Аймақтар аухалыТОП

Ақсуаттықтар ауыз суға зар

Ақсуат ауылы тұрғындары көлдің лас суын ішіп отырғандарына он жылдың жүзі болған шығар. Үш-төрт жыл бұрын күзде  ауылға барғанымызда ұңғыма құдықтың бұзылып қалуынан жағалаудағы  елдің сусыз отырған пұшайман халін көріп, мәселені көтерген  болатынбыз. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тарапынан да көл суының ішуге жарамсыз екендігі ескертілген еді.

Сол сапардан соң іле-шала  қарашадан бастап арнайы «Водовоз» шығарылып, ауылға таза су жеткізіле бастаған. Ауданның атқамінерлері  құм басып қалған су тарату торабының жазда сақадай-сай етіліп, түбегейлі жөнделетінін де хабарлаған.

Абай айтқан: «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», Ақсуаттың тұрғындары  әлі күнге дейін суға зәру. Неге? Ақсуаттықтардың таза су ішетін күні бола ма?

«280 адам тұрғыны бар Күршім ауданының Ақсуат ауылында  2011 жылы Күршім ауданы әкімдігінің «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі–МКК) Күршім ауданы, Ақсуат ауылында орталықтандырылған сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізген.

Алғашында тұрғындар тереңдігі 65 метр болатын ұңғымадан сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Алты  жыл ішінде суда құм құрамының жоғары болуына байланысты 15 сорғы ауыстырылды. Санитарлық нормаларға сәйкес, Ақсуат ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі күні МКК-мен тереңдігі 350 метр ұңғыманы бұрғылау мәселесі қарастырылып жатыр.

Осы іс-шараны іске асыру үшін Күршім ауданының әкімдігі биыл аудандық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім дайындап жатыр», – деген жауап келді біздің сұрағымызға Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Н.Рамазановтан.

Жыл сайын қарастырылып бітпейтін, салынып бітпейтін бұл қандай құдық?!

Жанаргүл Мұқатай

Күршім ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button