Қағазбастылықтан қашан құтыламыз?

Біздің өңірдегі мемлекеттік мекемелердің дені қағазбастылықтан әлі де арыла алмай келеді. Онымен қоса, соңғы кезде атқарушы билік органдарында орынды, орынсыз өткізілетін жиындар тым көбейіп кеткен.
Бұл кемшіліктер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырған арнайы рейд барысында анықталған. Осы және өзге де заңбұзушылықтар департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызының төрағалығымен өткен кезекті Әдеп жөніндегі кеңесте айтылды.
Алдымен өңірде Мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарын сақтау жайы қаралды. Департамент мамандарының мәліметінше, 2017 жылы және 2018 жылдың тоғыз айында лауазымды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне қатысты 293 шағым түсіп, оның барлығы кеңесте қаралған. Азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылған.
– Еңбек заңнамасын бұзудың басым фактісі Өскемен, Семей қалалары, Бесқарағай, Аягөз аудандары әкімдерінің аппараттарында анықталып отыр. Тіпті, бір күнде жеті рет жиналыс өткізген жағдайлар белгілі болды. Сонда қызметкерлер қай кезде жұмыс істейді? Кейбір басшылар жиналысқа кеттім деген сылтаумен көбінде жұмысында болмайды. Құжат айналымы әлі де сол қағаз түрінде, көп мекемелерде басшылар материалдың түпнұсқасын қағазға шығарып алып, қарағанды жөн көреді. Бұл деген қағазға да, уақытқа да үлкен ысырап. Бұл мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін айтарлықтай төмендетеді. Қағазбастылықтан арылатын, бірыңғай электронды жүйеге көшетін мезгіл әлдеқашан жетті дейді, – Жанна Қабдолдақызы.
Оның айтуынша, ол басқаратын департаменттегі қағаз айналымы толықтай электронды жүйеге баяғыда көшіп кеткен. Бұл – жұмыс істеуге өте тиімді. Сондықтан облыстағы өзге мекемелер де осы департаменттен үлгі алып, тезірек қағазбастылықтан арылған дұрыс.
Кеңесте қаралған тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік қызметшілердің жиі жұмыс ауыстыруы. Ол жағынан біздің облыс республика бойынша көш бастап тұр екен. Бұл да арнайы рейд барысында белгілі болған олқылықтың бірі. Мәселен, жұмыс соңында сағаттап қалып жұмыс істеуден, яғни еңбек тәртібін дұрыс ұйымдастырмаудан Өскемен қаласы әкімінің аппараты алдыңғы орында тұр. Соның салдарынан кадрлар жиі жұмыс ауыстыруда.
Өскемен қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Шерубаев айтылған сынның орынды екенін жеткізіп, аталған олқылықтарды түзететіндіктерін мәлім етті. Сонымен қатар оған Өскемен қалалық білім бөлімінде ұзақ уақыттан бері басшы жоқтығы айтылып, бұл мәселені тездетіп шешу тапсырылды.
Департамент басшысының айтуынша, мұндай жағдайда қызметкерлер үшін жұмыстың икемді кестесін құру қажет. Әсіресе мектепте, балабақшада кішкентай балалары бар ата-аналар үшін. Мысалы, артық істелген сағаттарға қосымша ақы немесе демалыс беруді қарастырған жөн. Осыған қатысты департамент қызметкерлері алдағы уақытта кешкі сағат алты жарымнан соң бір мезетте мемлекеттік мекемелердегі компьютерлерді өшіру жобасын іске қоспақшы.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің имиджіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасап, мемлекеттік қызметтің беделін түсіргендерге қатысты да бірқатар істер қаралды. Соның бірі – абайлық шенеунікке қатысты болды. Нақтырақ айтсақ, облыстық әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен Абай ауданы әкімі аппаратының құжаттары негізінде Абай аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Айдар Асқатовқа қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру жүргізілген.
Белгілі болғаны, 2018 жылғы 13 қазан күні сағат 00.50 шамасында Қарауыл ауылында алкогольдік масаң күйінде бөлім басшысының орынбасары Асқатов көлік жүргізу кезінде жол-патрулдік полициясының қызметкерлерімен ұсталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сол себептен әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру жазасы көзделген әкімшілік хаттама толтырылып, 2018 жылғы 16 қазандағы Абай аудандық сотының қаулысымен дәлелденеді.
– Бұл Абай ауданында бірінші рет болып тұрған жайт емес, екі ай бұрын тағы бір мемлекеттік қызметкердің осындай ісін қараған едік. Сонда аудан әкімінің аппарат басшысы «енді мұндай жағдай қайталанбайды, тиісті шаралар қолданылады» деген болатын. Алайда көп уақыт өтпей тағы да осындай оқиға тіркелді. Өзге қалалар мен аудандарда да осындай фактілер бар. Өкініштісі, біздің облыс осындай келеңсіз көріністен республикалық көрсеткіште алда тұр. Бұл өз кезегінде облыстың имиджіне кері әсерін тигізетіндігін ұмытпаңыздар. Мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтірген шенеуніктерге нақты шара қолданылады. Ал Сіз үшін енді бүкіл аудан жауапкершілікке тартылады, – деді кеңесте Жанна Қабдолдақызы.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері ақылдаса келе, оның зейнеткерлікке шығуына екі жыл ғана қалғанын ескеріп, А.Асқатовқа қатысты мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, қол астындағы адамдардың тәртібіне бақылауды әлсіретіп, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аудандық экономика және қаржы бөліміне жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының, аппарат басшысының, сондай-ақ бөлім басшысының және аудандағы әдеп жөніндегі уәкілдің тәртіптік жауапкершіліктерін қарау үшін Абай ауданының әкіміне ұсыныс хат жолданды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге түрлі мерекелерде, жаңа жыл қарсаңында сыйлық беруге тыйым салынбақ.
– Алда түрлі мерекелер, Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Соны пайдаланып, басшыларыңызға, лауазымды шенеуніктерге сыйлық жасауға тырыспаңыздар. Бұл мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіреді, сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соқтырады, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.
Дәурен Аллабергенұлы