Руханият

Аға буын жастармен жүздесті

Аға буын жастармен жүздесті


Облыстық Пушкин атындағы кітапханада Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаевтың «Тау тұлғалы талант» атты жастармен кездесу кеші өтті.

«Жас Отан» жастар қанаты мен аталмыш кітапхана тізе қосып қолға алған әдеби кешті Жастар жылының құрметіне өткізіпті.

Кешке С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген бастаған басшылар мен өңірдің зиялы қауым өкілдері, шығармашылыққа жаны құмар оқушылар мен студенттер қатысты.

Кеш тізгінін ақын Гүлнұр Зұлқаршынқызы ұстаса, «Шамшырақ» шығармашылық орталығының талантты жастары ақын шығармаларынан шағын көріністерді сахналады. Ел жүрегін елжіреткен солардың бірі ақынның жары Гүлжан апаймен танысу сәті болатын. Сонау жылдардың еншісінде қалған сол бір тәтті сәт ақын жарын да толғандырмай қалған жоқ. Көзіне жас алып тұрып, өткен сәтін тебіреніспен еске алды. Ал қаламгердің үзеңгілес жолдасы Түсіпхан Түсіпбеков ақынмен алғашқы танысу сәтін баяндаса, ақын Серік Құсанбаев қара домбырамен қазақ әндерін төкті.

Ал жас ақын Естай Жаңабай жерлес ақын Мерей Қарттың Елбасыға айтқан «Әдебиет академиясын» құру туралы ұсынысына қатысты пікірін сұрады.

– Жалпы кеңестік дәуірде ақын-жазушылар мен журналистерді мемлекекеттік идеологияға пайдаланды. Ал Тәуелсіздік жылдары айналдырған жалғыз Жазушылар одағын қоғамдық ұйымға айналдырып жіберді. Мерей «Әдебиет академисының» арғы жағын қаншалық түсініп айтып отырғанын білмеймін, бірақ ол үшін академияның мықты базасын жасап алу керек, оған мықты педагогтар керек. Ол академия менің ойымша міндетті түрде ақылы болады. Жазған кітаптарына қаламақысын төлемей отырған мемлекет, ақысыз академия құрып береді дегенге сену қиын, – деді Әлібек Қалиұлы.

Кешті ұйымдастырушылардың бірі Маржан Бақытқызы «Білім орталығы» жобасы аясында өткен бұл шараның әлі де жалғасын табатынын айтады.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button