Қағаз мүжіген саусақтар ала допты алақанда ойнатты

Өскеменде Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басшысының кубогын сарапқа салған республикалық жарыс өтті.
Қоғамның саулығын қадағалап, тәртіп пен тазалықты талап етіп жүретін құзырлы орган өкілдері спорттан да алшақ емес екендіктерін таныту үшін Өскеменде бас қосты. Аймақтық іріктеуден іркілмей өткен ұжымдар Астанада өтетін ақтық сынның жолдамасын сарапқа салған болатын.
– Жарысқа 200-ден астам адам қатысуда. Бұл жерден үздік шыққандар Астанада өтетін ақтық бәсекеге жолдама алады. Турнир екі күнге жалғасады. Алғашқы күні Комитеттің ұлттық сараптама орталықтары өзара мықтыны анықтады. Бүгін әр өңірден келген қоғамдық денсаулық сақтау департаменттері бақ сынайды. Өзіміз бұл сынға футболдан команда жасақтап қостық, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Ғазез Сүлейменов.
Саусақтарын пернетақта мен зертхана құралдары мүжіп, көз майын мониторға жегізіп жүрген қағазбасты жандардың ала допты алақанда ойнатып, теңбіл доп тебуі өзінше қызықты. Әсіресе шеберліктері шамалас ұжымдардың бәсекесі тартысқа толы түсіп жатты. Өз облысының атын аруақ шақырғандай айқайлап айтқан ұрандар алаңдағы әріптестеріне қосымша күш қоспаса да, сайыстың сәнін кіргізді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша волейболдың бас жүлдесін Оңтүстік Қазақстан облысы иеленсе, шағын футбол алаңында қостанайлықтарға тең келер ұжым табылмады.
Екінші күнгі дода да тартысқа толы болды. Шағын футбол жарысында шығысқазақстандық команда қарсыластарының барлығын ірі есеппен ұтып, тағы да бірінші орынды қанжығаға байлады. Тағы да деп отырғанымыз, Шығыстың шымыр жігіттері былтыр да бұл додада қарсылас шақ келтірмепті. Екінші орын Оңтүстік Қазақстанға бұйырса, үздік үштікте – Ақтөбе облысы. Ақтөбеліктер волейбол сайысында да үшінші орынды иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан құрамасы бұл сында бірінші орыннан көрінді. Ақмола облысының командасы екінші орында.
Достық рәуіште өрбіп, концерттік қойылымдармен өрілген спорттық шарадан жеңгендер де, жеңілгендер де риза көңілмен қайтты.
– Өзім Шығысыма ұшқан ұяма келіп тұрмын. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Астаналық әріптестерімнің алдында бір марқайып қалдым. Қоғамның денсаулығын күзетіп жүріп, өзіміздің жағдайымызды ұмытып кетіп жатамыз. Бүгінгі шара сол олқылықтың орнын толтырды, – дейді Көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Анар Зарқұманова.
Есжан Ботақара