Ақ теңіз тербеген Анталия
Сәуірдің соңында Ақ теңіздің жағасындағы түріктердің туристерден арылмайтын шаћары Анталияға жол түсіп, халықаралық «ЭКСПО-2016» ботаникалық көрмесін тамашалаудың сәті туды.
Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі маңызы зор бұл шара Түркияда алғаш рет өтіп жатыр. «Гүлдер және балалар» тақырыбындағы халықаралық көрме сәуірден қазан айына дейін өтетін болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 112 гектарды алып жатқан көрме аумағына 20 түрлі 25 мың ағаш, 165 мың бұта, 4,5 миллион гүл отырғызылған. Көрме аумағынан ағаштар мен гүлдерден бөлек аңдар мен құстар, үй жануарлары, әртүрлі жәндіктер бейнесіндегі сантүрлі композицияларды көруге болады.
Ерекшелігі сол, олардың барлығы да табиғи өсімдіктер мен тал-теректерді қолдана отырып әрленіп, әшекейленген.
Астанаға келеміз деп отырған туристер көп
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, түрік ағайындардың ботаникалық көрмеге барын сала әзірленгені байқалады. Түркияның әртүрлі аймақтарына арналған, сол аймақтардың табиғаты мен тыныс-тіршілігінен сыр шертетін павильондарды көріп, сол жерлерге барып қайтқандай әсерге бөленгеніміз рас.
Атшаптырым аумақты алып жатқан «ЭКСПО» қалашығында киіз үй пішініндегі қазақтың павильоны бірден көзге түседі екен. Адаспай, тез-ақ таптық.
Қазақстанның павильонымен бізді Алматыдағы Ботаника және фиторепродукция институтының кіші ғылыми қызметкері Сәния Инербаева таныстырды.
– Қазақ даласында өсімдіктердің 6 мыңнан астам түрі кездеседі. Соның ішінде эндемикалық, яғни, тек біздің елімізде ғана өсетін өсімдіктерге көңіл бөлдік. Біздің еліміз қызғалдақтар мен жабайы алманың отаны болып саналады. Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан кең байтақ жерімізде қызғалдақтың 35 түрі кездеседі. Оның 11 түрі тек біздің елімізде ғана бар. Қызыл кітапқа енген сиверс алмасы да тек Қазақстанда өседі. Осы алма мен қызғалдақтың бірнеше түрін сабақ және бұта күйінде көрмеге алып келдік, – дейді Сәния Инербаева.
Қазақстанның павильонына басқа елдердің павильондарына қарағанда туристердің көп келіп жатқанын аңғардық.
-Бірінші күннен бастап көптеп келіп жатыр. Шетелдіктер еліміздің өсімдіктер әлеміне ерекше қызығушылық танытуда. «Осыншама өсімдіктердің барлығы Сіздердің елдеріңізде өсе ме? Не деген көп?» деп қызыға да, қызғана да қарап жатқандар бар, – деген Сәния Инербаева мұнда келушілерге келесі жылы елімізде, Астанада «ЭКСПО» көрмесінің өтетіні туралы айтып, шақырып жатқандарын, туристердің көпшілігі «Қазақстанға барамыз» деп қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді.
Осы жерде біздің еліміздің павильонына жауапты адамдардың бірі, Алматыдағы Ботаника және фиторепродукция институтының директоры Гүлнәр Ситбаеваны кездестіріп, біраз мағлұматтарға қанықтық.
