Руханият

Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап…

Кейде ауылды сағынғанда, самаурынның шайын да  еске алатынымыз шындық қой. Екі иінінен дем алған сары самаурынның ыстық шайын кім сағынбайды дейсің! Шіркін-ай, сексеуілдің шоғына қайнаған самаурынның шайы қандай тәтті еді! Қазір ғой ауылдан алыстаған сайын самаурынның шайы да көзден бұл-бұл ұшып барады. Ол ол ма, сары самаурынның өзін де тек музейлерден көретін болдық.

 Жалпы, самаурын қазақ даласына 19-шы ғасырда келгенімен,  ұлтымыздың табиғатымен біте-қайнасып кеткен тұрмыстық бұйым.   Тіпті самаурынды қазақтың өзінің  төл бұйымы секілді көретініміз  де шындық. Самаурын – қазақтың қонақжайлылығы мен кеңпейілдігінің, берекелі дастарханы мен байлығының белгісіне айналып та үлгеріпті.  Кейбір деректерге қарап отырсақ, қазақ байлары Ресейде небары 7 сом тұратын самаурынды 20 қойға айырбастап алған көрінеді. Мұның өзі самаурынның қандай құнды бұйым болғанын көрсетсе керек.  Жазушы Сәбит Мұқановтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан өңірінде алғаш самаурынды алдыртқан белгілі бай Есеней көрінеді. Алдыртуы алдыртқанмен, бірақ, самаурынды қалай қайнататынын ешкім білмеген екен. Енді қайтсін, ауыл қазағы үшін  таңсық бұйым ғой. Сөйтіп, Есеней бай көрші ауылдан бір орысты алдырыпты. Әлгі орыс  самаурынды қалай қайнатуды үйретіп,  ақысына Есенейден бір жылқы алыпты.  Есеней өте ырымшыл адам болса керек.  «Шүмегі төмен қарап тұр екен, елді төмен қаратпай қоймас» деп самаурынның шайын ішуден қашқан екен деседі.

Осы орайда Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы жәдігерлерінің ішінде осы самаурынның өзі үлкен бір коллекция. Музейдің орыс этнографиясы бөлімінің  кіші ғылыми қызметкері Р.Нечаевтың айтуынша, мұнда самаурынға қатысты 155 жәдігер бар екен. Оның 131-і  самаурынның өзі болса, біреуі бульотка, жетеуі самаурынның тетігі, 13-і самаурынның астына қоятын табақ. Бұл жәдігерлер 1970 жылдардан бастап жинала бастаған. Кейбірін музейдің өзі сатып алса, кейбіреулерін тұрғындар сыйға тартыпты.

-Өкінішке қарай, музей қорында сақталған самаурындардың көпшілігі бұзылған.  Бірінің су ағатын шүмегі, бірінің ұстайтын құлағы жоқ. Кейбіреулерінің бүйірі шытынаған, майысқан дегендей. Бұл нені білдіреді? Бұл – самаурынның отбасылық құндылық болғанын көрсетсе керек. Бұл самаурындар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып отырған.  Бұларды қалпына келтіру реставраторлардан ұзақ әрі қиын жұмысты талап етеді, – дейді Роман Нечаев.

Музей қызметкері Роман Нечаев самаурынның шығу тарихын терең зерттеп жүрген ғалым.  Айтуынша, самаурынға ұқсайтын бұйымдар осыдан көп ғасыр  бұрын  біраз жерлерден табылған. Италиядағы Помпей қаласы маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде самаурынға ұқсайтын, ортасында цилиндрі бар қола ыдыс табылыпты. Әрине,  бұл ыдыстың суды қайнатуға пайдаланылғаны анық. Мұндай су ысытуға арналған ыдыстар көне Римнен де табылған. Ал самаурынның Ресейде пайда болуы шайдың келуіне тікелей қатысты болса керек. Шайды Ресейге Қытайдан  тұңғыш рет көпес Строганов әкелген екен. Сөйтіп, шай ішуді барлық сословиедегі адамдар сәнге айналдырады. Жалпы,  самаурынға ұқсайтын ыдыстар аннан-мұннан табылғанымен, Роман Нечаев самаурынның өзі орыстікі деп санайды. Орыс самаурыны туралы алғашқы белгі естелік 1746 жылғы Онежский екісыныптық крестік шіркеуінің мүліктік тізімдемесінде жазылған екен. Бұл мұрағаттық құжаттың беттерінде өзге бұйымдармен қатар кернейлері мыстан жасалған екі самаурын атап өтілген. Десе де самаурынның отаны нақты қай жер екендігі туралы  талас-тартыс көп. Пермь өлкесіндегі Суксун ауылы да самаурынның отаны болуға лайық. Деректер арасында алғашқы  самаурындар Заонежьедегі Олонецкий зауытында өндірілді деген де нұсқа бар.

-Қазір алғашқы самаурынның қашан, қай жерде жасалғанын тап басып айту қиын. Бірақ оның пайда болуы Ресейдің экономикалық, саяси, мәдени өмірімен тығыз байланысты екендігі сөзсіз.  Петр дәуіріндегі жаңашылдықтар,  Оралдың кен байлықтарын қарқынды игеру, металлургиялық кәсіпорындардың пайда болуы  орыс халқының тұрмысына да өзгерістер алып келді, – дейді Р. Нечаев.

