Қоғам

Аға атанған не сорым?

Аға атанған не сорым?

Өскемендегі қаламгер ағаларым мені барған бетте облыстық газеттің бас редакторы Мұқан Әбуғалиевтің алдынан бір-ақ шығарды. Ол кісі әрқайсысы шаңырақтай екі көзәйнегін кезек-кезек ауыстыра киіп қарап, менің бетіме сүзіле, үңіле отырып, фамилиямды естіген соң, кейбір шимай-шатпағымды есіне түсіріп, шырамыта кетті. Сөйтіп бірден жұмысқа алындым. Бірақ бұрын бос тұрған тілшілік орындарға ҚазМУ-ді тәмамдап келеен екі журналисті қабылдап қойған екен, мен тапсырмамен мақала жазып тұратын «корректордың көмекшісі» болып іске кірістім.

Аға атанған не сорым?

– Сен бүгіннен бастап «Ұлыаға» атанасың. Біз бәріміз де сені Ұлыаға дейміз. Ұлыаға! Естідің бе? Осыған құлағыңды үйрете бер, –деді сол күндері ақын Серік Ғабдуллин бүкіл жұрттың көзінше.
Мектепті жаңа бітірген, он жетіге енді толған мен оның бетіме былшитып тұрып «Ұлыаға» дегеніне қысылып қалдым. Кекетіп, әжуалап тұрғандай көрінді.
– Сен қысылма, біздің газетте бір-бірімізді «аға» деп атау, «аға» деп сөйлеу баяғыдан бері дәстүрге айналған, – деді жазушы Мүсілім Құмарбеков. – Мысал үшін, Кеңес Юсупов – «Кеңаға», Серік Ғабдуллин – «Серіаға», Заутдин Шәмшиев – «Зәуаға», Қуанбай Қозыбаев – «Қуаға», Жүніс Ибраев – «Жүнаға»! Міне, көрдің бе? Біз бәріміз де ағамыз. Аға бола білу керек. Аға деп сыйлай білу керек. Мына менің екі атым бар: бірі – «Мүсаға», екіншісі – «Данышпан». Өз басыма екіншісі көбірек ұнайды. Өйткені мен өзім бала кезімнен данышпан екенімді білемін. Бірақ мұндағы дәстүрден шыға алмай, амалсыздан «Мүсаға» болып жүрмін. «Ұлыаға» дегенге әлі-ақ, құлағың да, етің де үйреніп кетеді. «Қуаға» мен «Жүнағадан» жақсы ғой…
Сөйтіп мен ойламаған жерден бір-ақ күнде «Ұлыаға» атанып шыға келдім. Алғашында әкемдей адамдар маған «Ұлыаға» деп жатқанда, жерге кірердей ұялатын едім, келе-келе шынымен-ақ көндіге бастадым. Редакциядағы ең жасымын, полк баласындай ерке болмасам да, әлдебір қумүйіз ағамыздан басқасы арқамыздан қағып жүрді. Жауапты хатшымыздың жарты сөйлем жаза алмайтын сол бір макетші орынбасары мені көрсе қарадай жиырылып: «Аяқ астынан мынау ақынсымақ қайдан келді? Кімнің кадрі өзі? Оқу бітірмеген шалапұшықты кім әкелді? Бұл блат дегеннің кірмейтін жері жоқ!» – деп мені ә дегеннен қырына алып, әр жерде іліп-қағып, шанши сөйлейтін болды, «отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» қылып, мүйіздей бастады. Басқалар мақұлдаған мақалаларымды кейде өзінше шимайлап, қысқартып, «құлағын кесіп құнтитып, мұрынын кесіп шұнтитып» жіберетінін білдім. Үлкенді беттен алу деген жоқ. Ыза болып, сыртқа шыға жөнелемін. «Бүйткен газеті құрсын» деп ауылға тартып кетсем бе деп те ойланып қоямын. Осы газетте бұрын істеген Оралхан Бөкеевтың өзі осындай біреудің қысастығына төзе алмай, жұмыстан кетіп қалды деп естігенмін.