-Қазақстанның павильонына қазірдің өзінде 20-дан астам елдің өкілдері келді. Олар – Ұлыбритания, Германия, Мексика, Корея, Жапония, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан секілді мемлекеттердің туристері. Аз уақыттың ішінде еліміздің павильонына мұншама мемлекеттен өкілдердің келуі үлкен жетістік деп ойлаймын. Шетелдіктер біздің жәдігерлерге ерекше қызығушылық танытып жатыр. Біз ең әуелі «ЭКСПО-2016» көрмесінің барлық талаптарына сай келуге тырыстық. Бұл дегеніміз – еліміздің табиғаты мен тарихын, мәдениетін көрсету. Павильонымызда еліміздің биотүрлілігін, кең байтақ қазақ даласының тамаша табиғатын, онда өсетін өсімдіктер мен ағаштардың барлық түрлерін көрсетуге тырысып жатырмыз. Біз негізінен Анталияның табиғатына бейім, еліміздің Оңтүстік Шығысы, Оңтүстік батыс өңірлерінде өсетін өсімдіктерді таңдадық. Соның өзінде кейбір өсімдіктер жолды көтермей, солып қалды, – дейді Гүлнәр Ситбаева.
Бүгіндері түбірімен жойылған, бұрындары еліміздің әр аймағында өскен, қазір тек суреттерден ғана көруге болатын өсімдіктердің қазба жұмыстары кезінде табылған түрлерінің көшірмелері де Анталияға әкелініпті. Бұл өсімдіктердің дені еліміздің орталық бөлігінен табылған. Институт директоры қазба жұмыстары кезінде табылған өсімдіктердің 500-ге тақау түрлерінің үлгілері бар екенін және бұл бүгінде орталық Азиядан табылған ең ауқымды, ең үлкен қазба болып саналатынын айтады.
-Қазақ даласының тамылжыған табиғатын, мәдениетін, өнерін, тамыры терең тарихын бейнематериалдар арқылы да көрсетуге тырысып жатырмыз. Әсіресе, қазақтың күйі қосылғанда павильон маңына жұрттың көп жиналып қалатынын байқаймыз. Киіз үйді қызықтаушылар да аз емес. Суретке түсіп жатады. Таңбалы тас, балбал тас секілді жәдігерлерді шағын архитектуралық формалар түрінде әкелдік-,дейді институт директоры.
Қалашықты аралау барысында көптеген елдердің павильондарын енді-енді ғана жасақтап жатқанын аңғардық. Миланда өткен көрмеде Қазақстанның павильоны үздік үштікке енгені белгілі. Шет елдіктердің ерекше қызығушылық танытып жатқанына қарап бұл жолы да сондай межеден көрінерміз деп ой түйдік.
Бұл қалаға немістер неге құштар?
Анталияны бір ауыз сөзбен ескі мен жаңаның үйлесім тапқан қаласы деуге болатын секілді. Өйткені, мұнда келген жұрт осыдан қаншама ғасыр бұрын салынған, бойына қаншама сыр мен құпияны бүккен тарихи жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, сәні мен салтанаты жарасқан заманауи шаћарды да армансыз аралай алады.
Жергілікті жұрт Анталияны ескі және жаңа қала деп бөледі екен. Анталияның ең ескі бөлігі, туристердің құмырсқадай қаптайтын жері Калейчи ауданы деп аталады. Бұл аудандағы ғимараттардың дені есте жоқ ескі замандардан сыр шертеді. Сондай тарихи нысандардың бірі – Адриан қақпасы. Бұл қақпа біздің эрамызға дейінгі 130 жылы салынған екен. Аты айтып тұрғандай Рим императоры Адрианның осы қалаға келу құрметіне бой көтерген көрінеді. Осы аудандағы тағы бір тарихы терең ғимараттың бірі Йивли мұнарасын (Ұлы мешіт деп те атайды – А.Қ) 1230 жылы селджук сұлтаны Ала-ад-дин Кей-Кубад салдырған деседі. Қаланың кез келген нүктесінен көзге түсетін бұл мұнара Анталияның символы болып саналады.