Самаурындар мен шайнектер, басқа да мыс ыдыстарды өндіру  18 ғасырда Оралда, Ярославта, Мәскеу мен Петерборда, Вологда мен Костромада да  қарқын алыпты.  Десе де Ресейде самаурынның астанасы Тула болып саналады екен. 1778 жылы Федор Лисицын самаурын жасайтын алғашқы шеберханасын ашады. Бұл істің өнімді болғаны соншалық, кейін шеберхана фабрикаға айналады. 1785 жылы  А.Морозовтың, 1787 жылы Ф.Поповтың, ал 1796 жылы М.Медведовтің өндірістері іске қосылады. Жүз жылдан соң Туланың өзінде ғана 77 самаурын шығаратын фабрика жұмыс істеген. Өз кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен династиялар пайда болады. Олардың зауыттарынан шыққан самаурындар, мысалы, Б.Г.Тейле ұлдарымен, ағайынды Шемариндер, ағайынды Воронцовтар, Е.Хоритоновтар мен Д.Салищевтердің бұйымдары   Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорықтың коллекциясының қатарында бар.

Әрине, Ресейдегі «самаурындардың королі»  Баташевтар болғаны анық. Олардың үш фабрикасы болса, соның алғашқысын 1825 жылы Иван Григорьевич Баташев ашыпты. Баташевтардың самаурындарының әйгілі болғаны соншалық, тіпті ірі және ұсақ ұстахана иелері фамилияларының ұқсастықтарын пайдаланып, өз самаурындарына   «Баташевтардың ісін жалғастырушылар мен мұрагерлері» деген сауда белгісін жабыстыруды дәстүрге айналдырыпты.   Мұндай самаурындардың бірнешеуі осы музейде де бар көрінеді. Оның бірінің қақпағында «Паров. Самаурын. Фабрика И.О.Пакин – Туладағы Василий Баташевтің мұрагерінен» деп ойып жазылыпты.

Тула фабрикаларының өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болған. Ресейдің өзіндегі, шетелдегі көрмелердің ешқайсысы бұл фабрикалардың өнімінсіз өтпейтін. Фабрикалардың үздік өнімдері көптеген алтын, күміс медальдарға ие болып жататын.

-Жалпы, Тулада самаурын өндірісінің өркен жаюының да өзіндік себептері бар. Біріншіден, Тула қолайлы географиялық аумақта орналасты. Мәскеуге жақын. Екіншіден, кен орындарына бай өңір. Үшіншіден, Ресейдің ешбір аймағында металмен жұмыс істейтін мұндағыдай шеберлер, ұсталар болмады, – дейді Роман Нечаев. Айтуынша, 19 ғасырдың соңына қарай тулалық фабрикалар жылына 700 мың самаурын өндіріп отырған.

Келе-келе самаурын өндірісі техникалық жағынан жетілдіріліп, қол еңбегі ақырындап механикалық двигательдерге алмастырылады. Кейін 19 ғасырдың 80-ші жылдары самаурын шығаратын фабрикаларда мұнай, бу двигательдері пайдаланылады.

Самаурын өндірісі 1917 жылдан кейін де жалғасын табады. Тіпті Тулада Ленин атындағы самаурын шығаратын зауыт ашылады. Ал 1920-30 жылдары самаурынды бесжылдықтың үздіктерін марапаттау үшін мадақ ретінде пайдаланған. Ал 1950-ші жылдары Туладағы бүкіл самаурын шығаратын өндірістер «Штамп» атты бір зауытқа біріктіріледі. 1956 жылдан бастап зауыт электрлі самаурындар шығара бастайды. Тула қазіргі күні де Ресейдегі самаурын өндірісінің орталығы болып саналады. Б.Ванников атындағы «Штамп» зауыты 20-дан астам самаурынның түрін шығарады. Зауыт өнімдерін әлемнің көптеген елдері сатып алады. Жылдық шығарылым 1,5 миллион дананы құрайтын көрінеді.

– Өскеменде самаурын өндірісі болған ба?

– Бұл туралы мәлімет жоқ, – дейді Роман Нечаев. – Десе де, Өскеменде самаурындарды жөндейтін шеберлер болған. Музейдің қорында самаурынға арналған паяльник бар. Бұл жәдігерді 1978 жылы Бутаковка ауылының тұрғыны Николай Черепанов өткізген көрінеді.

Жалпы, қазақтың да өзіндік шай ішу дәстүрі бар. Шайдың отаны Қытай десек, онда Ұлы Жібек жолының бойындағы халықтарға шай еш таңсық емес екені анық. Тіпті қазақтардың шайды сусын ретінде қолдана бастағаны туралы деректер 18 ғасырдағы орыс, қытай құжаттарында да кездесетін көрінеді. Ал қазақ даласына самаурынның келуі осы дәстүрді байыта түскені анық. Тіпті, сары самаурын туралы өлең жолдары да жетерлік. Әйгілі Кенен Әзірбаевтың «Ойжайлау» әнінің қайырмасында:

Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,

                 Отырса қыз-бозбала күліп-ойнап,

                 Киінген қызғалдақтай қыз-келіншек,

                 Сапырса  сары қымыз, құлан ойнақ,

                 Қуарған қара ағаштай қақиғанша, 

                 Жас шақты өткізейік күліп жайнап,

– деген жолдар бар.

Қалай десек те,  қазақ үшін де сары самаурынның орны бөлек. Сары самаурын екі иінінен әрең дем алып қайнап тұрса, халықтың көңілі де жай болатыны сөзсіз…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button