Қоғам

Ағайынның басын қосып, ерулік берді

Ағайынның басын қосып, ерулік берді

Күршімдегі үздік кәсіпкер «Өскемен-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, Күршім ауданының Құрметті азаматы, Ержан Сқақовтың есімі бүгінде көпке танымал. Оның жәрдем сұрап келген ауру-сырқаулы жандарға, күнкөрісі төмен ауылдастарына, өнер, спорт саласындағы азаматтарға қолұшын беріп, үнемі көмектесіп отыратыны жайлы жазылып та, айтылып та жүр.
Жуықта Е.Сқақовтың «Көкжал» мейрамханасына тағы да жұрт жиналды. Бұл жолы жомарт кәсіпкер біраздан бері алыс-жақыннан көшіп келіп, аудан тұрғындарының санын арттырған оралман ағайынға дәм таттырып, ата салтымен ерулік беруді жобалаған екен. Өскеменнен, Көкпекті, Зайсан, Катонқарағай аудандарынан, сондай-ақ, аудан көлемінен арнайы шақырылған қонақтар межелі уақытта аста-төк жасалған ақ дастарқан басында тоқайласты. Сонымен бірге, бұл жиынға аудандағы соғыс, еңбек ардагерлері, бірқатар құрметті қонақтар да шақырылған болатын. Ал мәдениет саласының өнерпаздары осы мағыналы кешті әнмен, күймен әдіптеп, көрік беріп отырды.
Алдымен сөз алған Ержан Оқаұлы шақыруды құп алып, келіп отырған барша қонақтарға алғыс айтты. Өзінің көптен бері алыстан келген ағайынға арнап дәм татырғысы келіп жүрген ойын, сол ойдың бүгін жүзеге асып отырғанын ортаға салды.
– Сіздер ешқандай да оралман, бөгде жан емессіздер, – деді ол. – Сіздер аз уақыт бөтен жерге қонаққа барып, қайтып келген өз туысымыз, өз ағайынымызсыздар. Білеміз, кейбір санасы тайыз жандардың «келімсек», «қытай», «монғол» деп кеудеге итергісі келетінін. Бірақ олар қазақ емес, қазымыр, ақылсыз адамдар. Біз көп халық емеспіз, сондықтан бір-бірімізді бауыр санап, сыйласып жүруге тиіспіз. Тарихтың алуан сынын бастан кешіп, тағдырдың тәлкегімен әлемге тарыдай шашырап кеткен ағайынды бір төбеге жинайтын кез жетті. Елбасының негізгі саясаты да осыған сайып отыр.
Осы жиынға Өскемен қаласынан белгілі айтыс ақыны, облыстық «Дидар» газетінің жолаушысы Серік Құсанбаев әдейілеп шақырылған екен. Ол Ержан Оқаұлының сөзін одан әрі тарқата отырып, біршама көкейге қонар ойлар тізбегін өрбітті. Серіктің осыдан кейін домбыраға қосылып шырқаған сағынышқа толы «Жан аға» әні көптің көңілін жабырқатса, «Көзкөргендер» атты әні жұрт көңіліне қуаныш нұрын толтырды.
Сөз кезегі беріліп, ел алдына шыққан ағайындар бүгінгі шынайы құрмет пен риясыз сыйластыққа разы болып, тебіренгендерін жасыра алмады. Олар өздерін ерекше қадірлеп, кәдімгідей той жасап жатқан Ержан мен оның зайыбы, «Көкжал» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнәр Қабдыләшімқызына алғыс жаудырып, баталарын берумен болды.
– Мен әдейілеп шақырған соң Катонқарағай ауданының Көктерек ауылынан келдім, – деп пікір бөлісті бізбен Қуан Нүсіпұлы деген азамат. – Сүйегім ақнайман ішінде қырықмылтық, ата-бабамның мекені Қалғұты маңы, Ақши ауылы. Әкем 1932 жылдың зобалаңында сол жерден ауған екен, Қытайға. Ел арасы жақсарып, шекара ашылған соң «өлсем, сүйегім атамекенде қалсын», – деп 2005 жылы Зайсанға көшіп келген еді, ол кісі. 2006 жылы 87 жасында сол жерде қайтыс болды. Біз катонқарағайлық болып кеттік. Өз мамандығым невропатолог дәрігер, қазір мал өсіріп, шаруа болып жүріп жатқан жайым бар. Ал Ержан бауырымызға айтар алғысымыз шексіз, қашанда алда жүріп, мерейі биік болғай!
Арнайы қонақтардың бірі, сол ағайынының бір бұтағы болып саналатын әнші жігіт, бүгінде облыстық филармонияның әншісі Алтай Мүбәракқа кезек берілгенде ол өзінің барша тілегін гитараға қосылып шырқаған әнімен білдіріп, кең залды әсем әуенге бөледі.
Иә, бұл күні мұндай тілектер молынан айтылды. Ортаға ардагерлермен қатар шыққан аудандық мешіттің имамы Тілейбек қажы Соянұлы Ержан ағасының атына шын көңілден шыққан бүкпесіз ризашылығын айтты.
– Кез келген діни мерекелерді өткізу, үлкенді-кішілі жөндеулер жүргізу үшін қаржы қажет немесе мешіттің басқадай да мұқтаждығы болмай тұрмайды. Сондай кездерде ойланбастан тура Ержан ағаға келеміз, – деді имам. – Ерекең өмірі бас тартып, сылтау айтып көрген емес, көмекті қолма-қол беріп отырады. Менің қажыға баруым туралы мәселе көтеріліп, жолдама берілгенде қаражат жағынан ұятты екенімді айтып тағы да Ержан ағама бардым. Ол кісі сөзге келместен бірқатар кәсіпкерлерді, ардагерлер ұйымын жинап, көмек беру қажеттігін құлаққағыс етті. Өзі де қомақты қаржы ұсынды, ақырында жолыма емін-еркін жетерлік қаражат жиналып, мен қасиетті парызымды өтеуге мүмкіндік алдым.
Көңілді де маңызды отырыс әлденеше сағатқа созылды, ал жиналған қауымның осы кештен өзгеше бір ләззат алғаны шындық еді. Еңбек ардагері, ауданда қалған үш соғыс ардагерінің бірі, ауылдың аузы дуалы қариясы Ахмадиев Ахметкәрім ақсақал той иелеріне жүрекжарды тілегін айтып, ақ батасын берді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button