Қоғам

Ағайынның арасына от салып жүрген кім?

Ағайынның арасына от салып жүрген кім?


Сарыөлең ауылында орын алған келеңсіз оқиға бүкіл аудан тұрғындарының көңіліне алаң салып, ауылдағы малмен күн көріп отырған қарапайым халықты шынымен үрейлендіріп, әбігерге түсірді. Мұнда елдің-жұрттың аманында төрт бірдей үйдің шөбі, мал қорасы өртеніп, қаһарлы қыс қыр астында тұрған қытымыр кезеңде жаздай бел жазбай еңбектеніп, төккен терді зая кетірді.

Ал шөбі өртенгендердің барлығы осында бірнеше жыл бұрын Қытайдан қоныс аударып келген оралман ағайындар болып шықты. Мұның өзі ел арасындағы алуан әңгімеге өзек болып, кейбіреулер бұл оқиғаға ерекше астар бере бастады. Қалай болғанда да өңірімізде көптен бері естілмеген жаманаттың бас көтергені барша жұртқа қолайсыз әсер етіп, көп көңіліне кірбің салды.

– 15 қыркүйек күні сағат түнгі он бірлер шамасында, – дейді Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Қуанған Қарағызов, – ауыл ортасындағы Бирақшы Бақыт деген азаматтың шөбі лап ете қалды. Ел жиылып, у-шу болып жатқанда алаулаған жалын қорасы іргелес екі пәтерлі үйдің келесі бөлігіне ауысып үлгерді. Сөйтіп, Бақыттың 8, оның көршісі Әшекей Ибақтың 11 фургон шөбі әп-сәтте күлге айналды.

Түн ортасынан ауып, абыр-сабыр басыла бергенде Сарыөлеңнің күншығыс жақ шетінен қызыл шапақ көтеріліп, 74 жастағы Сапы Айтан атты тағы бір оралман ағайынның шөбі өртене бастады. Лездің арасында оның да жаздай жиған пішенінің орнында қап-қара күл қалды. 23 қыркүйекте Ысқақ Мұрат деген жігіттің шөбі жанып, 38 фургон шөп күл болып аспанға ұшты.

Айтуға ғана оңай, әйтпесе, бұл оқиға бүкіл жұртты, аудан басшылығы мен құқық қорғау органдарын табанынан тік тұрғызып, тегіс атқа қондырды. Жағдайдан хабардар болған аудан әкімі С.Шоқаев дереу Сарыөлеңге жетті. Онымен бірге келген аудан прокурорының орынбасары, жергілікті полиция бастығы, ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы ауыл тұрғындарының жиынын өткізіп, өздерінің зардап шеккен тұрғындармен көңілі бір, ниеттес, тілектес екендіктерін білдірді. Осы іс бойынша егжей-тегжейлі тексеру шаралары жүргізіліп, кінәлі адамдардың қылмысты жауапқа тартылатынын атап айтты. Аудан әкімі өзінің бұл жағдайды жіті назарда ұстап отыратынын ескерте келе, тұрғындардан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне барынша көмек көрсетуді сұрады.

26 қыркүйек күні Күршім аудандық мәслихатының хатшысы М.Сағанақов, «Нұр Отан» партиясы Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нұрымова, аудандық мәслихаттың Сарыөлең ауылдық округі бойынша депутаты Н.Қасымханов арнайы келіп, өртке душар болған үйлерді аралап, жағдайларымен танысып қайтты. Нұрлан Қасымханов шөбі өртеніп кеткен зейнет жасындағы үш адамға өз қаражатына бір-бір фургон шөп түсіріп беріп, азаматтық танытты.

– Бұл ешқандай оқыс жағдай емес, нағыз қаскүнемдік, – дейді осы округтегі учаскелік инпектор Асхат Хайруллин. – Ал өштесіп, дұшпандық жасады дейтіндей осы оралман ағайындардың ешкіммен керіс сөзге келіп, жанжалдасқан жерлері жоқ. Ондай жағдай орын алса, естіп-біліп, біз де араласқан болар едік. Алғашқы өрттен бастап тексеру, тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Аталған күннің ертеңінде облыстық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының (УБОП) қызметкерлері келіп, әр үйді аралап жүріп, тексеру-сұрастыру шараларын өткізе бастаған болатын. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
Әзірше нақты себепкерді таба алмай жатырмыз, дегенмен, түбінде елдің шырқын бұзған қаскөйлердің қолға түсіп, жазасын тартатынын атап айтқым келеді.

– Бұл әлдеқандай еріккен адамның немесе өтіп бара жатып, байқамай шырпыны лақтыра салған жанның қылығы емес, – деп қызына сөйледі Оразбек Әбіш деген жігіт ағасы. – Мен бірдеңе білсем, бұл ұйымдасып жасаған қастандық, біздің тірлігімізді көре алмай, оралман атаулыны төңіректен кетірем деген адамның ісі. Егер жергілікті халық өсти беретін болса, көшіп те кетеміз, енді қайтпек керек?

Біз Орекеңе басу айтып, бір жат пиғылды арамзаға бола келгелі «шәй» десіп көрмеген ағайынға, жалпы жұртқа топырақ шашпауын өтіндік. Шөптері алдымен өртенген Әшекей Ибақ пен Бақыттың атасы Жәкен қариялар біздің сөзімізді қуаттап, артық қызбалықтың қажеті жоқ екендігін бажайлады. Осыған дейін мұндай сорақылықтың болмағанын айтқан қос қария шөппен бірге ағайынның арасына от салып жүрген қаскүнемнің ерте ме, кеш пе, әйтеуір қолға түсіп, жұрт алдында масқара болатынына сенетіндерін ортаға салып өтті.

Бұл іске себепкер адамдар шөп өртеп, қастық жасағанды қызық көріп жүрген шығар. Бәлкім, олар бұл әрекеттерінің тұтас бір отбасына жасалған қатыгез қастандық екендігін пайымдай алмай жүрген болар. Жаздай қаншама шығын шығарып, шыжыған ыстықта бел жазбай еңбектеніп жинаған шөптің үйдегі бала-шағаның нәсібі, үміт артқан келешегі – қолдағы азын-аулақ малдың қыстайғы азығы екені кімге болса да түсінікті емес пе?! Ал сол шөпті өртеп, бала-шағаны шулатып, ошарлы отбасын талғажау болып отырған нәсіптен айырған жанның кісі өлтірген қанішерден қанша айырмасы бар? Ендеше, мұндай ойы бөтен, пиғылы жат пенделердің жүзін айдай қылып, сүттей ұйып отырған жұрттың арасынан аластау керек. Қазіргі кезде отын-шөбіне алаң болған оралман ағайын, олармен көршілес ауылдағы басқа да шаруа атаулы бар үмітті құзырлы мекемелерге артып, олардың күнделікті ақпарларына жіті құлақ тігіп отыр. Сондықтан қараңғыда жортқан қорқауларды тез арада қолға түсіріп, дер кезінде тиісті шара қолданғанымыз дұрыс болмақ.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button