Руханият

Ақ жейдеге әженің жасы тамып тұрды

Ақ жейдеге әженің жасы тамып тұрды

Айсезімнің ата-анасы Өскемен қаласында болатын қыз ұзату тойына жиналған болатын. Ол кісілерді қалаға апаратын көлік те келді. Жолға қамданған Тасқын мен Айсәуле сарқытқа тыңқия толған жол сөмкелерін ала салып көлікке қарай асықты. Айсезім мен үйдің қарт анасы Нурикамал апа дорбаларының бір жағынан ұстасып, өзінше демеп келеді. Жол дорбаларын көлікке салып жатып, Айсәуле қызына, «Үйге бас – көз бол» деп ақылын айтып жатыр.
Айсезім мәшине көз алдынан ғайып болғанша, жолға қарап тұрды. Бірде «Қызым, жылдамдатып таңғы шайымызды ішіп алайық, содан кейін ауылдың жоғарғы жағындағы ләпкеге барып келейікші» деді апасы. Ләпкесі қазіргі тілмен айтқанда дүкен дегені еді.
Әжелі-немерелі екеуі шайларын ішіп болған соң, дүкенге қарай бет алды. Екеуінің қимылы жайбарақат. Немере қызы апасы шаршап қалмасын деп баяу жүріске көшті. Нурикамал апа болса шаршағанына қарамай, әңгімесін айтып келеді. Бір кезде шаршағанын сезді ме, сөз арасында «мұндайда жайшылықтағы қаптаған көліктің бірі де кезікпейді» деген сөзді қызына қайталап айта берді. Айтып ауыз жиғанша бір ақ түсті көлік анадайдан көрінді. Әжейдің жүзі жадырап кетті. Көлік таяп қалғанда, қолын бұлғап еді, көлікті жас жігіт тізгіндеген екен, терезеден бежірейе, «мыналардың есі дұрыс па?» дегендей қарады да, газды құтырына басып, қастарынан зу етіп өте шықты. Әжейдің еріні сылп етті.
«Егер шұлық сатып алсам, балам үйленер, бір шаңырақтың иесі болар деп ырымдап келемін» дейді әжесі немересіне.
Жайлап жүріп дүкенге жетті. Киімдер тек дүкеннің екінші қабатында сатылады екен. Айсезім апасының білегінен демеп, екінші қабатқа да жеткізді. Дүкеннен іздегенін тауып, сатып алды. Бірақ, екінші қабаттан аяқ-қолы дірілдеп, Нурикамал апа әрең түсті. Десе де, ақ жейде мен шұлықты баласына сыйлайтын болдым деп, балаша қуанышын жасырмады. Немересіне батасын берді. Үйге қарай шыға салысымен, жандарына бір көлікті адам келіп тоқтай қалды. Ол өзінің бұрынғы көршісі Ерсайын екен. Екеуі мәре-сәре болып қалды. Лезде үйіне жеткізгені үшін Ерсайынға Нурикамал апа алғысын білдіріп, шайға шақырды.
Тойға кеткен ұлы мен келіні қайтып келді. Көп ұзамай Нурикамал апа да қаладағы үйіне келді. Кенжесінің туған күні кезінде арнайы сатып алған ақ жейде мен шұлықты баласына сыйға тартты. Елжан болса әлгіні көріп, анасының қолынан жейдені лезде жұлып алып, еденге лақтыра салды. «Мұндайыңды мен кимеймін, неменеге алып жүрсің?» деді де асығып үйден шығып кетті. Ақ жейде еденде қалды, Нурикамал апаның көзінен аққан тамшылар ақ жейдеге тамып жатты.

Алтынай Асқарқызы

Осы айдарда

Back to top button