейнерге» атты акция аяқталды. Бір ай бойы өткен акция нәтижесінде облыс орталығының ықшамаудандарында тағы
бірнеше эко-контейнерлер пайда болды. Шара аяқталғанымен, шаһарда қағаз қалдықтарын жинау одан әрі жалғасып жатыр.
Қазан айының басында қалада кәсіпорындар мен мекемелер үшін тегін қағаз өткізу акциясы басталған болатын. Қала мекемелері бір айда 3 938 келі макулатура жинап, қағаз тапсырудан түскен қаржыға пластик құтыларды жинайтын эко-контейнерлер жасалды.
– Макулатура өткізуден түскен қаржыға пластик құтыларды жинайтын үш эко-контейнер жасалып, аулаларға қойылды, бұдан басқа тағы екі контейнер жасалып жатыр. Дайын контейнерлер Потанин 27/2, Тәуелсіздік,14, Виноградов 21 мекен жайларындағы аулаларға қойылды. 927 келі макулатура жинап, тапсырған №18 орта мектепке екінші орын алғаны үшін сыйлыққа эко-контейнер қойылады, – дейді «Эко-Восток-Лидер» компаниясының директоры Динара Әкімжанова.
Ең көп қағаз өткізген Өскемендегі «Вeeline» сауда маркілі «Кар-Тел» ЖШС филиалы. Филиал әкімшісі Анатолий Сопроненко бастаған байланысшылар 1030 келі қағаз қалдықтарын тапсырған.
Макулатура жинауға Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, Білім-инновация лицейі, «Сол жағалау элеваторы», Өскемен арматура зауыты ұжымдары да белсене атсалысқан. Қала тұрғындары да акцияға қатысып, 240 келі макулатура өткізіп отыр.
Акция аяқталғанымен, қағаз тапсырсақ деп қоңырау шалып, хабарласып жатқан тұрғындар көп. «ЭкоВостокЛидер» компаниясының басшысы айтқандай қағазды тегін немесе ақысына өткізуге де болады. Бір келі қағаз бағасы -20 теңге. Егер 100 келіден артық қағаз жиналса кәсіпорын қағазды тегін алып кетеді. Аз көлемдегі қағазды Потанин 27 мекен жайындағы «Жастар» дүкенінің «Ксерокөшірме» бөліміне тапсыруға болады. Макулатура өткізуге тапсырысты 8-777-345-30-62 ( «ЭкоВостокЛидер») телефоны арқылы беруге болады
Жанаргүл Мұқатай