Қоғам

Ағайым адал азамат еді

 

Облыстық телевидениенің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Қайсағали Қалидолдин 68 жасында дүниеден озды. Алдымен Күршім ауданының Бурабай сегізжылдық, соңынан Ю.Гагарин атындағы Күршім орта мектебін тәмамдап, қалаға келген ол сонау албырт шағында Өскеменнің әйгілі қорғасын-мырыш комбинатында металлург болып еңбек етті. Жұмыс істей жүріп, телевидениемен тығыз байланыста болған жас жігіт ақырында өзінің жаны қалаған сала – журналистикаға біржола бет бұрды.

Қадамы құтты болған азамат осы мекемеде қырық жыл бойы жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Оның сүбелі де мағыналы туындылары әріптестерінің, өзін құрмет тұтқан көрермен қауымның есінде.

Қ.Қалидолдиннің марал өсіруші жастар бригадасы туралы деректі фильмі республикалық «Жолдас» телефестиваліне қатысып, жүлдегер атанғанын көзі қарақты қауым әлі ұмытқан жоқ. Қорғасын-мырыш комбинаты металлургтерінің өмірінен дайындаған хабарлары республикалық телеарналардан көрсетіліп, көптің шынайы ықыласына ие болды. Қайсағали Исағалиұлы ұлттық телеарнаның Шығыс Қазақстан облысындағы тұңғыш меншікті тілшісі болып, оның проблемалық материалдарды бүге-шігесіне дейін мұқият тәптіштеп жазатындығы кейінгі буынға үлгі болған еді. Қаламы қарымды журналистің есімі телеарнамыздың алпыс жылдық тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Міне, бұл – менің ағайым Қайсағали Қалидолдин туралы әріптестерінің пікірі. Біз бір үйде, бір ата-ананың тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Түбін қуар болсақ, ол менің әкемнің ағасының баласы, әке-шешесі бірдей қайтыс болған соң, әкем бір жастағы бауырын өз қолына алып, туған перзентіндей етіп жеткізді.
Біз әкеміз Қалидолдин Тілеуден тоғыз баламыз, Қайсағали аға отбасындағы ересегіміз болатын. Оны қосқанда осы берекелі де тату жанұяда он бала өсіп-жеттік. Ағайым бәріміздің ақылшымыз, кеңесшіміз еді. Мектеп бітіріп, қалаға аттанды, онда жеңгеміз Гүлнәрді жолықтырып, үйленді. Тойын жасап, шаңырағын көтерткен де менің ата-анам еді, Қайсағали аға оларды әу бастан туған әке-шешем деп мойындаған болатын.

Біздің үйдегі өзге балалар орысша білім алды, тек мен ғана қазақша оқып, қазақ тілін жетік меңгердім. Сондықтан ба екен, ағайым мені ерекше жақсы көретін. Екеуіміз тіл туралы пікірімізді ортаға салып, жиі әңгімелесетінбіз. Ағайым маған көп қамқорлық жасады, мен мектептен соң, Өскемен қаласындағы медучилищеге түсіп, студент болып жүргенде де көмегін аяған жоқ. Өзім олардың үйінде тұрып оқыдым. Азды-көпті қиындыққа жолықсам, ағайым зыр жүгіріп, әлгі мәселе шешілгенше маза таппайтын еді.

Қандай жайдары, ешкімді жатырқамайтын көпшіл болғанымен, тағдыр ағамыздың басына тауқыметін аямай-ақ төкті. Көлік апатына ұшыраған жеңгеміз көп уақыт бойы төсек тартып жатып, ақырында бақилық болды. Осы қайғының Қайсағали ағаны есеңгіретіп кеткені шындық. Содан кейін-ақ ол кісінің еңсесі көтерілмеді. Екі жылдан соң, өзі де өмірден өтіп, бәрімізді қайғы-қасіретке душар етті. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, өзінің көзі жұмылғаннан бір жылдан кейін көзінің ағы мен қарасындай екі перзентінің үлкені Абзал қайтыс болды. Осының барлығының бір шаңыраққа аз салмақ емес екендігі кім-кімге де түсінікті ғой. Әйтеуір, дәтке қуат болатыны ізі өшіп, есімі ел назарынан шыққан жоқ. Екінші ұлы Ринат үйлі-баранды болып, әкесінің түтінін шығарып отыр. Оның Мадияр, Қайсар деген екі ұлы бар. Ендігі тілегіміз осы бауырларымыздың үстінде.

-Мен Қайсағалимен он жыл бойы қоян-қолтық араласып, қатар жүріп қызмет істедім, – деп еске алады облыстағы ардагер журналистердің бірі Мұрат Тастағанов. – Марқұм ақкөңіл де адал азамат еді. Өз жұмысын жақсы білетін, әсіресе қысқа да жедел хабарларды шапшаң әрі уақтылы даярлауға шебер болатын. Сонымен бірге кейде жұмыстан шаршап, көңіл күйіміз нашарлап отырған кезде әлдеқандай күлкілі оқиғаны әңгімелеп, ду күлдіретін әртістігі де бар еді. Амал қанша, ғұмыры қысқа болды, отбасындағы ахуал да үлкен ауыртпалыққа душар етті. Тек марқұмның жатқан жері жайлы болып, ол жайлы естеліктер ескірмесін деп тілейміз.

Шынында да солай, Алланың ісіне шара жоқ. Қолыма қалам алғанда ағайымды мадақтап, оның беделін арттырайын, мақтайын деген ойым болған жоқ. Тек кешегі ел таныған, халық құрметтеген абзал азамат елеусіз, атаусыз қалмасын, көптің назарына салып, есімін бір жаңғыртайын деген ниетім болды. Осы мақаланы оқыған жұрт кешегі Қайсағали Исағалиұлын бір мәрте еске түсірсе, жылы лебіз айтып, бет сипаса, менің мақсатымның орындалғаны.

Зәкеш Кегенбаева,
зейнеткер

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button