Айта берсек, Анталияда әріден тартсақ, ежелгі грек, көне рим, византия, латын империясы, беріден тарқатсақ, селджүктер, Осман империясы кезінде салынған, күні бүгінге дейін шырышы бұзылмай сақталған тарихи жәдігерлер көп. Былай қарасаңыз, сол жәдігерлердің көпшілігінің түріктерге қатысы да жоқ. Бірақ сол нысандардың бүгінгі күнге дейін қалай сақталғанына ғана емес, түріктердің оларды қалай сақтағанына таңғаласыз. Қазақтың «мал тапқандікі емес, баққандікі» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Керек дерек
Анталияның негізін біздің дәуірімізге дейінгі 159 жылы грек патшасы Пергам Аттал ІІ қалаған екен. Оның әуелгі аты Атталия деп аталған. 133 жылы бұл аймақты римдіктер жаулап алады. Римдіктердің қысқы резиденциясына айналып, мұнда император Адриан салтанат құрады. Ұзақ уақыт бойы Анталия римдіктердің билігінде болады, кейінірек Византияның қарамағына көшеді. 1080 жылдары бұл аймақта ислам діні өркениет жая бастады. 1321-1423 жылдары тәуелсіз Хамидогуллар билік құрады. Тек 1423 жылы ғана Анталияны осман-түріктері бағындырады.
Калейчи ауданына аяқ бассаңыз, өзге бір әлемге еніп кеткендей өзгеше күй кешесіз. Кезінде ат арбалар ғана жүрген аядай көшелер мен екі-үш қабатты қоңыр төбелі үйлерден бағзы дәуірдің үнін естіп, рухын сезінгендей боласың. Бұл үйлердің барлығы дерлік тастан қаланған. Құдды, қала баяғы күйінде қалып қойған секілді. Көшедегі көліктер мен сауда дүкендері ғана бүгінгі заманнан көрініс бергендей.
Анталияға туристер әсіресе, Германиядан көп келеді екен. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені, Анталия жеріне ең алғаш аяқ басқан туристер осы, алмандар көрінеді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, түріктердің немістерге ерекше құрметпен қарайтыны осыдан болса керек. Расында, Анталиядан Моцарт пен Гете секілді ұлылардың ұрпақтарын жиі кездестірдік. Суға шомылу маусымы басталмаса да, бассейн жиегінен бойлары теректей, тобылғы түсті сыраны суша сіміріп жүрген теңіз жағасындағы күнге қыздырынған тюленьдердей топталған немістерді көп көрдік. Шал-шауқанына, кемпір-сампырына, бала-шағасына дейін осында жүр. Балалардың көптігіне қарап «Алмандық оқушылар сабақ оқымай ма?» деген ойға қалғанымыз да рас.
Ұйымдастырушылар алты ай бойы өтетін көрме кезінде Анталияға 8 миллион турист келеді деп жоспарлап отыр.
-Әуелде 53 ел қатысады делінген, соңында көрмеге 57 елдің өкілдері келгенін білдік. Бұл – рекорд. Әрине, 8 миллион турист келсе, мұндағы туризмнің одан әрі дамуына әсер етері анық. Бұған толық мүмкіндік бар. Қонақүйлер базасы да, қаланың инфрақұрылымы да, әуежай да осынша көлемдегі туристерді қабылдауға дайын. Анталияға жыл сайын 15, 17 миллион шамасында турист келеді, – дейді бізді Анталияда алып жүрген гидіміз Шамиль Алим.
Бұ халықтың саудаға шеберлігі туралы бұған дейін де сан мәрте естігенбіз. «Бизнес дегенің біреудің ақшасын ұрмай-соқпай тартып алу» деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, бұл жолы түріктердің туристерден ақшаны ұрмай-соқпай алудың жолдарын қалай меңгергенін көзбен көріп, куә болдық. Түріктер қыдырып келгендерден ақшаны қарпып қалудың барлық амалдарын қарастырған деуге де болады. Мәселен, сіз бір дүкенге кірсеңіз, қайтадан сол ізіңізбен артқа шығып кете алмайсыз. Басқа есіктен шығасыз, әрине, шыққанға дейін жол-жөнекей сауда жасайсыз. Қысқасы, қалтаңызды қақпай, ол жерден оңайлықпен шығармайды. Керек болса, несиеге де рәсімдеп береді, әрине, алда-жалда ақшаңыз жетпей жатса. Мәселен, 500 доллар тұратын күрткені көрдіңіз делік, қалтаңызда бары – 300 доллар. Мұндай жағдайда жетпеген 200 долларды елге келіп жіберуге де мүмкіндік береді.
