Қоғам

Ақтоғайда денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Тұңғыш Президент күні Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Құрылысы өткен жылы басталған жобаның жалпы құны – 277,4 млн. теңге. Соның 95,4 миллионы былтыр игерілсе, биыл қалған қаржысы жұмсалды.

– Жалпы, Ақтоғайда мұндай заманауи денешынықтыру-сауықтыру нысанының ашылуы тегін емес. Ақтоғай – Аягөз ауданының өнеркәсіп орталығы, халқының саны – 7784 адам. Сонымен қатар Ақтоғай еліміздің шығысындағы кен байыту фабрикасы мен карьердің ауқымды жобасы. Ақтоғай мыс және ілеспе өнімі 5 млн. тоннаға жуық әлемдегі ең ірі игерілмеген кен орындарының, стратегиялық маңызды нысандардың бірі. Кентте халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталмыш жоба Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдар қарқынды дамып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту, – дейді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.

Ал бұл кешеннің ашылуы тұрғындарды жұмыс орнымен қамтып қана қоймай, болашақта байрақты бәсекелерде көк байрағымызды әлемдік ареналарда желбірететін жастардың тәрбиеленуіне септігін тигізетініне сенім мол.

Қарқынды дамып келе жатқан Ақтоғай кентінің болашағы зор. Осындағы екі орта мектепте 1146 оқушы оқиды. Кен байыту фабрикасы мен кеніштерде 2277 жұмысшы еңбек етеді.

– Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде арнайы дәріс оқитын бөлме, қоғамдық көпшілік, әкімшілік-шаруашылық, сауықтыру мақсатындағы бөлмелер бар. Денешынықтыру-сауықтыру сабақтарына арналған бөлімде ойын, жаттығу залдары орналасқан. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, теннис секілді ойын түрлеріне арналған зал, спорттық құрал-жабдықтар, киім шешетін, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер орналасқан. Ал тренажер залы мен әкімшілік бөлмелер екінші қабатта. Залдың іші атлетикалық тренажерлар, жүгіру жолдары, велотренажерлер, эллиптикалық тренажерлардан тұратын қажетті спорттық құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ ерлер мен әйелдердің шешініп-киінетін бөлмелері, киім ауыстыру кабинасы мен санитарлық торабы бар жуыну бөлмелері қарастырылған, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай.

Кешен ішіндегі жабық әмбебап стадионда 200 көрерменге арналған мәдени және спорттық іс-шаралар, бұқаралық спорт түрлерін өткізетін секциялар жұмыс істейтін болады. Тұңғыш Президент күнінде Ақтоғай кентінде ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешені болашақта кент жастарының сүйікті орнына айналары сөзсіз.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button