Қоғам

Ағаш өңдеудің елімізде жоқ тәсілін қолданады

Ағаш өңдеудің елімізде жоқ тәсілін қолданады


Ежелгі кітаптардың бірі – Інжілдің хабарлауынша, Жаратушы Нұх пайғамбарға: «Сен мықты ағаштан үлкен кеме жаса», – деп әмір еткен екен. Ағаш өңдеу кәсібіне алғаш қадам жасалған сол кезден бастап адамзат баласы бүгінге дейін табиғаттың осы бір байлығын игеруді үзген емес. Керісінше, үсті-үстіне жетілдіре түсуде…

Өткен жылы облыс орталығында «KazWoodGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ағаш-полимерлік композиттер (материал) шығаратын зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін өндіре бастаған. Содан бері бір жылдан сәл астам уақыт өтсе де, заманауи кәсіпорынның сапалы һәм бірегей инновациялық өнімдеріне сұраныс күшті. Оның да себебі бар. Мұндай құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын әзірге елімізде Өскеменде ғана бар. Өзге аймақтарда жоқ. Сондықтан болар, өңірдегі тұтынушыларды айтпағанда, сонау Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Орал қалаларынан тапсырыс беретіндер көп. Биыл зауыт басшылығы Маңғыстау, Атырау облыстарының нарығын жаулауды көздеп отыр.

– Бұл кәсіпті біз 2014 жылы қолға алдық. Оған дейін ағаш өңдеумен айналысқанбыз. Ағаш өңдеу кезінде қалдықтар көп артылып қалатынын байқадық. Ойлана келе, оларды өңдеудің тиімділігін ұқтық. Біраз ізденіп, ақыры ағаш-полимерлік композиттер шығаруға кірістік. Нәтижесінде елімізде баламасы жоқ бірейгей инновациялық өнімдер шығаруға мүмкіндік туды, – деп әңгімесін бастаған ««KazWoodGroup» ЖШС-нің директоры Рашид Альчинбаев XXI ғасыр материалының бүкіл қасиеттерін жіпке тізгендей айтып берді.

Директордың сөзінен білгеніміз, ағаш-полимерлік композиттің қолданылу аясы тым ауқымды. Қарапайым қоршаудан бастап ойын алаңқайларын, гүл бақтарын, террасаларды, ғимараттардың алдын, жағажай алаңдарын және басқа да сәулет-құрылыс нысандарын жайластыруда пайдаға жаратылады екен. Ылғалға төзімді болуы бассейн мен кемежай құрылысында қолдануға қолайлы.

Сондай-ақ ол шірімейтін, пішінін өзгертпейтін, аса берік, мүк пен паразиттер, кеміргіштер, жәндіктер зиян келтіре алмайтын, атмосфера әсерінен еш бүлінбейтін сипаттарға ие. Құрылыс жұмыстары кезінде қиындық туғызбайтыны, кесіп-жонуға, шеге қағуға, басқа да бекіткіш бөлшектерді қолдануға ыңғайлылығы және бар. Былайша айтқанда, аптап ыстық пен ақшұнақ аязға қатар төзімді, жауын-шашыннан қорықпайтын ерекше қасиетінің арқасында дамыған елдерде ағаш-полимерлік композиттерге деген сұраныс күн санап артып келеді.

«KazWoodGroup» серіктестігі жүзеге асырған үлкен жобалардың бірі – Астанадағы орталық саябақтың жағажай аумағын қайта қалпына келтіріп, жайландыру. Өскемендік зауыттың өнімдері пайдаланылған жобаның орындалу сапасын, құрылыстың сән-сәулетін көзімен көрген Елбасы өзінің оң бағасын беріпті.

«KazWoodGroup» зауытының қолтаңбасын Өскеменнің бірқатар жерлерінен де анық көруге болады. Атап айтсақ, былтыр салына бастаған жылы аялдамалардың жобасы құрылысында пайдаланылған материалдар түгелдей аталған серіктестікке тиесілі екен. Тек құрастыру жұмысын ғана тендер арқылы басқа фирма жеңіп алыпты.