Туристердің Анталияға қызығатынының тағы бір себебі, мұндағы отельдерде \”All inclusive\” жүйесінің жақсы дамығандығы. \”All inclusive\” деген не? Қазақшаға қотарсақ, «бәрі қосылған» деген мағына береді. Мәселен, Сіз Анталиядағы осы жүйеде қызмет көрсететін қонақүйдің бірін таңдасаңыз, (әрине, әуелі ақшасын төлейсіз) тек қана жатар орын, үш мезгіл тамақпен ғана қамтамасыз етілмейсіз. Монша (хамам), жаттығу залы секілді қызмет түрлеріне де тегін қол жеткізесіз. Массаж десеңіз, ол да бар. Бірақ оған төлеуге тура келеді. Басейннің де түр-түрі бар. Балаларға арналған бассейндер де бар. Туристерге арналған бағдарламалар жетерлік. Қаласаңыз, таңертең иогаға барыңыз. Түстен кейін су добын ойнаңыз. Шабытыңыз келсе, арасында ән салып, би билеуіңізге де болады. Қалтаңыз көтерсе, парашютпен секіріңіз, теңіздің астына саяхат жасаңыз (дайвинг). Қысқасы, бәрі ойластырылған.
Анталия көшелерінде сары түсті таксилерден көз сүрінеді. Бірақ «Бағасы қымбат?» деп жұрттың көбі мінбейтін көрінеді. Халықтың дені автобуспен жүреді. Автобустың құны – 2 лир. Біздіңше, 200 теңге шамасында. Мұндағы ең арзан нанның бағасы екі жарым лир (250 теңге), орташа бағасы 3, 3,5 лир (300-350 теңге) тұрады. Жанармайдың бағасы тіпті қымбат. 5 лир. Яғни, 500 теңге.
Тағы бір байқағанымыз, көшелердегі ғимараттардың, мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, бәріне дерлік ту ілінген. Тіпті, бәліш сататын жәшікке дейін ілінген байрақты көресіз.
Мұғалім болмайсың, атанасың
Анталиядағы сапар барысында осындағы Қазақстанның консулдығына арнайы ат басын бұрдық. Бізді консулдың орынбасары Нариман Мелдебекев қарсы алды.
Нариман «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алған екен. Оның айтуынша, Анталияға Қазақстаннан жылына 300 мыңнан астам туристер келетін көрінеді.
-Туристер көп келетін болғандықтан түрлі жағдайлар орын алып жатады. Біреу емханаға, біреу полицияға түседі дегендей. Кейбір туристер жол апатынан зардап шегеді. Жазда күн ыстық. Кейбір қарт адамдардың жүрегі шыдамай, қайтыс болып кететін жағдайлар да болады. Бұрындары осындай әртүрлі жағдайлар орын алған кездері Анкарадағы елшілік пен Стамбулдағы бас консулдықтағы әріптестеріміз келіп, кетіп, екі ортада жүретін. Осындай жағдайларды ескере келе 2012 жылы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен Анталияда консулдық ашылды, – дейді Нариман Мелдебекев.
Қазақстандықтарға көмек қолын созу, қолдау мақсатында құрылған консулдық жетекшісінің орынбасары кейде әлдекімдердің еңбектерін еш қылып жататындықтарын да жасырмады.
-2014 жылы «Гүлнәр тур» туроператорының жүзден астам клиенттерінің ұшақ болмай Анталияда қалып қойғаны белгілі. Оның ішінде мен де болдым. Әріптестерім де жүрді. Бір апта уақытымыз кетті. Тура 8 күн дегенде бітірдік. Бір қызығы, азаматтар әбден демалып, ақшаларын жұмсап дегендей енді қайтатын кезде ұшақ болмай қалған ғой. Бірен-саран ақшасы барлар Украйна, Мәскеу арқылы ұшты. Көбісі осында қалды. Сол кездері «Ойбай, далада қалды» деп шулатқан БАҚ-тар да болды. Бәрін өз көзіммен көрдім ғой. Далада қалған адам болған жоқ. Ақшасы таусылып қалғандарын ұшаққа тегін салып жібердік. Қазақстанда отырғандар мұны білмейді ғой, – дейді Нариман.