Сол күзде Өскеменнен Алматыға Жарасқанға жолдаған өлеңдерім сүрленіп көп жатқан жоқ, «Жалын» журналының жаңа жылдық беташар санының ең бірінші бетінде мойыным қылқиып, көзім ежірейген, шашым едірейген суретіммен жарқ ете қалды. Өлеңдерім көл-көсір көп, үш-төрт бетке көсіліп жатыр. «Көздеріңе ғашықпын» деп аталатын топтама. Ішінде Сағат Әшімбаевпен пікірлескеннен түйген екі шумақ өлеңім де бар. Бір дәуірлеп қалдым. Жарасқан ағама алғысым шексіз. Осыдан бастап, редакциядағы әдебиетке қатысы бар, қатысы жоқ ағаларымның өзі менімен санаса бастады. Заутдиннен бастап:
– Ұлыаға, өлеңіңді жу, – дегендер шықты. Алғашқы айлықты да жуғызған. «Жалынға» жаңа шыққан өлеңдерімді де жудым және өлең жуу дегеннің не екенін біліп қалдым.
– Ұлыаға, мынау тырнақ көптен бері жас ет жемегеннен жібімей жүр. Сен мені бір дұрыс жерге апарып, түстік әперіп, осы тырнақты жақсылап жібіт. Анау Ошағаң мен Хадағаңды ертіп алайық, – деді жақын жегжатым Қасымхан Малаев ағам. Әпердім. Тырнағы да, өңеші де жібіп, көңілденіп қайтып келе жатқанда, мені оңашалап: –Мынау бір генеральский обед болды. Біздің үйде бала-шағаның көп екенін білесің. Соларды асырау бұл ағаңа оңай соқпайтынын байқаған шығарсың. Диктовкамның арқасында ілдалдалап жан бағып жүрмін ғой. Екеуіміз жақын туысқанбыз. Сен екі күн демалыста біздің үйде жатып, менің атымнан өлеңмен үлкен бір очерк жазып бер. Жан адам білмесін. Өлең-очерктің қаламақысы жақсы болады. Өзім де жазар едім, бірақ сенің жазғаныңдай болмайды ғой. Сөйтіп, ағаңның абыройын бір көтеріп таста. Тақырыбын, фактісін өзім айтамын. Сонсоң… анау «Жалынға» шыққан өлеңдеріңнің қаламақысын маған байла. Әкең де солай істер еді. Жалғыз басыңды асырауға айлығың да жетіп жатыр ғой. Қаламақыны қайтесің? Сыйла, маған! Келістік пе, Ұлыаға? – деді. Мен келіскен түрмен басымды амалсыз изеп едім, «ендеше әкел қолыңды!» – деп қолма-қол қол алысып, өзі кесіп жіберді.
Қасағаң – қоғамдық тілшілерден өскен бұрынғы мұғалім, өзі лирикаға да килігіп қоятын сатирик, өмірі қолына қалам алып мақала жазбайтын, блокнотына фактіні түртіп алса болды, машинкаға бірден ауызша айтып бастыратын, суырыпсалма журналист. Табиғатты суреттегенде, қаламмен жазғаннан артық төгілдіретін еді. Бәріміз таңғаламыз.
Аға – өзімдікі. Айтқанын қылдым. Мен жазып берген өлең-очеркі лездемеде қатты мақталып, ақын аты аспандап, мені үйіне қонақ етті. Ара-тұра:
– Әй, Ұлыаға, «Жалынның» қаламақысын менсіз алып, жұмсап қойған жоқсың ба? – деп пысықтап жүреді.
– Жо-жо-жоқ! – деймін.
– Байқа! – деп тырнағы жіби бермейтін саусағын безеп қоятын.
Күндердің күні болғанда Жарасқан шығарған өлеңдердің қаламақысы да келіп жетіп, Қасымхан ағама тұтасымен апарып, шып-шырғасын шығармай қолына тапсырдым. Ол да риза, мен де риза.
Өйткені мен бұдан былай жай бала емес, «Ұлыаға» болдым ғой! Оңай деймісің?

(Естелік Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» кітабынан алынды)

Осы айдарда

Back to top button