Бұдан бөлек қаланың екі ауданындағы полиция павильондары, А.Күленов кентіндегі ашық аялдамалар, Комендантка арнасын қайта абаттандыруда орнатқан қоқыс жәшігі мен орындықтан бастап барлық гүлзарлар, шағын көпірлер, жаяулар жүретін жол – бәрі-бәрі осы ағаш-полимерлік композиттен жасалған. Бірегей материалдың артықшылығы сол – берік. Оны оңайшылықпен қирата алмайсыз.

– Қыста тапсырыс аздау. Жұмыстың нағыз қызатын шағы жаз маусымы. Сондықтан алдағы наурыздың соңынан өнімдерді шығаруды бастаймыз. Зауыттың жобалық қуаты жылына 500 тонна дайын тауарға есептелген. Биыл осы межеге жетеміз деп отырмыз. Алайда, болашақта жылдық қуатты 750 тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік бар, – дейді Рашит Альчинбаев.

Иә, расымен де қыстыгүні өнеркәсіп орны дамылдап тұр екен. Біз барғанда шағын цехтың іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Компьютермен басқарылатын соңғы үлгідегі шетелдік қондырғыларды сол жерде жүрген бірен-сараң жұмысшылар алдағы науқанға сақадай сай әзірлеп қойыпты.
Зауыттың бас инженері Владимир Соловьев бізге шетелдік қондырғылардың қалай жұмыс істейтінін, инновациялық өнім қалай өндірілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, негізінен шикізатқа ағаштың ұнтағы мен түрлі қоспалар пайдаланылады екен.

– Алдымен кәдімгі ағаш қалдықтарынан ұнтақталып, ұн жасалады. Одан кейін ұнды полимермен араластырып, сапасын арттырғыш, бояғыш, біріктіргіш заттар қосып жоғары температурада қыздырамыз. Дайын болған иілгіш массаны автоматпен нығыздау арқылы қажетті өнімдер аламыз. Дәлірек айтқанда, тақта, қоршау, қабырға қаптағыш, төбе жабыны, орындық, күнқағар, тротуар сияқты әртүрлі құрылыс материалдары жасалады, – деп нақтылады бас инженер.

Ағаш ұнтағынан жасалғанымен, мұндай құрылыс материалының беріктігі таңғалдырды бізді. Жобалау бөлімінің бас маманы Александр Чехонадскийдің айтуына қарағанда, ағаш-полимерлік композиттердің кепілді қолданыс мерзімі кемінде 15 жыл. Ал жалпы қызмет көрсетуі 20 жылдан асып кетеді. Осы уақыт ішінде ол түр-түсін, пішінін еш өзгертпейді екен.

Ағашты терең өңдеу арқылы жоғары технологиялық композитті, экологиялық таза материалдар шығаратын бұл зауыт өткен жылы облыстың кәсіпкерлерді қолдау Картасына енген жеті инновациялық жобаның бірі ретінде танылған. Әзірге меншікті қаражат есебінен жұмысты жүргізіп, жиырмадан астам адамды еңбекпен қамтып отырған «KazWoodGroup» ЖШС басшысы Рашит Альчинбаев алдағы уақытта мемлекеттен қолдау болса, кәсіпорын қызметін кеңейтіп, өндірілетін тауар түрлерін мейілінше көбейтуге мүмкіндік туатынын жасырмады. Ол үшін барлық жағдай бар. Шикізат жеткілікті. Бұл Шығыста ағаш іздеп алысқа бармайсыз, ең бастысы.

Керек дерек

Ағаш-полимерлік материал дегеніміз – 60% ағаш ұнтағы, 30% полиэтилен (экологиялық таза полимер), 10% материалдың қорғаныш қасиетін арттыратын (қызуға төзімді, шіруден, көгеруден, зиянкестерден, күн сәулесінен қорғайтын) жарыққа төзімді тұрақтандырғыштар мен түрлі-түсті пигменттерден тұратын композициялық қоспа.

Cерік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button