Консулдық есепте 408 қазақстандық азамат тұр екен. Олардың дені – Қазақстаннан келген түрік ұлтының азаматтары. Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген олар мұнда көктемде келіп күзге дейін жұмыс істейді екен.
Түркітілдес елдің азаматтарына 20 пайыз жеңілдік бар
Консул орынбасары Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мемлекеттері ішінде ең бірінші болып мойындаған түрік ағайындарымыздың қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын, әркез бауырлас жұрт ретінде бауырына тартып жүретінін мақтанышпен айтты.
-Түріктер қазақтарды ата жұртта қалған бауырларымыз деп есептейді. Байқасаңыз, Анталияда 4-ақ елдің консулдығы бар. Олар – Германия, Ұлыбритания, Ресей, түркітілдес елдердің ішінен Қазақстанның ғана консулдығы бар. Бұл, бір жағынан елдің мәртебесі деп білемін. Осындағы губернатор, вице-губернатор, бұл жақта мүдірлер дейді, қайсысына қандай уақытта барсақ та, бізге есіктері ашық, – деген Нариман мұндағы емханаларда шет ел азаматтарына бағаның бір бөлек, түркітілдес елдің азаматтарына бағаның бір бөлек екенін, яғни, жеңілдік бар екенін (20 пайыздық) айтты.
Анталияда екі университет бар. Бірі – мемлекеттік Ақ дениз университеті, екіншісі – Анталия халықаралық университеті. Екі университетте 97 қазақ студенті білім алып жатыр екен.
Консулдықта осында білім алып жатқан қазақ студенттерімен тілдестік. Әртүрлі мамандық бойынша білім алып жатқан олар университетті бітірген соң елге қайтатындықтарын жеткізіп, Түркиядағы білім жүйесі туралы да ойларын ортаға салды.
-Қазақстандағыдай емес, бұл жақтың мұғалімдері өте қатал. Сөйлессең, тек сабақ жөнінде ғана сөйлесесің. Түркияның білім саласының ерекшелігі дейміз бе, мұнда университет бітіргеннен кейін бірден мұғалім бола алмайсың. Мұғалім атанасың. Мұғалім атану үшін оны қорғау керек. Яғни, университетте алған білімің бойынша емтихан тапсырасыз. Біздегі ҰБТ секілді. Егер емтиханнан өте алмасаңыз, мұғалім атанбайсыз. Қорғай алмағандар мұғалім бола алмайды, – деген Ақ Дениз университетінің студенті Жібек Әбілпазова емтиханнан сүрінбей өтіп, мұғалім атанғандар 2 жарым мың АҚШ долларынан жоғары жалақы алатынын айтты.
PS: Осыдан екі мың жыл бұрын жарықтық Пергама патшасы Аттал ІІ Тавр тауынан асып түсіп, Ақ теңіздің жағасындағы таңғажайып жерге тап болып, шаһар салдырғанда бұл өлкенің ғасырдан ғасыр өткенде өзге жұрттың жұмақ мекеніне айналар деп сірә да ойламаған болар. «… Бізден бұл қалған Еділ жұрт» деп Қазтуған жырау жырлағандай, сол Аттал патшадан қалған жұрт бүгінде түрік баласының игілігіне айналып отыр.
Ал қаншама ғасырдың куәсі Ақ теңіз түк болмағандай кейде ырғала тербеліп, кейде бурадай ақ көбігін шашады. Бәлкім, бірдеме айтқысы келе ме екен?!
Азамат Қасым
(Суреттерді түсірген автор)