Қоғам

Ағайынды жұмахановтар ауылдастарының алғысын алып жүр

Ағайынды жұмахановтар ауылдастарының алғысын алып жүр

Көнекөз қариялардың айтуынша, бабамыз ер Қабанбай нар тұлғалы адам болғанға ұқсайды. Бабаның бүгінгі ұрпақтары да екі иығына екі адам мінгендей кесек. Сондай жандардың бірі – Ақши ауылындағы Алтай Жұмаханов десек, артық айтқандық емес. Осындағы бес ағайынды жігіт «Сандықтас» деген шаруа қожалығын ашып, мал басын өсіріп келеді. Қожалық басшысы Сағидолла Жұмаханов. Қабидолла, Сағидолла, Сайран, Алтай, Еділ атты сайдың тасындай іріктелген бес ағайынды жігіт бүгінгі күні ауылдың бетке ұстар азаматтары. Осындағы жоқ-жітікке көмек қолын созып, жағдайларын жасап келе жатқан да осылар.
– Жалпы, біздің ауылдың тарихында мал басының өсуіне, ауылдың өркендеуіне өлшеусіз атсалысқан майталмандар көп болды. Олардың қатарында еңбектері жоғары бағаланып, Ленин орденінің, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің және басқа да марапаттардың иегерлері атанғандар да бар. Ауыл жұрты ол жерлестерін қашанда мақтан тұтып жүреді. Ақши ауылында туып-өскен Жұмахановтар әулетінің шапағатын бүгінгі күні ауылдастары да көріп отыр. Олар неше жылдан бері Қарағаш – Тарбағатай аралығындағы 40-45 шақырым жолды қыстың қақаған аязы мен үскірік боранына қарамастан өз техникаларымен қардан аршып келеді.
Осы өңірге еңбегі сіңген Қали Жұмахановтың ұлдарының жаңа заманға сай тірліктері жұрт көңілінен шығуда,- дейді Ақши ауылдық округінің әкімі Бекжан Қасенов. Шынында да, ағайынды жігіттердің жұмыла атқарып жатқан істері жұрт көңілінен шығатын жөні бар. Мәселен, «Сандықтас» шаруа қожалығы өткен жылы Орал облысынан 110 бас еділбай тұқымды қошқарларын сатып әкелген-тін. Қожалық енді сәуір айында сол тұқымның төлін күтіп отыр. Қыстамаға үлкен дайындықпен келген ағайынды жігіттер 3000 рулон шөппен қатар 1000 гектар алқаптан орып алған бидай, арпа секілді дақылдарды ұннан өзге малға азық ретінде беріп отыр. Мұндағы еңбеккерлердің барлығы да тегін жеммен, шөппен және көмірмен қамтылған.
– Шабындық жерлеріміз «Қызыл жал», «Төрт бастау» учаскелеріне қарасты болса, бидай тау баурайындағы «Бәйімбет» деген жерде. Өткен жыл жаман болған жоқ, бидайдың әр гектарынан 12 центнерден өнім алдық. Ауыл орталығында ашқан екі дүкен мен тойхана бүгінде жұртқа қызмет етуде. «Сандықтас» шаруа қожалығы былтыр Төлеген Кәсебаев деген механизаторына тегін «Приора» автокөлігін сыйға тартты. Ол автокөлік Төлегеннің осы қожалықта адал еңбек еткеніне бес жыл толу құрметіне берілген еді, – дейді Алтай. – Осылайша қожалықта үздіксіз еңбек жасағанына бес жыл толған механизаторға жыл сайын автокөлік беріліп отырады. Ал еңбегімен көзге түсіп жүрген жандар жетерлік. Марат, Төлеген Кәсебаевтар, Оразбек Ибраев сынды жігіттер. Негізі «Сандықтас» шаруа қожалығын жүргізіп келе жатқан ініміз Еділ.
Алтай Қалиұлы мұнымен қатар Гүлнар Нұрманбаеваның «Асхат» шаруа қожалығының да атқарушы директоры. Шағын ауылдағы «Сандықтас» пен «Асхат» шаруа қожалықтары елді мекенде болып жататын әртүрлі мерекелік шаралардан да сырт қалмайды. Рамазан айында Нұрлан мен Гүлнар Нұрманбаевтар құрбандыққа өгіз шалып, жерлестеріне таратса, Наурыз, Жаңа жыл мейрамдарында үнемі жерлестеріне сый-сияпат жасап келеді.
– Мұның бәрі туған жерімізге, елімізге қызмет ете білсек деген ізгі ойдан туған шаруалар ғой, – дейді Алтай өзіне тән сабырлылықпен. Біз де оны теріс дей алмадық.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button