Қақаған қыста шөпті өртеп кеткен кім?

Күршім ауылының жанындағы «Жаңа баз» қыстағындағы «Рахимов С» қожалығы қора жайларының айналасына түгелдей бақылау камераларын орнатып жатыр. «Сақтықта қорлық жоқ», күзетті күшейтіп жатқан шығар дегенбіз. Бірақ бұл ауыл шаруасының шарасыздықтан барып отырған соңғы амалы екен. 4-қаңтар күні қожалықтың ала жаздай жинаған шөбін қаскөйлер түн ішінде келіп, өртеп кеткен.
Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын, жабы жылқыларын өсіріп, мыңдаған қаз, тауық бағып, 20 отбасын жұмыспен қамтып шаруашылығының тасы өрге домалап тұрған қожалық қыстың ортасына жетпей жатып, бір-ақ түнде осылай бар малының азығынан айырылып қалған.
– Қора-жайдың арғы жағына жиналған екі жал шөптің күлі ғана қалды, міне, – дейді шаруашылық иесі Бекен Рахимов. – Өрт түнгі сағат екіде басталған. Шөп үйден оңаша жерге жиналған. Бала-шаға баратын, темекі тартатын жер емес, оның үстіне түн ортасы ауған шақ. Өрт қаупі мезгілі күшейетін жаздың күні де емес, қақаған қыста бірнеше табын малдың бүкіл шөбі өртеніп кетті. Қазір малды тебінге жайып, көктемге аман-есен жетудің қамын жасап, ілдемелеп күн көріп жатырмыз.
Осы оқиғаның алдында ғана 30 – желтоқсан күні Күршім өңіріндегі Жанболат Кәрімбаевтың қожалығының шөбін де белгісіз біреулер өртеп кеткен. Екі өрт оқиғасы да полицияға хабарланып, жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанымен, қаскөйлердің кім екені әлі белгісіз болып отыр.
Күршім аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бауыржан Оразғалиевтың айтқанындай, Күршім ауданында соңғы жылдары тұрғындар, шаруашылықтар шөбінің өртену оқиғалары етек алып барады. «Рахимов С» шаруашылығы шөбінің өртенуі де қасақана өрт қою деп тіркелінген. Былтыр Сарыөлең ауылдық округінде қасақана шөп өртеу оқиғалары көп орын алған. Шөп иелерінің шырылдап, тәртіп сақшыларынан көмек күткеннен басқа қандай амалы бар? Тергеу жұмыстары жүргізілгенімен, қылмыстар ашылмай қалған.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бауыржан Оразғалиев өткен жылы 44 өрт оқиғасы тіркелгенін айтады. Бұрнағы жылы Күршім ауылында пештен шыққан улы газдан иіс тиіп, төрт адам қайтыс болған, біреуі – бала. Былтыр иіс тиіп, өрттен қайтыс болу оқиғалары тіркелмеген. «Өткен жылы Күршім ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен төрт отбасына автономды дабыл қондырғысы тегін орнатылып берілген. Құрылғы текке құрылмағанын көрсетіп отыр. 2018 жылы Абылайхан көшесінде тұратын Бақыт Адалбаеваның үйіне орнатылған дабыл нүктесі бірнеше рет дабыл қағып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Сондықтан аталған қондырғыны көптеп алып, орнатуымыз қажет», – дейді өрт қызметінің маманы.
МАЛ ҰРЛЫҒЫ БИЗНЕС КӨЗІНЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ
-Біздің ауданда қасақана өрт қою оқиғаларымен бірге мал ұрлығы жылдан жылға өршіп барады. Өзім – аудандық мәслихаттың депутатымын. Осы мәселені көтеріп те, айтып та жүрмін. Халықтан маған келіп түсіп жатқан арыз-шағымдардың дені мал ұрлығына қатысты болып отыр. Полицияға арыз түсірмей отырған тұрғындар да бар. Былтыр күзде өзімнің 25 бас сиырымды өрістен ұрлап кетті. Менің маңайымдағы шаруашылықтардан да ала жаздай қаншама мал жоғалды. Қарап отырсам, былтыр ауданда мыңға тарта мал ұрланған. Бұл бүгінгі күні мал ұрлығының үлкен бизнеске айналып бара жатқанын, мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін екенін көрсетеді. Бір мың бас ірі қара жоғалса, әрқайсысын екі жүз мыңнан деп есептесең, 200 млн. теңге екен. Былтыр бір ғана Боран ауылдық округінен 170 бас жоғалған. Ауылда тұрып жатқан елдің, кәсібін дамытып жатқан кәсіпкердің алаңсыз жұмыс істей алуы үшін алдымен тәртіп сақшыларының қызметі, құқық қорғау органдарының жұмысы ширау керек. Одан соң сол мал ұрлығын жасаған қылмыскерге қатысты заң қатаю керек – дейді шөбі жанып, малы ұрланып, шаруашылығының шырқы бұзылып жатқан қожалық иесінің бірі, аудандық мәслихат депутаты Бекен Рахимов.
Күршім аудандық полиция бөлімінің деректері бойынша, былтыр мал ұрлығына байланысты аудан тұрғындарынан 16 арыз түскен. Мал ұрлығының алтауы ашылған.
Жанаргүл Мұқатай