Руханият

Ақын мұрасын Барнаулда паш етті

 Ресейдегі Алтай мемлекеттік университетінде «Орталық Азиядағы білім-ғылым және мәдени кеңістіктегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында өткен стратегиялық сессия барысында ұлы ақын, гуманист, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды.

Азия университеттері қауымдастығының қолдауымен өткен іс-шараға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріндегі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Көшпелі көрме Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ,  облыстық ішкі саясат,  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармаларының қолдауымен ұйымдастырылды. Экспонаттар Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстан жолы және Н.Назарбаев» кафедрасының кабинетінде қойылды.

– Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Ұлы ақын, философ, композитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Хакім Абайдың еңбектері даналыққа, әділдікке үйретеді. Еңбексүйгіштікке және бауырластыққа шақырады, – деді халықаралық кездесуге қатысқан  ШҚМТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина.

Көрмедегі университет экспонаттарын Семейдегі Абай атындағы облыстық мамандандырылған кітапхананың материалдары, атап айтқанда Абайдың және оның саяси қуғынға түскен достарының фотопортреттері, «Абай әлемі» сериясымен шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлы, М.Достоевский, М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, А.Иванов кітаптары толықтырды.

Алтай мемлекеттік университетінің ректоры С.Бочаров құттықтау сөзінде әлемдік мәдениеттің ұлы қайраткері Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған көрме жастар арасында гуманизм идеяларын, жалпыадамзаттық құндылықтарды таратуға ықпал ететінін атап өтті. Семейдегі Шәкәрім университеті ректорының кеңсе басшысы М.Әбдікәрімов, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің проректоры С.Тиллебаев, Барнаул қаласындағы «Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы» Алтай аймақтық қоғамдық ұйымының басшысы М.Бекмұратов Абай мұрасын әлемге танытудың маңызын атап өтті.

Көрме ұйымдастырушылары Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстан жолы және Н.Назарбаев» құрметті кафедрасына «Абай әлемі» сериясымен шыққан туындыларды және философия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Абай клубының  жетекшісі болған Е.Григорьевтің «Адам бол», «Абай және Алаш қозғалысы», «Прометей Великой степи» сияқты бірнеше еңбегін сыйға тартты.

Сонымен қатар  Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері Әділет Қасақаев пен Аяужан Аянқызы Абайдың өлеңдерін оқып, челленджді Алтай мемлекеттік университетінің студенттеріне тапсырды. Өз кезегінде ұлы Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқыған Алтай мемлекеттік университетінің студенттері эстафетаны жақында тағайындалған Ресейдегі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаевқа жолдады.

Көрме екі апта бойы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Алтай университетінің студенттері мен Барнаул қаласының тұрғындары ұлы Абайдың бай мұрасымен танысуға мүмкіндік алды.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button